• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
14 Сәуір, 2016

Адам. Әлем. Атом

291 рет
көрсетілді

«Қазақтұтынуодағы» Қарағанды экономикалық университетінің экономикалық және құқықтық зерттеулер ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Болат СЫЗДЫҚПЕН  арадағы әңгіме негізінен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит туралы болғанымен, Адам, Әлем және Атом атты ұлы ұғымдар арасындағы шым-шытырық байланыстың ауылына да ат шалдырылған еді. – Әлем таразы­сының бір басында адам, екінші басында атом тұр. Адам жеңсе, атом әлемге бейбіт қыз­мет атқармақ. Атом­ның дүлей күші жеңсе, әлемге ажал зәрі себілмек, – деп бастады әңгі­месін ғалым. – Ядро­лық сынақ поли­гондарының ең бір қуаттысы да, қасіреттісі де Кеңестер Одағы басшы­лығының шешімімен Қазақстанда орналасты. Қазақтың еркі ескерілген де, сұралған да жоқ. Ұлы Абайды дүниеге әкелген Семей-Шыңғыстау өңірін­де әуелі жер бетінде, содан соң жер астында және әуеде 50 жыл бойы жиі-жиі сынақтар жасалып, жан-жағына радиациялық зәр ша­шып тұрды. Тек Қа­зақ­станда мил­лион­нан астам адам ра­диа­ц­ияға ұшы­рады... Қазақстан ядролық сынақтар алаңына түбегейлі айналып, ядролық қатер көзі болып тұрған шақта ұлы зерттеуші Ақ­жан әл-Машани әл-Фарабидің 1100 жылдығын әлемдік ауқымда Алматыда атап өткізуге қол жеткізді. Сол кезде Қазақстан бұ­дан да басқа әлемдік ауқымдағы маңызды шаралар өткізе білді. Соларға мұрындық болған тұғыр­лы тұлғалар әлемге танымал. Кеңестік құрсауда тұншыққан Қазақ елінің бұл әрекеттері оның өзінің шынайы келбетін, оның ұландарының ой-әлемінің тереңдігін, қазақы ой мен әрекеттің әлеуетін Жаһанға танытуға деген табиғи талпыныстар еді. Бұл талпыныстар тарих еншісінде қалған жоқ, келешекте өзінің жалғасын тапты. – Елбасының Семей ядро­лық полигонын жабу туралы шешімі мен күні кеше өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте сөйлеген сөзінің арасындағы ұлт мүддесі тұр­ғысынан алғандағы сабақ­тас­тық жайында ой қозғасаңыз... – ХХ ғасырдың соңғы шире­гінде алып империялардың үнсіз де үзіліссіз үдеген үрейлі жарысы шегінен шыға өршіді. Әлемдік қауіпсіздіктің нәзік жүйесі шытынады. Осы кезде әлемдік ауқым­дағы тығырықтан шығудың соны жолын ұсынған тағы да қазақ ұланы болды. Қазақ елінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Абайдың ұлылық ұлағатына сайма-сай келетін шымыр шешім қабыл­дады. Бір Жарлықтың пәрменімен атом сына­ғын тоқтатты. Зарлаған қазақтың көз жасын, көшеге шыққан шерудің толқуын ғана емес, атомдық ыдыраудың адамды аздыруға алып келетін ырықтан тыс дүлей тасқынын бірден бөгеді. Семей полигонын жапты. Невада мен Лобнордағы полигондар содан соң жабылды. Жаратқанның тылсым пәр­мені адам­зат жолын сынақтармен шегендеген. Ендігі сынақтар жа­рылыстар жолындағы атом­­дық емес, жасампаздық жолында­ғы адамдық сынақтар, руха­ни же­тілу, кемелдену сынақтары болса игі! Ядролық қауіпсіздік жөнін­дегі әлемдік саммитте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған жоба­лар­дың негізінде адамзаттың адамдық келбетін сақтау фило­софиясы жатса, келешегінде атом­­ды бейбіт қолдану мұраты тұр жә­не бұл нақты қадамдармен бекіген. Әлемнің кейбір елдері ядро­лық қоқан-лоқы жасаудан әлі де бас тартпай отырғанын, әлемдік дәрежедегі саясаткерлер­дің ара­сында ядролық қауіпсіздік тетік­тері жөнінде бірауыз­дылық жоқ екенін, әлемдік ауқымның өзінде адамдық пейілден гөрі пенделік пиғыл басым түсіп жат­қанын, бұл самитте де біраз мәселе түйткілді болып, ке­йін­ге шегерілгенін ескерсек, қа­зақ­стандық ұсыныстардың құн­дылығы, олардың конс­трук­тивтік мәні арта түседі. – Мемлекет басшысының саммитте АҚШ президентіне полигон құрбаны Кәріпбек Күйіковтің картинасын тарту еткенінен қандай ой түйдіңіз? – Қазақ елі Президентінің тарапынан саммитте айтылған сөз бен атқарылған істер қатарында бойына ұлы ишараны сыйдырған тағы бір әрекет ел назарына түсті. Елбасы Кәріпбек Күйіковтің «Жарылыс» кар­ти­насын АҚШ президенті Барак Обамаға сый­лады. Атом жарылыстары сал­дары­нан екі қолы жоқ болып туған Кәріпбектің қылқаламды аузы­мен тістей отырып салған кар­тина­сында дала төсіндегі жары­лыс, адам және олардың ара­сын бөле әуеге көтерілген қос ала­қан бейнеленген. Картинаның негізгі жүгін арқалап тұрған атом жарылысы да емес, адамның өзі емес, Алладан пана сұрай жал­барына көкке көтеріле жа­йыл­ған осы алақандар. Алақан­ға зәру суретші алақанға әлемдік ауқым бере білген. «Әлем тағ­дыры адамның алақанында», дейді сурет. Әлем қауіпсіздігін алақаннан шығарып алмайық дейді Президент. «Әлемді әр адамның Алақаны аяласын!» – дейміз біз де. Әңгімелескен Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