Қызылжар өңірінде үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың алғашқы қорытындылары мен алдағы міндеттерді шешуге арналған жиынға Индустрия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау қатысып, Үкімет тарапынан атқарылып жатқан шараларды тарқатып берді.
Вице-министрдің облыстағы жұмыс сапары ауыр өнеркәсіп саласының тыныс-тіршілігін зерделеуден басталды. Алдымен «ЗИКСТО» АҚ-қа атбасын бұрды. Кәсіпорын озық технологиялармен жұмыс істеуде. Бүгінде жүк вагондарының төрт түрін құрастырумен айналысуда. Жуырда астық тасымалдайтын вагон-хоппердің үлгісі сынақтан өтті. Биыл алты жүз жартылай жүк вагонын өз тұтынушыларына жөнелтуге тапсырма алған. А.Рау бастаған топ бұдан кейін «Мұнаймаш» АҚ-та болды. Ірі өндіріс орны газ-мұнай саласына құрал-жабдықтар мен қондырғылар шығаруға маманданған. Былтыр екі миллиард теңгенің өнімдерін мұнайшыларға жеткізіпті. Енді өндіріс орындарын ұлғайтып, қуатын арттыру мәселелерін қарастыруда. Мұнда арнаулы конструкторлық-технологиялық бюроның отырысы өтіп, оған жетекші мәшине жасау кәсіпорындарының жетекшілері қатысты. Олар өздерін толғантқан проблемалар төңірегінде ой-пікірлер алмасты.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында озық технологияларды игеру, ұшқыр жобаларды іске қосу, жаңа жұмыс орындарымен қамту мәселелері сөз болды. Облыс әкімі Серік Біләлов Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынған бағдарлама ел экономикасын дамытудағы маңызды қадам болып табылатынын, өткен жылы он жоба іске қосылғанын жеткізді. А.Рау әрбір индустриялық жобаның қатаң бақылауда тұрғанын, алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға барлық мүмкіндіктердің жасалып жатқанын атап көрсетті.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.