Шымкенттегі демалыс орнына зиянын тигізді
Соңғы жылдары Шымкент қаласы адам танымастай өзгерді. Бұрын дендропаркке барған адам ит тұмсығы батпас тайгаға кіріп кеткендей болатын еді. Түнге қалып кетсең, көзге түртсе көргісіз қараңғылық қармап, шығар есікке жеткенше иманың қасым болатын.
Бүгінде сол дендробақ – шымкенттіктер мен қала қонақтарының мың көрсе көзі тоймайтын қызығы. Әрі қарай «Қазына» этнокешені іске қосылып, шымқаланың шырайын ашқан. Алайда, адамдардың бәрі бірдей емес. Ел игілігі үшін егілген сәндік көшеттерді айсыз түнде жортатын қорқаулар қазып әкетіп жатыр. «Қазына» этнокешені қаланың көркі еді. Тек осы жердің өзінен құны 240 мың теңге тұратын төрт арша ұрланған. Әр аршаның құны 60 мың теңге екендігін ескерсеңіз, көшеттерді ұрлап жүргендер – көлденең көк атты емес, бағасын білетіндер.
«Жеңіс» саябағында да бірталай көшет түп-тамырымен қазылып алынған. Шымкент қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Бектұрғанов бүгінге дейін келтірілген шығынның 400 мың теңгеден асқандығын айтады.
Қазір Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің полицейлері Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Мемлекет мүлкіне қараулық жасаған көртышқандардың ініне су құйып, ел-жұртқа масқараламаса, оңай олжаға дәніккендер ниетінен тайынатын емес.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»