Жер-Анамыз келбетінің сонау көктен қарағанда тіл жеткізсіз сұлулығы, мөлдірлігі, нәзіктігі қандай ғаламат екенін ғарышкерлер айтып жүр ғой. Құдірет Иесі адамзатқа сыйлаған сондай керемет мекеніміздің әнебір қиырларында зұлмат оқиғалар болып жатқанына сенгің келмейді-ау. Бірақ, өкінішке қарай, қайтерсің, дүниеге ажал сепкісі келетін қаскүнемдер бар...
Қырғи-қабақ көзқарастан, түрлі экономикалық санкциялар мен басқыншылық əрекеттен туындайтын соғыстың зардабы қандай боларын айтып жату артық. Ең өкініштісі, құрбан болатындардың көбі бейбіт тұрғындар. Әрі бұл адам ресурсының орнын толтыру өте қиын. Сол себептен, Нұрсұлтан Назарбаевтың соғыссыз əлем қажеттігін көтерген ұсынысын мен де қос қолымды көтеріп қолдаймын. Иə, адамзатқа соғыссыз əлем кұру қажет.
Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV саммит бейбітшілік сүйгіш қоғамдастықты айрықша толғандырған оқиға болды. Біз – келер күндерден жақсылық күткен, сол үшін аянбай еңбек етіп, үлгілі күрес жүргізіп отырған халықпыз. Бірақ, жаһандық текетірес біресе ана жерден, біресе мына жерден бұрқ ете түсіп, теріс пиғыл бүкілəлемдік ауқымдағы қасіретке айналып кетпесе екен деген уайымды молайтып отыр. Халықаралық бейбіт келісімдердің екпіні төмендегеніне көптеген мысал келтіруге болады.
Осы орайда, Президентіміздің: «Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өзінің міндеттерін орындай алмай отыр. Ажал себетін қару мен оны дайындау технологиялары ірі державалардың қосарланған стандарттарының салдарынан бүкіл əлемге тарауда. Олардың терроршылардың қолына түсуі – уақыт өте келе əбден болуы мүмкін нəрсе», деген сөзі адамзаттың құлағына жеткей деп тілеймін. Халықаралық терроризм жойқын сипатқа ие болды. Тіпті, шекарадан шекара асуда. Жағаңды ұстамай көр. Миллиондаған босқын, қалалардың қирауы, құнды тарихи ескерткіштердің жойылуы – осының бəрі жаныңды түршіктіреді», – деген сөздері прогрессивті көзқарастағы адамдарды ойландыруы тиіс.
Иә, жер бетінің мазасы кетіп тұрғанын аңғару қиын емес. Елбасымыз бұл үшін қарулы қақтығыстарды тоқтатып, аса қауіпті ядролық қаруды таратпаудың, əрбір дауды, тіпті, ол қандай маңыздылыққа ие болса да, ХХІ ғасырдың саналы азаматтарына тəн сабырмен, сарабдалдықпен шешу керегін құлаққағыс жасап келеді. Ядролық қаруды таратпауды ұсынып қана қоймай, бұл бағыттағы бастамасын ядролық арсеналдан бас тарту, Семей ядролық сынақ полигонын жабу сынды нақты істерімен дəлелдей білген Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде кешегі ғасыр мен бүгінгі ғасырдың айырмашылығын, жаңа ғасырға қадам басқандағы адамдардың үкілі үмітінің қою түтінге араласып бара жатқандығын, бірақ жер бетіне бізден кейін де адам баласы келетіндігін, оларға қиянат жасауға хақымыздың жоқтығын нақты түсіндіріп берді. «Əлем. XXI ғасыр» манифесі де осы алаңдаушылықтан туындағандығы анық.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабудағы орасан еңбегінен бастап, Жер шарындағы бейбітшілік үшін табандылықпен орындап жүрген қызметін жадымыздан өшірмеуге, ұрпаққа насихаттауға тиіспіз. Анау кезде Одақ тарапынан жасалған қысымдардың сан түріне төтеп берерлік сындарлы да жүйелі саясат жүргізген Елбасымыз халық санасын оятты. Сол кезде халқымыздың отаншыл азаматы, Нұрсұлтан Әбішұлының қайраткер серігі, досы Олжас Сүлейменов үлкен қолдау көрсеткені де жақсы есімізде.
«Невада-Семей» қозғалысы құрылғанынан кейінгі бой көтерген халықтық толқулар жоспарланған талай жарылыстың алдын алуға мүмкіндік туғызды. Семей жері 40 жыл бойына жүргізілген сынақтар салдарынан экологиясы бұзылып, халық адам айтқысыз зардап шекті. 1949 жылдың 29 тамызында КСРО Семей полигонында тұңғыш рет ажал аждаһасы саналған атом бомбасын сынақтан өткізгенде, жойқын жарылыс Абыралының Дегелең тауын тітірете теңселткен ғой. Жұрт 40 жыл бойы мың Хиросиманың күнін кешті. Бұл ұмытылмауға тиіс!
Семей полигонын жабу туралы Президент Жарлығының ядролық қарусыз ел мәртебесінің биігін белгілеген, адамзат дамуындағы бейбіт қоғам үшін жасалған бірден-бір батыл тарихи құжат екендігін төрткіл дүние түгел мойындап отыр. Полигон зардабын жарты ғасырға жуық тартып, ядролық сынақтан пайда болған қайғы-қасіреттен бір сәт көз ашып, бас көтере алмай келген халық бұл хабарды зор ризашылық сезіммен қабылдағаны да жадымыздан неге өшсін. Бұл шешім Жер шарының миллиондаған адамына қуаныш сыйлады, адамзат баласының бойына ядролық сынақсыз азат әлем құруға болатындығы туралы сенім ұялатады.
