• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
21 Қаңтар, 2011

Көшбасшы өңірде өркенді істер бар

471 рет
көрсетілді

Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Берік Камалиев бастаған делегация облыста екі күндік жұмыс сапарымен болып қайтты. Делегация жұмыс сапары барысында үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында іске қосылған және жұмыс істеп тұрған бірқатар кәсіпорандардың жұмысымен танысты. Олардың қатарында «Ақтюбхиммонтаж» ЖШС-нің полиэтилен құбырларын шығаратын жаңа зауыты, Ақтөбе металл емес құбырлар зауыты, «Izet Greenhous» ЖШС-нің жылыжай кешені,  «Восход Ориел» ЖШС-нің «Восход»  кенішіндегі жер асты шахтасы, «KazCopper» ЖШС-нің катодты мыс өндіру кешені, «Казхром»ТҰК» АҚ-тың Дөң кен байыту комбинаты және басқалар бар. Облыстағы үдемелі индустриялық-инновациялық жобалардың қаншалықты жүзеге асып жатқанымен және шешуін күткен мәселелерімен жете танысқан делегация мүшелері екінші күні облысты үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бойынша аймақтық үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты. Кеңес отырысында облыс әкімі Елеусін Сағындықов  астаналық қонақтарды өңірдің экономикалық даму бағыттарымен, сондай-ақ, индустриялық-инновациялық  жобалардың жүзеге асырылу барысымен таныстырды. Отырыста индустрияландыру бағдарламасы бойынша 2010 жылы жүзеге асырылған жобалардың жоспарлы қуатына шығу, шағын және орта бизнес жобаларын есепке ала отырып, жаңа жобаларды индустрияландыру картасына енгізудің өлшемдері мен әдіс-тәсілдерін түсіндіру, Ақтөбе облысының жаңа жобаларын,  2011 жылы іске қосылатынын ескере отырып, индустрияландыру картасына енгізу, аймақтық индустрияландыру орталығы ретінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияны анықтау және басқа мәселелер талқыланды. Кеңес  отырысында сөз алған  Индустрия және жа­ңа технологиялар вице-министрі Берік Камалиев об­лыс­тағы үдемелі индустриялық-инновациялық жоба­лар­дың жүзеге асырылу барысына жақсы баға берді. Өт­кен жылдың қорытындысымен индустриялық-инновациялық жоба­ларды  жүзеге асыру көрсеткіші бойынша Ақтөбе облысының бірінші орында екенін тілге тиек еткен вице-министр ақтөбелік бизнес қауымдастығының үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама бойынша серпінді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.