• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Сәуір, 2016

Бұлақтың көзін ашатын ауыл

439 рет
көрсетілді

Ақжар – Үржарға кіреберісте, аудан орталығымен жалғасып жатқан жасыл ауыл. Ауылдық округке Ақжардан бөлек Амангелді мен Қарамойыл елді мекендері енеді. Барқытбелдің берекелі бауырындағы шағын ауылдың әкімі Тәуіржан Шомановпен аудан басшысы Серік Зайнулдин таныстырған болатын. Бұрын қаржы, салық саласында еңбек еткен Тәуіржан Қабайұлы қара сөзге жүйрік, халық көкейіндегі мәселені қозғай білетін қажырлы жас қызметшілердің бірі екен. Екі күндік сапарымызда етене әңгімелесіп кеттік. Жоспарымызда жоқ болса да, сапар соңындағы сәл аялды пайдаланып, жас әкім жетекшілік ететін ауыл тынысымен таныстық. Үржар – спортшылар көп шыққан өңір. Ақжардың орталық көшесі тәуел­­сіз Қазақстанның алғашқы чем­пиондарының бірі, белгілі спортшы Нұрболат Жыңғылбаевтың есімімен аталады. Көше 2013 жылы толық жарық­тандырылыпты. Сондай-ақ, тұрғындар мен спорт үйірмелерінен кеш қайтатын балалардың қауіпсіздігі үшін басқа да бірқатар көшелер мен Болат Тұрлыханов атындағы орта мектептің маңайы самаладай жарқырайды. Ақ­жардың дамуына аудан әкімінің қолдау көрсетіп отырғанын жеткізген Т.Қабайұлының айтуынша, 18 мыңнан астам халқы бар ақжарлықтар негізінен егін және мал шаруашылығымен шұғылданады. 145 шаруа қожалығы, 16 мыңға жуық егістік алқабы бар. Соңғы уақытта «ҚазАгроқаржы» АҚ арқылы 6 жаңа техника сатып алынды. Қазір облыс әкімінің тапсырмасы аясында суармалы алқаптарды көбейту, жерді құнарландыру үшін алқаптарды майлы дақылдардан дәнді дақылдарға көшіру жұмыстары жүргізілуде. Ауыл ортасында 1,6 млн. теңге қаржыға балалардың ойын және спорт алаңы салынып жатыр. Сондай-ақ, мақаншылық кәсіпкер Жұман Қыңырбековтің 45 адамдық әлеуметтік моншасы жұмыс істейді. Ауыл «Қызылтау қырандары» аталған кеңестік кезеңнен келе жатқан мәдениет үйі аудандық мәдениет үйінің меншігіне беріліп, күрделі жөндеуден өткізілді. Қазір бұл ғимаратта учаскелік полиция пункті, пошта бөлімшесі, ауылдық округ әкімдігі және ветеринария қызметі орналасқан. Былтыр мектеп пен мәдениет үйінің қазандықтары жаңғыртылды. Аудандағы ірі әлеуметтік нысан – «Шапағат» балаларды оңалту орталығы Ақжарда орналасқан. «Ауыл тынысы» тақтасында ақ­жар­лықтардың мәдени-спорттық һәм қоғамдық іс-шаралары көрініс тауыпты. «Гүлдер-ай», «Әжелер» ансамблі сияқты жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен «Ауылым – алтын бесігім» байқауында Гран-при, «Асыл мұра» байқауында бас жүлдені жеңіп алған ақжарлықтар ардагерлерге, батыр ана­ларға да жиі құрмет көрсетіп, түрлі шаралар ұйымдастырып тұрады. «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында жерлес кәсіпкерлердің көмегімен ауылдың кіреберісіне арка, ауыл ішіне сахна, балабақша әткеншектері орнатылып, көмір қоймасы салынды және спорт үйірмесіне күрес кілемі сыйға тартылды. Дулат Шабданов есімді жеке кәсіпкердің автобусымен Алакөл жағалауына әлеу­меттік жағдайы төмен отбасыларды демалуға тегін тасымалдау дәстүрге айналды. Соңғы жылдары Үржар ауданын­да көгалдандыру, абаттандыру жұ­мыстарына көп көңіл бөлініп отыр. Аудан әкімінің бастамасымен көктем, жаз және күз маусымдарында тұрақты түрде сенбілік өткізілді. «Бұлақ көрсең, көзін аш!» атты аудандық акцияға ақ­жарлықтар да ерекше үлес қосып, жүздеген ауыл жастары белсене атсалыса бастады. Яғни, ауылдың тауға өрлейтін тұсына көтерілген тұрғындар өзен жаға­лауы мен әр жерде бұрқылдап шығып жатқан тұма-қайнарлардың көзін аршып, арықтарды тазалайды, мал аяғынан қору үшін қоршайды. Нәтижесінде, бау-бақшасы жайқалған ауылға бұлақ сулары сылдырлап, тап-таза болып ағады. Мектеп жылыжайында оқушылардың биология, еңбек сабақтарын өткізіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне жағдай жасалған. «Жасыл ел» еңбек жасақтарына қатысушы студенттердің көмегімен көше жиектеріне гүл егіледі. Бұл – ауыл студенттерін еңбекке баулумен бірге, қосымша табыс табуына мүмкіндік беріп отыр. Осы жұмыстардың қорытындысында, Ақжар ауылы «Үздік абаттандырылған ауыл» байқауында жүлделі орынға ие болды. «Жас келсе – іске» дейді. Десе де, ауыл басшысы игі істердің атқарылуына аудандық мәслихат депутаты Рысхан Жанкүшікова бастап, көптеген ауыл азаматтарының қолдау көрсетіп келе жатқанын жеткізді. – Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында біліктілігін жетілдіру курсынан өтіп, Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының XV съезіне қатыстым. «Нұр Отан» партия­сы Төрағасының бірінші орынбасары А.Мырзахметовтің Алғыс хатына ие болдым. Бұл Елбасымыздың жастарды қолдау саясатының жемісі деп ойлаймын. Мүның барлығы бізге зор жауапкершілік жүктейді, – деді Т.Шоманов. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы