Грузиндер сайлауға бара жатыр...
Президент Георгий Маргвелашвилидің ұсынысымен премьер-министр Георгий Квирикашвили елдегі парламент сайлауының күнін белгіледі. Ол үстіміздегі жылдың қазанында өтпек. Оған әлі алты айдай уақыт бар. Сайлау науқаны қазірдің өзінде басталып кетті десе де болғандай. Партиялар өз пікірлерін білдіріп жатыр, саясаткерлер өздеріне саяси ұпай әкелетін мәлімдемелер де жасап тастады. Бұл елде қазір парламенттік жүйе үстем. Содан да саяси күштер сол парламенттегі орынға таласады. Сол үшін, халықтың ықыласын өздеріне аудару мақсатында кейде артық-ауыс пікірлер де айтылып қалады. Сайлау қайда өтпей жатыр дейміз ғой. Бірақ бұл сайлаудың грузиндер үшін маңызы бөлегірек. Өткен жолғы, яғни 2012 жылғы парламент сайлауында ел екіге жарылғандай болып, бұрынғы президент Михаил Саакашвилиге қарсы миллиардер Бидзина Иванишвили басқарған «Грузия арманы» коалициясы құрылып, оған алты партия бірікті. Коалиция жеңіске жетіп, билік тізгінін ұстаған Иванишвилидің дегені болып, тұтқалы қызметтің барлығын өзара бөліскен. Тіпті, премьер-министрлікті жас қайраткер Ираклий Гарибашвилиге, ал президенттікті ғалым Георгий Маргвелашвилиге ұсынса да, нақты билік миллиардердің қолында болды. Енді сол коалицияға біріккен партиялар сайлауға жеке-жеке түспек. Демек, олардың арасында, бәлкім, лауазым бөлісуде келіспеушілік болды ма екен, тіл табыспағаны анық. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдайда тартыс күшейеді. Бұрын жеңіліс тапқан Саакашвилидің Біріккен ұлттық қозғалыс партиясы енді еңсесін көтеріп, белсенді айқасқа шығатыны анық. Бірақ олар жеңіске жетеді деу де қиын. Сайлауға жеке түскенмен, бұрын «Грузия арманы» коалициясына біріккен партиялар кейін үкімет құрарда қайта қосылуы әбден мүмкін. Грузиядағы саяси күштердің ерекшелігі – олар негізінен Батысқа бағыт ұстағандар және оған қарсылар болып бөлінеді. Соңғыларына Ресеймен байланысты түзету бағытындағылар да қосылады. Жалпы, бұл елдегі саяси күштер Грузия мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа айрықша мән беріп, өздерінің сайлау науқаны кезіндегі жұмыстарында оны кеңінен пайдаланбақ. Әсіресе, бұқара халықтың патриоттық сезімін қоздыратын антиресейлік риторика етек алатыны қазірдің өзінде аңғарылып отыр. Бұл бір партияларға ұпай әкеледі. Жұртқа белгілі, Грузия мен Ресей арасындағы жағдай 2008 жылғы соғыстан кейін, Абхазия мен Оңтүстік Осетияның Грузиядан бөлініп шығуынан кейін жақсы емес. Екі жақтан да бір-біріне қатқыл сөздер айтылады. Мына сайлау алдында ол күшейетін түрі бар. Грузия президенті Г.Маргвелашвили мен қорғаныс министрі Тина Хидашвилидің пікірлері біреулерге ұнаса, екінші жақтың ашу-ызасын тудырды. Айталық, қорғаныс министрінің «өркениетті дүние Ресейдің қаупіне қарсы бірігуі тиіс» деген сөзіне Ресей СІМ-інің орынбасары Георгий Карасин: «Шыдамның да шегі бар», дегенді айтып жіберді. «Сонда, шыдамағанда, не істемексіңдер», деген дауыс Грузияда жиі естілді. Оны айтқандар Мәскеумен байланысты түзейік дегендерге қарсы дауыс беретіні анық. Сайлауға дейін әлі алты ай бар. Осы уақытта грузиндер бір-бірімен біраз айтысатын сыңайлы. Ел бірлігін, қоғам бірлігін ойлайтындар айтысудың, бөлінудің не қажеті бар дейді. Екінші жақ сол айтыспен, күреспен шындыққа жетеміз деп өрекпиді. Түсіністік кеткен жерде береке бола қоймайтыны және белгілі. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист
•
15 Сәуір, 2016
Даудың Ливанға ауысу қаупі бар
241 рет
көрсетілді