Ядролық қаруды игеру арқылы жер-жаһанға қожалық жасауға ұмтылған ашкөзділікке тоқтам жасауға болатындығын Қазақстан әлемдік қоғамдастыққа дәлелдеп берді. 1992 жылдың 23 мамырында Қазақстан мемлекеті Стратегиялық мақсаттағы жаппай қырып-жою қаруларын шектеу және қысқартуға бағытталған КСРО мен АҚШ арасындағы шартқа сәйкес Лиссабон хаттамасына қол қойып, өз міндеттемесін қалтқысыз жауапкершілікпен орындады.
Бұл игі бастама әлем жұртшылығы тарапынан да қызу қолдауға ие болып, 1992 жылы Америка халқы АҚШ Конгресін ядролық сынақтарды тоқтатуға мәжбүр етті. Осының соңын ала, 1995 жылы Тынық мұхиты аралындағы француз полигоны құрықталды. Ал 1996 жылы Лоб-Нор шөліндегі Қытай ядролық жарылыс алаңы да өз үнін өшіріп, халықаралық мораторий жарияланды. Осының бәрін біздің Ақжайық ауданының жұрты да жақсы біледі, бағалайды. Аудандағы «Тәуекелді сарбаздар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде жәмиғатпен жүздесулерден мен соған әманда айқын көз жеткізіп келемін.
Жұртымыз тұтас елдерді, континенттерді жойып жіберу қаупі күшейіп отырғанына алаңдайды, атом атаулының тек бейбіт мақсатқа пайдаланылуын жақтайды. Адамның асыл ақыл-ойы, ғылым мен техниканың жетістіктері, атом энергетикасы, әлбетте, өзінің игілігіне жұмсалуы керек. Атомды, тіпті, бейбіт тірлікке жаратуда аса қырағылық қажеттігін де халқымыз жақсы біледі. Бүгінде 30 жыл толғалы отырған Чернобыль АЭС-індегі апаттың өзі адамзаттың үрейін ұшырған ащы сабақ болды емес пе.
Мен сол кездегі Целиноград маңындағы әскери бөлімде борышымды өтеп жүрген жерімнен аттанып, апатты ауыздықтаушылардың арасында болған едім. Сол кезде ауданымыздан Чернобыльге аттанған 38 азаматтың ішіндегі ең жасы мен болыппын. Жаныңды күйзелтетіні сол, солардың 14-і ғана қазір бармыз. Өзім Орал пединститутындағы оқуымды денсаулығыма байланысты аяқтай алмадым. 1998 жылы ІІІ топ мүгедектігіне шықтым.
Елбасымыздың 29 тамыз күнін Жаппай қырып-жою қаруларын жоюдың бүкіләлемдік күні деп жариялау туралы 2009 жылғы мәлімдемесі БҰҰ-да қолдау тауып, бұл күн бүгінде Халықаралық ядролық қаруға қарсы іс-қимыл күні болып белгіленгеніне байланысты жыл сайын ауданымызда тиісті шаралар өтеді. Бүкіл әлемді бітімгершілікке шақырған Қазақстан лидерінің қызметі Жер планетасының жарақатына шипа болар дәрумендей бағаланды. Вашингтонда 2010 жылдың 14 сәуірінде өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі І саммиттен бастап, осындай айтулы шараның 2012 жылы Сеулде, 2014 жылы Гаагада жалғасын тапқаны, биыл, міне, АҚШ-та соңғы, қорытынды IV саммит өткені, бұлардың нәтижелері жайында тұрғындармен әңгімелесіп, жас ұрпаққа ұғындырудамыз.
Ядролық қарусызданудың тұғырнамасын алғаш жасаған Қазақ елінің жарқын үлгісіне деген әлемдік қоғамдастықтың ортақ пікірлерін халыққа жеткізіп, байтақ еліміздегі бейбіт ахуалымызды еңбекпен, ұл-қыздарымызға саналы тәрбие берумен нығайту хақында дәрістер өткізіліп тұрады. Бүгінгі жеткіншектердің, ертең ел тізгінін ұстайтындардың бойында өмірге құштарлық, бейбітшілікке залал келтіруге тырысқандардың әрекетіне төзбеушілік, жер бетіндегі адамды қырып-жоятын қару атаулыны аластауға ұмтылыс сезімі алаулауы керек.
Иә, Елбасымыз «соғыстың тамырына балта шабу – адамзаттың ең күрделі өркениеттік міндеті» деп атап көрсетіп, бұл межеге қол жеткізу үшін адамзаттың өзін осы ұғымға қарай бейімдеп, жетелеуі қажеттігін жеткізді жəне оның мүмкіндігі қазір бар екендігін, ал кейін, тіпті, мүлде кеш болып кетуі ықтимал екендігін, сондай-ақ, жер бетін қан жоса еткен қылмысқа жауап беретін жанның қалмай, оның, тіпті, қажеті де болмай қалуы мүмкін екендігін ескертті. Ақылды сөз ой-зердемізде ұялауы керек. Аталы сөз, салиқалы пікір талайларға ой салады деп ойлаймын. Жер бетіндегі қарапайым халыққа керегі, əрине, осы – тыныштық, бейбітшілік, ұрпақтардың бақытты өмірі.
Ғаламшардың әр түкпірінен көрінсе екен сол саяси ерік-жігер! Адамзат тартқан қасірет аз ба? Мазасыз дүниенің мысын тыныштық, бейбіт тірлік басқай деп тілейік.
Асқар АБДОЛОВ,
«Тәуекелді сарбаздар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Батыс Қазақстан облысы,
Ақжайық ауданы