• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Сәуір, 2016

Қазақстан Республикасының Заңы №498-V ҚРЗ

456 рет
көрсетілді

Пошта туралы Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында пошта саласындағы қызметтің құқықтық негіздерін белгілейді және қоғамдық қатынастарды реттейді, пошта қызметi субъектілерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн, пошта саласындағы мемлекеттiк органдардың құзыретiн айқындайды. 1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР 1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар Осы Заңда мынадай негiзгі ұғымдар пайдаланылады: 1) абонементтік жәшiк – пошта жөнелтілімдерiнiң жекелеген түрлерiн алуға арналған, өндiрiстiк объектiлерде орнатылатын, адресаттар пошта саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен пайдаланатын арнайы жәшiк; 2) абоненттiк пошта жәшiгi – адресаттардың пошта жөнелтілімдерiн алуы үшiн ғимараттарда, тұрғын үй­лер­де (тұрғын ғимараттарда), жеке тұрғын үйлерде орна­тылатын, ұяшықтары бар арнайы шкаф; 3) адресат (алушы) – пошта жөнелтілімi немесе пошталық ақша аударымы бағытталған, пошта операторының көрсе­тілетін қызметтерін пайдаланушы; 4) атаулы құрылғы – құжаттар мен пошта жөнелтілімдерiне пошта операторының, оның өндiрiстiк объектiсiнiң атауы, сондай-ақ пошта операторы айқындаған өзге де ақпарат көрсетілген бедерлерді салуға арналған құрылғы; 5) бандероль – мөлшері, массасы және буып-түю тәсілі пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларына сәйкес көзделген, ішіне баспа басылымдары, іскерлік қағаздар, құжаттар және басқа да заттар салынған тіркелмейтін және тіркелетін пошта жөнелтілімі; 6) гибридтік жөнелтілім – пошта операторы жіберуге қабыл­даған және адресатқа хат (пошта карточкасы) түрінде жеткізілетін электрондық хат (хабар) не пошта операторы жіберуге қабылдаған және адресатқа электрондық поштаға немесе электрондық абоненттік пошта жәшігіне электрондық хат (хабар) нысанында жеткізілетін хат; 7) гибридтік жөнелтілімді жіберу бойынша көрсетілетін қызмет – пошта операторының гибридтік жөнелтілімді қабыл­дау, өңдеу, жеткізу және (немесе) табыс ету бойынша қызметі; 8) Дүниежүзілік пошта одағы – аумақтары халықаралық пошта жөнелтілімдерімен өзара алмасу үшін біртұтас пошта аумағын құрайтын мүше елдерден тұратын, мақсаты пошта байла­ныстарын ұйымдастыру мен жетілдіруді қамтамасыз ету және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін қо­лайлы жағдайлар жасау болып табылатын халықаралық ұйым; 9) Дүниежүзілік пошта одағының актілері – Дүниежүзілік пошта одағының Конгресінде оның Жарғысына сәйкес қабылданатын құжаттар; 10) жазбаша хат-хабар – тіркелмейтін және тіркелетін хаттар, пошта карточкалары, бандерольдер және ұсақ пакеттер; 11) жаздырып алынатын мерзiмдi баспа басылымдарын тарату – пошта операторының бұқаралық ақпарат құрал­дарының меншік иесімен немесе оның өкілімен жасалған шарт негізінде мерзімді баспасөз басылымына жазылуды, оның ішінде интернет-ресурсты пайдалана отырып қабылдау және мерзімді баспасөз басылымын қабылдауды, өңдеуді, тасымалдауды және пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыға жеткізуді жүзеге асыру бойынша көрсетілетін қызметті ұсынуы; 12) жауап қайтарылатын халықаралық коммерциялық хат-хабар – Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес ре­сімделген, жөнелтуші алдын ала ақысын төлеген қайтарылатын пошта жөнелтілімін қамтитын пошта жөнелтілімі; 13) жеделдетілген пошта байланысының көрсетілетін қызмет­тері – пошта жөнелтілімдерін жедел