• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
15 Сәуір, 2016

Ырыс алды – ынтымақ

285 рет
көрсетілді

Науқастың алғысынан менің қуанышым басым

– дейді анестезиолог-реаниматолог дәрігер Ирина ШАПКО

Ол өз мамандығын ақжал толқынды теңіздегі кеменің жауапкершілік, білімділік, біліктілік, тәжірибелілік, сенімділік, тіпті, желдің бағытын тамыршыдай дөп басатын ішкі түйсіктің күштілігі секілді алуан да алуан қасиет пен алапат сезімдер бір басынан табылатын капитанына теңейді. Облыстық аурухананың анестезиология және реаниматология бөлімшесінде күн, сағат сайын өмір үшін майдан жүріп жатады. Дәрігерлердің шалт қимылы мен көзді ашып-жұмғанша қабылдайтын шешімі, оның дәлдікпен машықты орындалуы әр науқастың мына дүниеде қалу-қалмауының негізі болып табылады. Дәрігерге қателесуге болмайды. Қателеспес үшін қаншама білім, тәжірибе, осы іске деген ынта-ықылас, төзімділік керек екенін анестезиолог-реаниматолог мамандығының ыстық-суығын 26 жыл бойы көріп келе жатқан Ирина Павловна Шапко біледі. – Жан сақтау бөліміне адамдар әртүрлі жағдаймен түседі. Кейде сол адамның тағдырына жазылып тұрған оқыс жағдайлардан бол­ған ауыр жарақат, улану, өзге ауру­лардың асқынуы кезінде дәрі­герлер жаңа технологияларды, дәрі-дә­рмектерді білімділікпен қол­данғанмен ажал, шіркін, дес бермейді. Ондайда дәрігердің ішкі жан дүниесінің күй­зе­лісін түсіну, сезіну оңай емес. Ауыр хал­де түсетін ауруларды ажалдан араша­лап, олар үшін өмірдің үміт отын жағып қойғаныңда қалай қуанбайсың? Мұндай сәттер бізді рухтандырады, күш береді. Есін жиған науқастың алғыс сезімінен де біздің қуанышымыз басым тү­сіп жатады, – дейді Ирина Павловна. Ол жалпы медицинаның қай саласындағы да дәрігерлердің ең­бегін жоғары бағалайды. Әдетте, медицинаның өзге саласындағы терапевт, кардиолог, окулист, эндокринолог секілді барлық дәрі­гер науқаспен тілдеседі, оны тың­дайды, диагнозын қойып, тиіс­ті емін белгілейді. Бұл жұмыс дәрі­гердің де, науқастың да көп дегенде жарты сағаттық уақытын алуы ықтимал. Ал, анестезио­логия-реаниматология бөлімшесіне түскен аурулар негізінен есін біл­мейді, өмір мен өлімнің арасын­да жатқан адаммен тілдесу мүмкін емес. Науқас­ты дәрігерлер коман­да­сының бір шешімі әрі, бір шешімі бері етуі мүмкін. Дұрыс шешім қабылдау үшін дәрігерлер командасы қаншалықты білімді, білікті болуы керек екені тағы бел­гілі. Осындай арпалысқан жұмыс­тың арасында аудандардан, алыс ауылдардан жедел жәрдем керек еткен дабылдар да түсіп жатады. Он­дайда кезегімен Ирина Пав­лов­на да жеңіл көлікке немесе тікұшаққа отырып, шұғыл аттанады. Ирина Павловнаның 26 жылда бір рет те қателесіп, аузын аран­­­дай ашып тұратын ажалдан же­­­ңіліс тапқан сәті болмапты. Мұ­­ны ол өзінің ғана емес, жан­­­сақ­­­тау бөлімшесі дәрігерлер коман­дасының маңдай тері, өзін осы салаға үйреткен, баулыған ұстаз­дары­ның арқасы деп түсінеді. Бөлім­шедегі аға буын анестезиолог-реа­ниматолог дәрігерлердің бар­лығы да институтты «қызыл» дип­ломмен бітірген, барлығының дерлік ғылыми дәрежесі бар. Өзі осы кезге дейін 25 ғылыми мақала жазды, өткен жылы Екатеринбург қаласына барып, біліктілігін тағы да көтеріп келді. Жансақтау бөліміндегі аса ауыр науқастарды «тамақтандыру» технологиясын енгізуге мұрындық болды. Мұны