• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
15 Сәуір, 2016

Жастар жалыны

361 рет
көрсетілді

Таяуда «Конгресс-холл» сарайында Астана қаласы жас­тар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жас­тар қанатының ұйымдастыруымен «Жастар жалыны – 2016» атты шығармашыл жастар фестивалінің жабылу салтанатына арналған гала-концерт өтті. Осымен төртінші жыл ұйымдастырған бұл дәстүрлі шара Қазақстан Республикасының 25 жылдығына орайластырып өткізілді. Мұндай шаралар жастардың азаматтық және шығармашылық белсенділігін арттырып қана қоймай, дарынды жастарды анық­тау және Тәуелсіздік тағылымын таныта отырып, оларды патриоттық рухта тәрбиелеуге шақырады. «Нұр Отан» партиясының хат­шысы Ф.Қуанғанов фести­валь жеңімпаздары мен қатысушы­ларына, сонымен бірге, елордалық студенттерге партия атынан жеңіс тілеп, үлкен сенім білдірді. Айта кетейік, негізгі шара аясында 10 аталым бойынша әртүрлі байқаулар өткізілді. Мәселен, «Эстрадалық ән бай­қауы», «Ең үздік еріктілер жобасы», «Ең үздік бейнеролик», «Ең үз­дік студенттік клуб», «Квест», «Не? Қайда? Қашан?», «Ең үздік халықтық және заманауи би», «Ең үздік жанкүйерлер», «Авторлық оқу» және «Музыка аспаптарында ойнау» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталып, депутаттар мен танымал өнер және мәдениет қайраткерлерінің қолынан салтанатты түрде арнайы дипломдармен марапатталды. Әсіресе, гала-концерттің кө­рі­гін қыздырған қазақстандық эс­трада жұлдыздары Маржан Арапбаева, Димаш Құдайбергенов, ағайынды Жүгінісовтер, Дос, Кұрмаш Махан, Ибрагим Ескендір және т.б. сахнадағы жастардың жастық жалыны мен жанкүйерлік қырларына ризашылық сезімдерін білдіріп, ақ жол тілеп жатты. Фестивальға елорданың 10 жо­ғары және 14 кәсіптік-техникалық оқу орнынан 1000-нан аса студент қатысты. Жыл сайын өтетін «Жастар жалыны» фестивалі Ас­тананың дарынды, белсенді және мақсаткер жастары үшін сүйікті мейрамға айналып отыр. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»