өңдеу, тасымалдау, жеткізу және (немесе) табыс ету режиміндегі пошта жөнелтілімдерін жіберу бойынша көрсетілетін қызметтер; 14) жөнелтушi – пошта жөнелтілімiн немесе ақшаны жiберу үшiн оларды пошта операторына беретін, пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушы; 15) жіберілім – мөлшері, массасы және буып-түю тәсілі пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларына сәйкес көзделген, нәрселер, заттар мен тауарлар салынған тіркелетін пошта жөнелтiлімі; 16) курьер – тіркелетін пошта жөнелтілімін өндірістік объек­тілерден тыс жерлерде жөнелтушіден қабылдайтын және осындай жөнелтілімді пошта жөнелтілімінде көрсетілген мекенжай бойынша адресатқа немесе жөнелтушіге табыс ететін пошта операторының жұмыскері немесе пошта опера­торымен жасасқан шарты бар жеке тұлға; 17) курьерлік пошта байланысының көрсетілетін қызметтері – курьер көрсететін, тіркелетін пошта жөнелтілімдерін қабылдау, тасымалдау және табыс ету бойынша көрсетілетін қызметтер; 18) операциялық күн – пошта операторы пошталық көрсеті­летін қызметтер ұсынатын жұмыс уақыты; 19) өндiрiстiк объект – пошта операторының пошта саласын­дағы қызметті жүзеге асыруына арналған және сол үшiн жабдықталған ғимарат, ғимараттағы үй-жай; 20) пошта – пошта операторларының Қазақстан Республи­касының аумағында Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне және осы Заңға сәйкес көрсетілетін қызметтер кешенін ұсынуын және өзге де қызметті жүзеге асыруын қамтамасыз ететiн байланыс түрі; 21) пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтері – байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтерінің құрамына кіретін, кез келген елді мекенде көрсетілген мерзімде белгі­ленген сапада және осы көрсетілетін қызметтердің қолжетім­ділігін қам­тамасыз ететін баға деңгейінде пошта операторының көрсетілетін қызметтерін кез келген пайдаланушыға көрсе­тілетін қызметтер; 22) пошта байланысының көрсетілетiн қызметтері – пошта опе­раторының тіркелетін және тіркелмейтін пошта жөнелті­лімдерiн, пошталық ақша аударымдарын, гибридтік жөнелті­лімдерді жiберу, мерзімді баспа басылымдарын тарату, пошта төлемі белгілерін және филателиялық өнімдерді өткізу бойынша қызметі; 23) пошта байланысының құралдары – пошта байланысының көрсетілетiн қызметтерін ұсыну үшiн қолданылатын техни­калық құралдар, жабдық және технологиялар; 24) пошта жәшiгi – тіркелмейтін хаттар мен пошта карточ­каларын жинауға арналған, белгiленген түстегi, нысандағы және көлемдегi жәшiк; 25) пошта желiсi – пошта операторы пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну кезінде пайдаланылатын өндiрiстiк объектiлер мен пошта маршруттарының жиынтығы; 26) пошта жөнелтілімдерi – пошта операторы жіберуге қабылдаған жазбаша хат-хабар, жіберілімдер; 27) пошта жөнелтілімiн жеткiзу – пошта жөнелтілімiн межелі жердегi өндiрiстік объектiлерден абонементтiк жәшiкке немесе абоненттiк пошта жәшiгіне немесе жөнелтушi көрсеткен өзге де мекенжай бойынша апару; 28) пошта жөнелтілімiн жiберу – пошта жөнелтілімiн қабылдау, өңдеу, тасымалдау және (немесе) беру, жеткiзу және (немесе) табыс ету операцияларының жиынтығы; 29) пошта жөнелтілімiн қабылдау – жөнелтушiден қабыл­данған, оның iшiнде пошта жәшiктерiнен алу арқылы қабыл­данған пошта жөнелтілімiн одан әрi тасымалдау үшiн пошта операторының ресiмдеуi; 30) пошта жөнелтілімiн өңдеу – пошта жөнелтілімдерiн тасымалдауға дайындауды қамтамасыз ететін, олармен жасалатын өндiрiстiк операциялар; 31) пошта жөнелтілімiн табыс ету – пошта жөнелтілімiн адресаттың өзiне