немесе зейнеткер әйелдің қуанышы
Аттай 22 жыл. Осынша уақыт отбасынан алыста өмір сүру кімге болса да оңай емес. Таяуда Қызылжар өңірінің полицейлері үй ішінен жырақтап қалған әйелдің туған-туыстарын табуына көмектесті.
66 жастағы Сымбат апа Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының көші-қон полициясына келіп, құжаттарын қалпына келтіруге өтінішін жазған. Көп жыл бұрын есін жоғалтқан әйел өзі туралы нақты деректер айта алмағандықтан, көмекке жергілікті полицейлер келген. Атап айтқанда, полиция капитаны Дана Елеусізова зейнеткерге туыстарын табуға жәрдемдескен. Кезекті рет мәліметтер базасындағы фотосуреттерді көрсету кезінде Жамбыл облысында балалары мен немерелері тұратынын анықтаған. Ол жаққа Сымбат апайдың фотосы жолданып, ұзамай ұлы телефон соққан. Сөйтіп, көп жылға созылған сергелдеңге соңғы нүкте қойылып, бейбақ ана отбасымен табысқан.
Оның алты баласы осыдан 22 жыл бұрын із-түзсіз ғайып болған аналарын қанша іздестірсе де, таппай, шарқ ұрған. Тиісті орындар оны ақырында «өлгендер» санатына қосып, есептен шығарған. 1990-жылдардың ортасында саудамен айналысқан әйел Қарағандыда қылмыскерлердің құрбанына айналған. Есін жоғалтып, ұзақ жылдар бойы қайда болса сонда жұмыс істеп, күн көрген. Қарағандыда бір ер адам оған пана болып, отбасын құрған. Әйел есімінен басқа өзі туралы ештеңе айта алмаған.
Бұдан екі жыл бұрын зейнеткерлер Қарағандыдан Петропавлға көшіп келген. Талай жыл сергелдеңге түскен оған жуырда жеке куәлік тапсырылып, тұрақты тіркеуге алынды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»