• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
15 Сәуір, 2016

Театр көктемі оңтүстіктен басталды

328 рет
көрсетілді

Көктем оңтүстіктен басталады деген сөз бүгінде тәмсілге айналып кеткендей тілге еріксіз оралады. Көктем – қыста ілген жабағы жүнді сыпырып тастап, көңілге шаттық ұялататын көгілдір көйлек кигендей ғажап мезгіл ғой. Наурызда республикалық ақын­­дар айтысын өткізген оңтүс­тік енді «Театр көктемі-2016» об­лыстық фестивалін де жоғары дәрежеде өткізіп үлгерді. Қазақта Рақымжан Отарбаев­тай аса талантты қаламгер бар. Облыс­тық мәдениет басқар­ма­­сы­ның басшысы Күлия Айдар­­бекова фестивальдың репертуарын шығармаларының тынысы бөлек, шоқтығы биік жазушының туындыларына арнап, дұрыс іс қылды. Өйткені, «Бармасаң, келмесең жат боласың» дегендей, Қазақстан атты құтты шаңырақтың астында отырып, Елбасы айтқандай, әр облыстың жеке хандық құрғандай бір-бірімен араласпауы өз-өзімен бұйығылануға алып келері хақ қой. Ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­­дығына орай ұйымдас­ты­рылған салтанатты шараға облыстың тоғыз театры қатысты. Барлығы арнаулы жүлделермен марапатталды. Асанәлі Әшімов, Есмұхан Обаев сынды театр тарландары қазылық еткен фестивальда әр театр өз бойы, талантына лайық сыбағаларына ие болды. Әйтсе де бас жүлдеге автор арнайы тіккен автокөлік – біреу. «Қи­налған Жамбыл жері осы» болған. Фестивальдың жабылу салта­натында жүлде қоры 1 млн. теңге болатын «Ең үздік қойы­лым» аталымымен Ж.Ша­нин атындағы облыстық акаде­миялық қазақ драма театры ма­рапатталса, «Ең үздік режиссура» аталымымен облыстық орыс драма театрының режиссері И.Вербицкий (жүлде қоры 500 мың теңге), «Актерлық ансамбльдік тұтастық» аталымымен облыстық әзіл-сықақ және сатира театры (500 000 теңге), «Тарихи тақырыпты үздік меңгергені үшін» аталымымен Түркістан қаласының сазды-драма театры (300 мың теңге), «Патриотизмді үздік бейнелегені үшін» аталымымен облыстық қуыршақ театры (300 000 теңге), «Ең үздік ер адам» аталымымен Қ.Жандарбеков атындағы Же­тісай драма теа­трының актері С.Әріпханов (200 мың теңге), «Ең үздік әйел адам» аталымымен облыстық өзбек драма театрының актрисасы Д.Халметова (200 мың теңге), «Екінші пландағы ер адам» аталымымен облыстық өзбек драма театрының актері Ұ.Насыров (100 мың теңге), «Екін­ші пландағы әйел адам» ата­лымымен Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының актрисасы А.Нұр­тазина (100 мың теңге) марапатталды. Ұлы Абайға арналған, қазақ­тың әдебиеті, театры әлеміндегі классиктері Мұхтар Әуезов, Ла­тиф Хамиди және Ахмет Жұба­новтың қаламы тиген, ұлы жү­ректерінен туған шығарма осы­лай­ша көш бастап, салтанатты ша­раның шымылдығын жапты. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы