АСТАНА. 14 сәуір. Жапонияның оңтүстігінде магнитудасы 6,4 баллдық жер сілкінісі болды. Бұл туралы 24.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Кюсю аралындағы Кумамото префектурасында зілзаланың күші 7 баллға дейін жеткен. Аймақтағы метеорологиялық агенттіктің қызметкерлері цунами қаупінің жоқ екенін мәлімдеді. Алайда, жер сілкінісінің салдарынан 1 адам қаза тауып, 50-ге жуық тұрғын түрлі деңгейде жарақат алды. Бірнеше ғимарат зақымданып, тас жолдарда жарық пайда болды.
Жапонияда жер сілкінісінің алғашқы толқыны жергілікті уақыт бойынша, сағат 09:30 кезінде тіркелген. Осыдан соң 5 минуттан кейін қатарынан бірнеше дүмпу болған. Ресми мәліметтерге сәйкес, барлығы 17 рет сілкінген.
Айта кетейік, 2011 жылы 11 наурызда Күншығыс елінің солтүстік-шығыс аудандарында, әсіресе Фукусима префектурасында жойқын зілзала мен цунамидің салдарынан 18 мыңнан астам адам қаза тапқан. Табиғат апатынан мыңдаған үй, жолдар қирап, байланыс желілері істен шықты.
Аян Әбдуәли.
Дерек, фото: 24.kz.