• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Сәуір, 2016

Саясаттанудың жас саңлақтары

337 рет
көрсетілді

мектеп оқушыларының І республикалық «Ә.Бөкейхан» олимпиадасында анықталды Жақында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінде саясаттану кафедрасының ұйымдас­тыруымен қазақтың біртуар саяси қайраткері, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған мектеп оқушыларының Саясаттанудан бірінші рес­публикалық «Әлихан Бөкейхан» олимпиадасы болып өтті. Әлихан Бөкейханов тәуелсіз Қазақ мемлекетін құру туралы идеялардың басында тұрған, ең алғашқы із салушы болған, ХХ ғасырдың басындағы бүкіл түркі дүниесіндегі, жалпы, сол ғасырдың басындағы саяси-азаттық қозға­лыс­тағы планетарлық ойлау жүйе­сі бар, әлемдік өркениет дең­гейіндегі саясаткер, ойшыл, қа­жыр­лы, табанды, осы жолға бүкіл өмірін арнаған, сол жолда өмірін құрбан еткен күрескер. Қазақ халқына алғашқы болып Алаш идея­сын, дербес мемлекет құру, оның мемлекеттік-саяси құрылысының теориялық негізін қалап, қазақ саясаттану ілі­мінің алғашқы із салушысы бол­ған ғалым, саясаттанушы, ойшыл, мемлекет қайраткері. Алаш ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаушы, идеологы, саяси көсемі, Қазақтың автономиялық Алаш мемлекетін құрушы, оның басшысы әрі премьер-министрі. Олай болса, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында мектеп оқушыларының Ә.Бөкейханов бастаған қазақ зиялылары мен сая­си ойшылдарының ілімі мен ісін оқып, танып, ол бойынша олим­пиадаға қатысуға талап жасауы – бүгінгі жас ұрпақтың дүние танымы мен мұрат-мақсаттарының кеңдігін, отаншылдығын, туған елінің, оның біртуар ұлдарының өмірі мен ісін білуге талаптарының жарқын көрінісі екендігі анық. Жастықтың оты жалындап, Әр жүректе жанған шақ, Талаптың аты арындап, Әр қиынға салған шақ, – деп Абай кемеңгер айтқандай, зор талаппен олимпиадаға келген оқу­шылар саны – 133. Бірінші олим­пиадаға қатысушылар қам­тыған жағрапия да біршама кең. Қызылорда, Павлодар, Ақтө­бе, Ақмола, Атырау, Оңтүстік Қа­зақ­стан облыстарынан жалпы жиыны 39 талапкер келді. Ас­тана қаласы мектептерінен 136 оқу­шының қатысуы, сөз жоқ, бәсе­ке барысының қызықты, тар­тысты болуына әсер ететін шығар­машылық ахуалды әр қырлы, әрі сан-салалы биікке көтеретін, қуан­тарлық жағдай болды. Сөйтіп, Қазақстанның түкпір-түкпірінен өз аттарын, өз білімдерін, мектеп аттарын, ұстаз есімдерін республикаға паш етер тамаша, талантты жастар жиналды. Қазақстан Республикасы Пре­зи­денті жанындағы Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институты, Қазақстанның «Ақ жол» демо­кратиялық партиясы, «Егемен Қазақстан» газеті, Қазақстан Рес­публикасының Ұлттық музейі жә­не Ұлттық академиялық кітап­хана, Астана қалалық білім бас­қармасы, «Бақ Орда» компания­сы және басқалар олимпиада демеушілері болғанын айту парыз. Қызылордалық Еркебұлан Қадірбай мен астаналық Жансая Болатбекова олимпиаданың же­ңіс тұғырына көтерілді. Тағы бір астаналық Малика Дос­ма­ғамбетова, павлодарлық Мар­ғұлан Жанбау, астаналықтар Раби­ға Рамазан мен Мирас Би­сем­байұлы екінші орынды ие­ленді. Қызылордалық Азамат Ора­залиев, астаналық Никита Кани­щев, қызылордалықтар Ай­бота Бақытғани мен Бақтияр Өтеулі және павлодарлық Ақбота Жан­сұлтанова, сондай-ақ, астаналық Дана Ауғанова үшінші жүлдені еншілеп, саясаттанудың жас саңлақтары атанды. Олимпиадаға қатысу­шы­ларға естелікке кітаптар мен кә­десыйлар тарту етілді. Сонымен бірге, бел­гілі әншілер Бағдат Сәме­динова, Клара Төлен­байқызы, Айбек Бек­босын оқушы өрендер сайысына қолдау көрсетіп, әсем әндерін сыйлады. Назар ҚАСЫМ