• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
15 Сәуір, 2016

Еуропа қаржы орталықтарымен іскерлік байланыстар

399 рет
көрсетілді

Таяуда «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов бастаған қазақ­стандық делегация Германияға жұмыс сапарымен барды. Майндағы Франкфурт қаласында орна­ласқан Еуропадағы ең ірі болып саналатын қаржы орталығында болу барысында Қ. Келімбетов ірі банктер,  холдингтер мен қаржы ұйымдарының басшылығымен бірқатар екіжақты кездесулер, нақты айтқанда, Еуропа орталық банкінің басқарма мүшесі Джил Нобелмен, Германия Бундесбанкінің басқарма мүшесі Карл-Людвиг Тилмен, Deutsche Bank AG банк басқармасының тең төрағасы Йорг Фитчпен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында АХҚО бас­шысы германиялық және еуропалық әріптестерін «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысы және оның мақсаттары мен топ-10 азиялық қаржы орталықтар қатарына кіру және алдағы 7-10 жылда шамамен 18 мың жұмыс орнын құру бойынша басым міндеттер туралы баяндап берді. АХҚО ерекше құқықтық мәртебеге ие және еркін қаржы аймағы екендігі аталып өтілді, ал оның қызметі әлемдегі жетекші қаржы орталықтарының тәжіри­бесіне  негізделетін болады. Аталған тақырып Германия­ның жетекші экономикалық қауым­дас­­тықтар, қаржы құрылымдары мен ин­вестициялық қорлар бас­­шыларының дөңгелек үстел басындағы әңгімесінде өз жалғасын тапты. Стратегиялық әріптестік бойынша Қазақ-герман іскерлік кеңесінің тең төрағасы Петер Тильс қазақстандық тарапты Қазақстан мен Германия арасындағы ағымдағы экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың дамуы туралы хабарлады. Сонымен қатар, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары шеңберінде АХҚО құру бойынша бастамасы, инвесторлар үшін ағылшын құқығы, 50 жылға арнайы салық жеңілдіктері, визалық және жеңілдетілген еңбек тәртібі сияқты жеңілдіктері бар қаржы инс­титутының қызметін ресми түрде нақты мәлімдейді. Жалпы, неміс тарапы АХҚО қыз­ме­­тіне үлкен қызығушылық білдіреді және инвестицияларды тарту саласында, активтер мен капиталды басқару, ха­лықаралық деңгейде сарапшылар дайындау, жекеменшік тұлғалардың әлеуеттерімен (private banking) және т.б. салаларда ынтымақтастық орнатуға өз дайындығын атап өтті. Кездесулер мен келіссөздер нәти­же­сінде қаржы орта­лық­тары арасында ынтымақ­тастықты ке­ңей­ту бойынша келісімдерге қол жеткізілді.  «Егемен-ақпарат»