• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Сәуір, 2016

Спорт – бейбітшілік елшісі

3327 рет
көрсетілді

Алматыда БҰҰ-ның Қоғамдық ақпарат департаменті мен Қазақстан Спорт даму қорының бірлесуімен Халықаралық спорт күніне арналған мерекелік шара ұйымдастырылды. Оған қаладағы төрт балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысып, өзара бақ сынасты. Спорт күнін ресми мерекелеу Қазақстан Республикасының Әнұраны және Туын көтерумен басталды. Халықаралық Спорт күні өзара түсіністік пен толеранттық атмос­фераны, бейбітшілік пен дамуды нығайтуға ықпал етеді. Командалық рух, адалдық, тәртіп, қарсыласты құрметтеу сияқты спорттың ішкі құндылықтары бүкіл әлемде ойын ережелері ре­тінде қабылданады және қоғам­дық, татулық пен бейбіт өмір сүруге ынтымақтастырады. Міне, осындай мақсатта өткізілген әр­түрлі спорт және демалыс іс-ша­ра­сына Алматы облыстық №1, Алматы қаласының №1, №2 және «Жанұя» балалар үйлерінің 80-ге жуық тәрбиеленушілері қа­тысып, алғашқы көмек көрсету тренингтері, футбол бойынша турнир, көңілді эстафета, бишілер мен әншілер көрсетілімдері, сондай-ақ зумба әсерлі биі мен бразилиялық капоэйра жауынгерлік өнері көр­сетілді. Іс-шараның ашылу салтанатында БҰҰ-ның Ақпараттық бюросы, ЮНЕСКО, Қазақстан Спорт даму қорының өкілдері қатысушыларды құттықтап, кішкене спортшыларға жарыста сәттілік тіледі. Шақырылған іс-шара қона­ғы Zumba фитнес биі жат­тық­тырушысы жарыс бастал­ғанға дейін балаларды билетіп, футбол турнирі және эстафеталарға қатысуына күш-жігер берсе, Қазақ­станның Қызыл Ай қоға­мының жат­тықтырушылары оларға алғашқы медициналық кө­мек ережелерін көрсетті. Ж­а­рыс аяқталған соң балалар «М­анеж» кешені жанында орна­ласқан «Қайрат» спорт барында тамақтанды. Сонан соң ҚМЭБИ университеті студенттері және капо­эйристер өнерлерін көр­сетіп, артынша марапаттау рәсімі өтті. Сонымен, жарыста Ал­маты қалалық №2 балалар үйінің футбол командасы жеңіске ие болды. Ал іс-шараның демеушілері мен серіктестері, атап айтқанда, ЮНЕСКО-ның Кластерлік бюросы, БҰҰ Халықтың қоныстану даму қоры, Қазақстанның Қызыл Ай қоғамы мен Fitness Line, Kind Burger, ToiMart, UDprint, Almaty Mall, Raimbek bottlers компаниялары әрбір қатысушы балақайға сертификат беріп, сыйлықтар табыс етті. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»