Билл Гейтс грантын жеңіп алды
Қарағандыда тұратын 17 жастағы оқушы қыз Дарья Андрейченко Билл Гейтс грантын жеңіп алып, әлемдегі беделді деген жоғары оқу орындарының бірі – Дьюк университетіне (Duke University) түсу мүмкіндігіне ие болды.
Айта кету керек, Дарья – Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтстің грантына ие болған Қазақстандағы бірден-бір талапкер. Қазір 11-сыныпта оқып жүрген ол осыдан екі жыл бұрын біздегі Ұлттық бірыңғай тестілеудің баламасы іспетті америкалық САТ сынағына өз бетінше дайындала бастаған екен. Табандылығы мен еңбексүйгіштігінің арқасында ағылшын тілінен емтихан тапсырып, онлайн-сұхбаттан сәтті өткен. Енді, міне, әлемдегі әйгілі оқу орындарының бірінен шақырту алып отыр.
Дарынды қыз Дарьяның өзі аталған оқу орны туралы былай дейді: «Бұл университетке 32 мың талапкердің ішінен тек бағы жанған 1700-і ғана түсе алады. Ал дәл мендегідей стипендияға әлем бойынша тек сегіз адам ғана иелік ететін көрінеді. Университеттен оқуға түскенім туралы ғана емес, сонымен бірге, стипендия алу үшін ақтық сынға шыққаным жөнінде де шақырту алғанымда, өз көзіме өзім сенбедім. Мен тіпті, оларға «Бұл қалжың ба?» деп жауап жазып та жібердім...».
Дьюк университетінің табалдырығынан аттағалы тұрса да, Дарья Андрейченко Ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтарына тыңғылықты түрде дайындалып жатыр екен. Мақсатқа жету үшін өзіне-өзі талап қоя білу Дарьядай талантты қыздың бір қыры болса керек.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