• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Сәуір, 2016

Білімге құштар ұрпақ өсіп келеді

907 рет
көрсетілді

Бүгінгі жастардың талабы бөлек, талпынысы жақсы. Олар білімсіз болашақтың бұлдыр болатынын жақсы түсінеді, білмекке талпынады. Елбасымыз айтқан үш тұғырлы тілді барынша қолдап отырған да осы жастар. Біздің университет өмірге аса қажетті техникалық пәндерді ағылшын тілінде оқытуды 2004-2005 оқу жылдары сынақ ретінде тәжірибеге енгізді. Өз басым химия пәнін ағылшын тілінде оқытамын. Тілек білдірген студенттер мен оқытушыларға университет басшылығы тегін курс­тар ұйымдастырады. Университеттегі «Тілдерді дамыту орталығы» арқылы үш тілде білім алуға жағдай жасалып келеді. Ағылшын тілінде сабақ беретін оқытушыларға көтермелеу ретінде бір сағаты үш сағатқа теңестірілді. Өйткені, қазақ, орыс тіліндегі материалды ағылшын тіліне тәржімалап, пәнді оқытуға дайындау көп уақытты талап етеді. Студенттерге де қызықтыру үшін жақсы жағдайлар жасалған. Үздіктері университет тарапынан шетелдегі оқу орындарына жіберіліп, курстан өткізіледі. Сондай-ақ, университетте «Шет тілінде білім берудің сапасын ұйымдастыру және бақылау» бөлімі ашылған. Оның мақсаты ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімнің деңгейін ұдайы көтеріп отыруына жағдай жасау арқылы біліктілігін қадағалау. Бүгіндері студенттердің талабымен техникалық пәндер қатарына гуманитарлық салалар бойынша да оқыту қолға алынып жатыр. Ұстаздарымыз «Өрлеу» бағдар­ламасы арқылы шетелдегі үздік оқу орындарына біліктілігін арттыруға жіберілсе, студенттер жаздық лагерьлерде үш тілді толық меңгерудің тәжірибесінен өтеді. Үш тұғырлы тіл – ұлттың келешегі. Қазақ тілі – ана тілің болса, орыс тілі – халықаралық тіл. Ал, ағылшын тілінде білім алсаң дүние жүзінің қай түкпірінде болса да жұмыссыз қалмайсың. Бүгінгі білім қуған жастар осының бәрін жақсы түсінеді. Ал, жақсы өмір сүру үшін көп тіл білудің пайдасынан басқа, зияны жоқ. Айнұр ТҮКІБАЕВА, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы, химия ғылымдарының кандидаты, доцент Оңтүстік Қазақстан облысы