• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
14 Сәуір, 2016

«Асыл Мирастың» кезекті қамқорлығы

485 рет
көрсетілді

Алматыда Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпараттарды тарату күні аясында Болат Өтемұратовтың «Асыл Мирас» жеке қайырымдылық қорының өкілдері еріктілермен және аутизм дертіне шалдыққан балалардың ата-аналарымен бірлесе отырып, әуеге 2 мың көк түсті шар ұшырды. Сондай-ақ, бұл күні «Асыл Мирас» жеке қайырымдылық қоры аутизмі бар балаларды қолдап, «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасын жүзеге асырудағы алғашқы жылы атқарылған жұмыстарына қорытынды жасап, есеп берді. Былтыр Алматы мен Астана қалаларында аутизмі бар балаларды оңалтып, ал, ата-аналары кеңестік және психологиялық көмек алатын «Асыл Мирас» орталықтары ашылып, өз қызметін бастаған болатын. Аталмыш қоғамдық қор басшылыққа алған «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдар­ламасының басты мақсаты – ерте диагностикалау, оңалту, инклюзивті білім беру және әлеуметтік интеграциялау арқылы аутизмі бар балалар мен олардың отбасыларының өмір сапасын арттыру. Бүгінде Қазақстанда, Білім және ғылым министрлігінің дерегі бойынша, осындай диаг­нозы бар 18 жасқа дейінгі 1 956 бала өмір сүруде. Өткен жылы бұл сан 1 456 баланы құраған. Өкінішке қарай, мұндай балалар мен ересектер саны анағұрлым көбірек, өйткені аутистикалық спектрі ауытқуынан (РАС) зардап шегетіндердің бәрі бірдей дұрыс диагностикаланбаған. Сондықтан, «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасы мін­деттерінің бірі – Қазақстанда осыған сай медицина және педагогика мамандарын даяр­лау болып табылады. – Қазіргі таңда аталмыш екі орталықта 200-ден астам бала оңалту курсынан өтуде, – деді «Асыл Мирас» қайырымдылық қорының директоры Марат Айтмағамбетов. – Ал, 400-ден астам балаға тиісті диагноздар қойылды. Бүгінде олардың ата-аналарына консультациялық және психологиялық көмектер көрсетілуде. Біз «Ашық әлем» қоғамдық қорымен бірлесе жұмыс істейміз. Жақын арада осындай орталықтарды Өскемен және Қызылорда қалаларында ашамыз. 2015 жылы орталық мамандары 25-тен астам аутизм мәселелері бойынша әлемдік сарапшылар тренингінен өткен. Алғашқы үш жыл ішінде «Асыл Мирас» қоры 1 мыңнан астам отбасына әлеуметтену мен оңалуға көмектесіп, Қазақстандағы 15 пайыз адам аутизм мәселесі туралы бастапқы білім алуды жоспарлап отыр. Міне, биыл екінші жыл қатарынан Алматыдағы «Dostyk Plaza» ССО жанындағы алаңда «Асыл Мирас» және «Ашық Әлем» қоғамдық қорлары жұртшылықтың назарын көмек, қолдау және оңалтуға мұқтаж аутизмі бар адамдарға аудару мақсатында волонтерлер және аутизм дертіне шалдыққан балалардың ата-аналарымен бірлесе отырып, әуеге 2 мың көк түсті шар ұшырды. Өз кезегінде қордың қамқоршылар кеңе­сінің төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Алмаз Шарман баланың бойындағы аутизм дертін ұзақ уақытқа созылатын бақылау барысында ғана дәл анықтауға болатындығын және бұл үшін тиісті мамандар қажет екендігін айтты. – Ұл балалар арасында аутизм дерті қыздарға қарағанда төрт есе жиі кездеседі. Аутизмнің пайда болуы негізінен генети­калық факторларға байланысты. Қазір еліміздегі аутизм дертіне шалдыққан ондаған мың бала тағы біраз жылда есейіп, ересек өмірге қадам басады. Ал оларға қоғамда өз орындарын табуға көмектесу – үлкен мәселе. Біз осы жағын ойлауымыз қажет», – деді А.Шарман. Айта кетелік, жыл сайын сәуір айын­да әлем елдерінде «Көк түспен боя» акциясы ұйымдастырылады. Көк түс Бүкіл­әлемдік аутизм ұйымының түсі екені бел­гілі. Шара аясында Алматы әкімді­гі мен басқа да бірқатар мекемелердің ғима­рат­тары осы күндері көк түсті шамдармен сәулелендірілген. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»