Қаламгердің шығармашылығымен танысу, оның бала кездегі қызықтарын білу, өмір жолындағы, өнер жолындағы баспалдақтарына терең үңілу – әдебиетке құмартқан әр адам үшін маңызды. Оқырман қауымды осы жағынан сүбелі сұхбаттармен сусындатып келе жатқан Ұлттық кітапханадағы «Әдеби мейманжай» деп аталатын кездесу алаңының алар орны айрықша. Осындай сырға толы, жырға толы керемет кездесудің бірі кеше Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлымен болды.
«Өлең өнерімен әуестенуші жастарымыз баршылық. Алайда, шынайы, шын поэзияны жай ғана еліктеушіліктен айыра білу қажет-ақ. Әртүрлі, әр үндес ақындардың дүниеге келуі қуанышты. Мен Несіпбек өлеңдеріне осы тұрғыдан қараймын. Өз жастығы мен жас творчествосына лайық үн аңғардым. Тілі жатық, ойы анық. Ағынан жарылып, таусыла талаптану, ізденіс бар. Қайсыбір жастарда ұшыраса бермейтін мүлде бір бөлек сарын еседі. Жасқанба, жас адам, жақсы-жақсы жырлар жаз!» деп кезінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаев батасын берген Несіпбек Айтұлымен болған кездесудің әсері әсте бөлек болды деп ойлаймын. Кездесу басталған сәттен-ақ ақын толғана сөйлеп, төгіле сыр ақтарды. Өзінің өткен ізіне бір бұрыла қарап, бүгінгі болашақ ұрпақтың жай-күйін терең тебіреніспен саралады.
«Сендер азаттықтың ақ көгершіндерісіңдер, тәуелсіз елдің ту ұстар ұландарысыңдар. Сондықтан, кітаптан қол үзбеңдер, кітап оқыңдар, қазақтың бай тілімен өздеріңді байыта түсіңдер. Елдің болашақ мұрат-мақсаты сендердің қолдарыңда. Рухани байлыққа ұмтылу керек. Іздену керек. Елдің тағдырына көз жүгіртіп, «Мен мемлекетіме не бердім», деген сұраққа жауап бере алатындай болу керек. Ол үшін тек қана оқу керек», – деп ақын келген жастарға ағалық ақылы мен жүрекжарды жанашырлығын жеткізді.
Зиялы қауым өкілдері, мектеп оқушылары, колледж студенттері қатысқан кездесу «Бұл – кітап әлемі» айлығының аясында өткенін айта кетсек дейміз.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»