• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Сәуір, 2016

Президент Түркия холдингтері мен компанияларының басшыларымен кездесті

299 рет
көрсетілді

АСТАНА. 13 сәуір. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия холдингтері мен компанияларының басшыларымен кездесті. Бұл туралы akorda.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Кездесуге Түркияның Ulker Group, Turkuaz Group, Yildirim Group, Yildiz Holding, Akfel Holding, Aselsan Electronic, Acibadem сияқты 25-ке жуық компаниясының басшылары қатысты. Әңгіме барысында ынтымақтастықтың түрлі салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасылды. Компания басшылары Қазақстанда шетелдік инвесторлар үшін жағдай жасалғанына алғыс білдіріп, мұның қазақстандық серіктестермен өзара іс-қимыл аясын кеңейту мүмкіндігіне жол ашып отырғанын айтты. Қазақстан Президенті қазіргі кезде елімізде түрік капиталының үлесі бар 1600-ден аса компания жұмыс істейтініне, сондай-ақ Түркияның 15 мыңға жуық азаматы тұрып жатқанына назар аударды. «Қиындықтар бар екеніне қарамастан, екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард доллардан асып түседі. Президент Ердоғанмен уағдаластық бойынша, бұл көрсеткішті 10 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Соңғы 10 жылда түрік бизнесінің біздің экономикаға салған инвестициясы 2 миллиард доллардан асты. Былтыр Қазақстанда белсенді инвестициялық жұмыс жасаған шетелдік он компанияның үшеуі түріктікі болды. Мысалы, қазір Қазақстан мен Түркияның жалпы құны шамамен 3 миллиард доллар  болатын 91 бірлескен жобасы жүзеге асырылуда», – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелігі мен Қытай Халық Республикасымен көршілестігі аясында бизнес үшін туындайтын зор мүмкіндіктерді атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан Бес институционалдық реформа туралы да әңгімелеп, оның аясында шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау жөнінде шаралар қарастырылғанын айтты. Сонымен қатар, біздің ел көздеген мақсаттары жөнінен Қытай Халық Республикасының Жібек жолы экономикалық белдеуі бастамасына ұқсас «Нұрлы жол» бағдарламасын белсенді түрде жүзеге асыруда. Аталған жоспар аясында елімізді инфрақұрылымдық тұрғыдан дамыту саласында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жолдың» және индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының мүмкіндіктерін түрік компаниялары да тиімді пайдалана алатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті түрік компанияларын алдағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға шақырды. Мемлекет басшысы кездесу барысында айтылған барлық ұсыныстар мен бастамаларға қолдау білдіре отырып, Түркия бизнесмендерінің қызметіне біздің елде жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап айтты. Талғат Райымбек. Дерек, фото: akorda.kz.