Металлургтер аллеясында бозторғайлар ән салады
Еуразиялық Топ (ERG) құрамына енетін облыс орталығындағы «Қазақстан алюминийі» АҚ металлургтер ұжымы 20 ұя жасапты. Жас металлургтер, балалар мен жасөспірімдер, экология және туризм орталығының жеткіншектерімен бірлесіп, «Сәлем, құстар мекені!» атты науқанды биыл осымен бесінші рет ұйымдастырды.
Құстарға, табиғатқа деген жанашырлық шарасы облыс орталығындағы Ворушин саябағында басталды. Саябақты жазда жақсы өзгерістер күтіп тұр. ERG мен облыс әкімдігі арасында жасалған әлеуметтік жобалар жөніндегі меморандум аясында енді абаттандыру жұмыстары жалғасады. Сондай-ақ, алюминий зауыты ұжымының ұсынысымен «Металлургтер аллеясы» ашылады. Ал, құстарға арналған ұялар абаттандыруға жасалған алғашқы бастама деуге болады.
– Саябақты металлургтердің қамқорлыққа алғандарына біраз жыл болды. Әрбір көктем мен күзде осы бақты зауыт жұмысшылары, қызметкерлері ретке келтіріп, жиналып қалатын қоқысты шығарады. Бүгін біз саябақта құстардың да тұрақтап, қалалықтардың көңілін әсем әуенімен қуантып тұрсын деген ниетпен ұялар жасап, ілдік, – дейді «Қазақстан алюминийі» АҚ өндірістік қауіпсіздік, экология және еңбекті қорғау департаменті бастығының орынбасары Ренат Сарлыбаев.
Облыс орталығындағы №33 мектептің жас табиғат зерттеушілері табиғат қорғауға арналған плакаттар жазып, қолөнер бұйымдарын жасап әкеліпті.
2016 жыл әлемде үй торғайының жылы болып жарияланды. Соңғы жылдары орнитологтардың басым бөлігі көптеген елдерде торғай санының азайып бара жатқанын айтуда. Ал, торғайлардың көптігі экожүйеде маңызды рөл атқарады және қоршаған ортада қалыптасқан жағдайдың көрсеткіші болып табылады.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы