Қытайдың пошта маркасында бейнеленді
Шыңжандық жас қазақ әнші Арай Айдарқанұлы Қытайдың пошта маркасына шықты. Жаңалықты әншінің ағасы Арыс Айдарқанұлының ақпары бойынша Қытай қазақтары senkazakh.com сайтының қолданушылары хабарлады.
Арай Айдарқанұлы – Қытайға танымал қазақ әншісі. Оның өнері Қазақстанға да таныс. Ол Алтайдың ар жағында өтетін көптеген конкурстарға қатысып, бақ сынасып келеді. Соның ішінде былтыр әнші төрт ай бойы өткен «Қытай елінің арманы» байқауына қатысып, ән жарысының соңғы мәресіне дейін жеткен.
Арай 1989 жылы Қытай Халық Республикасының Алтай өлкесіндегі Көксаз ауылында туған. Атасы аумалы-төкпелі заманда Семейден Қытайға көшіп барған екен. Содан кейін үрім-бұтағымен Тарбағатайдың түстік бетінде қалып қойған. Арайдың әкесі Айдарқан Қабдоллаұлы – Қытайға ғана емес, Қазақстанға да танымал адам. Ол кісі кезінде күреспен айналысқан. Қытайға белгілі спорт шебері, күрестен бірнеше дүркін ел чемпионы болған. Қазір спорттың осы түрінен жаттықтырушы болып жұмыс істейді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»