немесе оның заңды өкiлiне немесе сенiмхат негiзiнде әрекет ететін сенiм білдірiлген адамына беру; 32) пошта жөнелтілімiн тасымалдау – пошта жөнелтілімiн адресатқа жеткiзу және (немесе) табыс ету үшiн жөнелту пунктiнен межелі жердегi өндірістік объектілерге дейiн апару (тасымалдау); 33) пошта индексi – пошта жөнелтілімiн немесе пошталық ақша аударымын жiберудi жылдамдату мақсатында жылжы­майтын мүлік объектiлерiне оларды әкiмшілік-аумақтық сәйкестендіру және жүйелендіру үшін берiлетiн, мекенжайдың шартты цифрлық және әріптік белгiленуі; 34) пошта карточкасы – арнаулы стандартты бланкiге жазбаша хабар жазылған, тіркелмейтін немесе тiркелетiн пошта жөнелтілімi; 35) пошта қызметі – пошта желiлерi арқылы пошта байланы­сының көрсетілетін қызметтерін ұсыну; 36) пошта қызметі субъектiлерi – пошта операторлары және пош­та операторының көрсетілетін қызметтерін пайдала­ну­шылар; 37) пошта операторы – Қазақстан Республикасының аума­ғында тіркелген, пошта қызметі саласында көрсетілетін қызметтерді ұсынатын жеке немесе заңды тұлға; 38) пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пай­даланушы – пошта операторы ұсынатын, оның ішінде пошта операторымен өзі жасасқан шарттар негізінде ұсынылатын көрсетілетін қызметтерді тұтынушы болып табылатын жеке немесе заңды тұлға; 39) пошта саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының аумағында пошта саласындағы мемлекеттiк саясатты іске асыруды, мемлекеттік бақылауды, қызметті үйлестіруді және рет­теуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы; 40) пошта төлемінің белгілері – пошта байланысының көрсетілетін қызметтеріне ақы төленгенін растайтын, пошта операторы жазбаша хат-хабар жөнелтілімдеріне жапсыратын белгілер, оның ішінде пошта маркалары, блоктар, маркалы конверттер және (немесе) пошта карточкалары, франкирлеу машиналарының бедерлері, электрондық және өзге де белгілер; 41) пошта төлемiнiң мемлекеттiк белгілерi – айналымға уәкі­леттi орган енгiзетiн, Ұлттық пошта операторының көрсетілетін қызметтеріне ақы төленгенiн растайтын пошта маркалары, блоктар, маркалы конверттер және (немесе) пошта карточкалары, франкирлеу машиналарының бедерлері, электрондық және өзге де белгiлер; 42) пошта штемпелi – құжаттар мен пошта жөнелтілімдерiне: пошта жөнелтілімiн қабылдауды жүзеге асырған өндiрiстiк объектiнiң атауы, пошта жөнелтілімiнiң жөнелтілу орны, қабылданған күнi мен уақыты; пошта жөнелтілімiн алуды жүзеге асырған өндiрiстiк объектiнiң атауы, межелі жері, алынған күнi мен уақыты; пошта жөнелтілімiн адресатқа жеткiзген және (немесе) табыс еткен өндiрiстiк объектiнiң атауы, жеткiзiлген және (немесе) табыс етілген күнi мен уақыты көрсетілген бедерлерді салуға арналған құрылғы; 43) пошталық ақша аударымы – осы Заңға және Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес жөнелтушінің адресатқа ақша жіберуге арналған тапсырмасын пошта операторының уәкiлеттi орган бекiткен пошта жөнелтілімі бланкісінің нысанын толтыра отырып орындауы бойынша пошта байланысының көрсетілетін қызметі; 44) пошталық құпия – пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылардың пошталық мекенжайы, дербес деректері, пошта жөнелтілімдері, олардың ішіндегісі мен орналасқан жері туралы мәліметтер; 45) пошталық мекенжай (бұдан әрi – мекенжай) – пошта жөнелтілімдерiн және пошталық ақша аударымын жеткiзу және (немесе) табыс ету үшiн пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушы айқындайтын жер; 46) поштамат – пошталық ақша аударымын қоспа­ғанда, пошта жөнелтілімдерін