Қазіргі заманда білім беру ұйымының көшбасшысы қандай болуы керек? Ол қандай қасиеттерімен ерекшеленуі керек? Міне, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен өткен «Білім беру ұйымының іскер-көшбасшысы» облыстық форумы осы сауалға жауап іздеді.
Қазіргі таңда мектеп басшысының кәсіби құзыреттілігі зерттеушілік, басқарушылық, педагогикалық, коммуникативтік, диагностикалық дағдыларды қамтиды. Форумның басты мақсаты, білім беру жүйесінде шығармашыл басшының жоғары кәсіби деңгейін айқындау, кәсіби имиджін қалыптастыру және білім беру жүйесін жаңарту жағдайына жекелей қосқан үлесін зерделеу арқылы облыс көлемінде тарату болды.
Байқау барлық аудандар мен Тараз қаласында өткізіліп, соның ішінде, әсіресе, Тараз қаласы мен Байзақ, Шу, Т.Рысқұлов, Жуалы, Қордай аудандарының білім бөлімдері байқаудың жоғары деңгейде өтуіне ерекше атсалысты. 73 білім беру ұйымының басшысы қатысып, соның ішінде 12 мектеп басшысы облыстық байқауға жолдама алды. Сондай-ақ, байқау жеңімпаздары мен номинанттары зерттеулерінің нәтижелерін енгізу бойынша өз тәжірибелерімен, жаңалықтарымен бөлісті.
Білім беру ұйымы басшыларының жетістіктері таныстырылып, байқау бейнероликтері, мультимедиялық тұсаукесерлер мен әдістемелік көрме көрсетіліп, нәтижесінде Тараз қаласындағы №43 орта мектебінің директоры Гүлнар Раптаева бас жүлдені жеңіп алды.
Бибі АРҒЫНБАЙҚЫЗЫ,
Жамбыл облысы бойынша «Өрлеу» педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының бас маманы
Жамбыл облысы