қазақ даласы жайлы деректі фильм түсірмекші
Қазақтың киелі топырағында дүниеге келіп, жер шарын шарлап саяхатшы атанған Сапар Ысқақовты біреу білсе, біреу білмес. Ол әлемнің 120-дан астам елін аралап шыққан. Саяхат жасап, әр елдің дәстүрі мен мәдениетіне қаныққан.
Бүгінде Сапар Ысқақов Тәуелсіздікке тарту жасау мақсатында деректі фильм топтамасын түсіруді қолға алды. «Ұлы Даланың мәңгілік елі» атты телетуынды еліміз егемендігінің 25 жылдығына арналады. Фильм 40-50 бөлімнен тұрады.
– Біздің мақсатымыз қазақ тұлпарының тұяғы қай жерге дейін жеткенін көрсету болып отыр. Бұл – бүгінгі ұрпаққа батыр бабаларымыздың жүріп өткен жолын, күш-жігері мен қажыр-қайратын үлгі ету. Сонымен қатар, ақ найзаның ұшымен олардың қандай өркениетті ел құрғанын айту, – дейді Сапар Ысқақов.
Аталған жобада мемлекеттің құрылу тарихы қамтылады. Экспедиция биылғы сәуір айында басталып, осы жылдың қарашасына дейін созылады. Сапар барысында түсірілім тобы Ресей, Моңғолия, Түрікменстан, Әзербайжан, Украина, Болгария секілді бірнеше мемлекетті аралайды.
Айта кетейік, жоба авторы бұл деректі фильмді қазақстандықтарға Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерекесі қарсаңында көрсетуді жоспарлап отыр.
Талғат РАЙЫМБЕК,
«Егемен Қазақстан»