облыстың бас анестезиолог-реаниматолог дәрігері Юрий Моисеев бастаған әріптестері құп алды, нәтижесі де жаман емес. Бірде ол жұмыстан кейін дүкенге барды. Көпшіліктің ішін­де жас әйелдің көйлек таңдап жат­қан сәтін сырттай бақылап тұр­ды, бірақ бар назары әйелде емес, көйлекте болатын. Кенет мұны байқаған әйел оған жалт қара­ды да, «Сіздің атыңыз Ирина Павловна емес пе?» деп сұрады. – Өзінің айтуымен мен де оны есіме түсірдім. Осыдан 12 жыл бұ­рын есіктің алдында тұрған газ балоны жарылып, үсті-басы, беті­нің сау тамтығы қалмай күйіп қалған әйел ауыр халде түскен болатын. Бет терісі тұтас күйгенмен жарақат онша тереңдемеген, сондықтан, оны жақсы емдесе барлығы да дұрысталатынын білгенбіз. Бірақ уыздай жас келіншек өзінің бетін көргенде өмірден түңілді, тіпті, жарық дүниемен қоштасқысы келетінін де айтып жатты. Беті бері қарағаннан кейін оған психо­логиялық көмек көрсеттім. Осы­ның барлығы да келіншектің өмір­ге құштарлығын, төзімділігін қай­та оятқан болуы керек, көрген бей­не­тін ұмыта бастапты. Бетінде тыр­тық та қалмаған. Әрине, оның айт­қан алғысы менің де жанымды жа­дыратты, – дейді Ирина Павловна. Ал, операция кезінде анестезио­логтар театрдағы перденің сыр­тында қалатын режиссер секіл­ді. Науқас хирургті көреді. Бі­рақ анес­тезиологсыз операция жасалмайды, реаниматолог­тар ауруды сын сағат­тардан, минуттардан аман алып шы­ғады. Жан сақтау бөліміндегі жұмыстың нәтижесі дәрігерлердің білімі мен біліктілігіне тікелей байланысты. Өйткені, анестезиолог пен реани­матологтің медицинаның барлық саласынан қордалы білімі болуы тиіс. Бұл саланың ерекшелігі де, қиын­дығы да осы. Қарағанды инс­титутының емдеу факультетін үздік бітіріп, терапевт дәрігер болып, туған қаласы Қостанайға оралған жас Иринаны облыстық ауруханадағы алдыңғы буын дәрігерлер бірден осы жансақтау бөліміне алып қалды. – Анестезиолог-реаниматолог боламын деп ойламаған едім. Бірақ ұстаздарыма қарсылық та көр­сет­кен жоқпын, жұмыстың жауап­­­кершілігіне төздім. Мен де Гип­пократқа берген антты аса жоғары сезінетін буыннан едім, ауыр ауруларды тас­тап кету күнәмен бірдей бола­тын. Әр нау­қасты ажалдан аман алып қалып, ем­деу палатасы­на ауыстырғанда ерекше қанағат­танғандық сезімді бастан кешемін. Дәрігер бақыты осы шығар деп ойлаймын, – дейді Ирина Павловна әңгімесін жалғай түсіп. Ол көп жылдардан бері Қос­та­най қаласындағы медицина кол­леджінде студенттерге дәріс оқиды. Ұстаздықты өзінің жұмы­сы­нан тыс жақсы көретін ісіне санайды. Меди­цинадағы ұрпақ байланысының үзілмеуін ойлайды. – Біз америкалық, еуропалық технологияға ұмтыламыз. Сөз жоқ, оларда техникалық жағынан озық үрдістер бар. Бірақ біздің ме­­ди­цинадағы дәстүр болып қа­лып­­тасқан құндылықтарды жет­кі­лік­ті бағалауға тиіспіз. Ол, ең ал­ды­мен, дәрігердің науқасқа адам­гер­ші­лік­пен, мейірімділікпен қарауы дер едім. Уақыт барлығын да өзгертеді, әдет-ғұрып, технологиялар, хаттамалар, дәрі-дәрмек те өзгереді, жетілдіріледі. Өзгермейтін үш нәрсе бар. Дәрігердің ішкі білім бай­лығы, мейірімді жүрегі және ал­дына келген науқас ғасырдан ғасырға жылжи береді, – дегенде жоғары білікті дәрігер Ирина Шап­коның жүзінен бір кемелдік, зиялылық байқалып тұрды. Сөзіне ісі сай. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