қабылдауға, жіберуге, сақтау­ға, жеткізуге (табыс етуге) және алуға арналған автомат­тандырылған құрылғы; 47) пошташы – пошта операторымен еңбек қатынастарында тұратын, жөнелтушіден пошта жөнелтілімдерін қабылдауды, сондай-ақ пошта жөнелтілімін адресатқа немесе жөнелтушіге жеткізуді және (немесе) табыс етуді жүзеге асыратын жұмыс­кер; 48) сәйкестендіру – пошта операторы жұмыскерлерінің, Ұлттық пошта операторының жеке тұлғаның ұсынылған жеке басты куәландыратын құжатқа сәйкестігін белгілеуге бағытталған әрекеттері; 49) тағайындалған оператор – пошта байланысының қызметтерін көрсетуді қамтамасыз ету және Қазақстан Респуб­ликасының бүкіл аумағында Дүниежүзілік пошта одағының актілерінен туындайтын, өздеріне қатысты міндеттемелерді орындау үшін уәкілетті орган тағайындайтын пошта опе­раторы; 50) тариф – пошта операторының көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу мөлшерi; 51) тiркелетiн пошта жөнелтілімi – жөнелтушiге пошта жөнелтіліміне пошталық тіркеу нөмірін (сәйкестендіру әріптік-цифрлық штрих-код) қою арқылы түбiртек беріліп, қабылданатын және адресатқа қолхат арқылы табыс етiлетiн жазбаша хат-хабар, жіберілім; 52) тіркелмейтін пошта жөнелтілімі – жөнелтушілерге қабылданғаны туралы түбіртек берместен (пошталық тіркеу нөмірін, сәйкестендіру әріптік-цифрлық штрих-код берместен) пошта жәшіктері немесе өндірістік объектілер арқылы қабылданатын және қолхат алмай адресатқа жеткізілетін жазбаша хат-хабар; 53) ұлттық пошта желiсi – Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында әрекет ететін, пошта операторының көрсе­тілетін қызметтерін пайдаланушыларға сол арқылы қызметтер ұсынылатын Ұлттық пошта операторының пошта желісі; 54) Ұлттық пошта операторы – осы Заңда көзделген міндеттемелер жүктелген, акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, пошта саласындағы уәкілетті орган айқындайтын пошта операторы; 55) үстеме төлемді пошта жөнелтілімі – беру кезінде жөнелтуші пошта операторына адресаттан өзі белгілеген ақша сомасын (үстеме төлем сомасын) алуды және оны жөнел­тушінің мекенжайына жіберуді тапсыратын пошта жөнелтілімі; 56) филателиялық өнім – коллекция объектілері болып табылатын, пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін және филателиялық өнімді шығару, өткізу қағидаларына сәйкес пошта айналымынан алынған пошта төлемінің мемлекеттік белгілері; 57) франкирлеу машинасы – жазбаша хат-хабарға пошта байланысының көрсетілетін қызметтеріне ақы төленгенiн, жазбаша хат-хабардың және басқа да ақпараттың қабылданған күнін растайтын бедерлер салуға арналған құрылғы; 58) халықаралық қайтарым купоны – Дүниежүзілiк пошта одағы айналымға енгiзетiн, Дүниежүзілік пошта одағына мүше кез келген елде пошта маркаларына айырбастауға жататын, әуе көлiгiмен жіберiлетiн, массасы жиырма грамға дейiнгi жай халықаралық хаттың ең төмен ақысын білдiретiн құжат; 59) халықаралық пошта алмасу орны – халықаралық кіріс және шығыс пошта жөнелтілімдерін өңдеу жүзеге асырылатын, сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдары көр­сетілген жөнелтілімдерге кедендік бақылау жүргізетін өндірістік объект; 60) халықаралық пошта жөнелтілімi – Қазақстан Респуб­ликасы аумағының тыс жерлерге жiберу үшiн қабылданатын, Қазақстан Республикасының аумағына келiп түсетiн не Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтетiн пошта жөнелтiлімі; 61) хат – мөлшері, массасы және буып-түю тәсілі пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларына сәйкес көзделген, жазбаша хабарламамен және басқа да ұсақ заттармен бірге жiберiлетiн, тіркелмейтін және тіркелетін пошта жөнелтiлімі; 62) ішкі пошта жөнелтілімі – Қазақстан Республикасының аумағы шегінде жіберу үшін қабылданатын пошта жөнелтілімі; 63) электрондық абоненттік пошта жәшігі – электрондық хаттар (хабарлар) мен құжаттарды қабылдау және жеткізу үшін Ұлттық пошта операторының немесе пошта операторының ақпараттық жүйесінде құрылатын пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушының домендік атауы; 64) электрондық хат (хабар) – телекоммуникациялар желісін, интернет немесе электрондық жеткізгіштерді пайдалана отырып, электрондық нысанда жіберілетін ақпарат. 2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы Осы Заңның күші Қазақстан Республикасының аума­ғында пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға, сондай-ақ пошта саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қолданылады. 3-бап. Қазақстан Республикасының пошта туралы заңнамасы 1. Қазақстан Республикасының пошта туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады. 2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады. 4-бап. Пошта қызметінің негізгі қағидаттары Мыналар: 1) пошта байланысы саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде заңдылықтың сақталуы; 2) Қазақстан Республикасының аумағында пошта операто­рының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыларға пошта байланысының көрсетілетін қызметтерінің қолже­тiмдiлігі; 3) пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдалану­шылардың құқықтары мен мүдделерiн пошта операторларының сақтауы; 4) Қазақстан Республикасының аумағында пош­та жөнелтi­лімдерi қозғалысының және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы халықаралық пошта жөнелтілімдері транзитінің еркіндігі; 5) пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну және осы қызметтiң нәтижелерiн пайдалану кезінде жеке және заңды тұлғалар құқықтарының теңдiгi; 6) пошта құпиясын қамтамасыз ету; 7) Қазақстан Республикасында ұлттық пошта желісінің дамуын және жұмыс істеуін қамтамасыз ету; 8) пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдала­нушыларға пошта байланысының қызметтерін көрсету кезінде пошта операторлары үшін пошта байланысы саласындағы қағидалар мен талаптар бiрлiгi пошта қызметінің қағидаттары болып табылады. 2-тарау. ПОШТА САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ 5-бап. Пошта саласындағы мемлекеттік органдардың құзыреті 1. Уәкiлеттi орган: 1) пошта саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады; 2) Қазақстан Республикасының аумағында пошта саласындағы қызметтi реттеудi жүзеге асырады; 3) Қазақстан Республикасының пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну жөніндегі заңнамасының сақта­луын бақылауды жүзеге асырады; 4) Ұлттық пошта операторының ұсынысы бойынша пошта төлемiнiң мемлекеттiк белгiлерiнiң түрлерi мен шығарылу көлемiн бекiтедi; 5) пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін және филателиялық өнімді шығару, өткізу қағидаларын бекітеді; 6) пошта төлемi белгiлерiнiң мемлекеттiк коллекциясын қалыптастырады; 7) Қазақстан Республикасында пошта индекстерін беру жөніндегі қағидаларды бекітеді; 8) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасында пошта қызметін жетілдіруге және дамытуға бағытталған пошта саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді және олардың іске асырылуын ұйымдастырады; 9) арнаулы пошта байланысы қызметі қызметкерлерінің нысанды киімінің және Ұлттық пошта операторы жұмыс­керлерінің нысанды киімінің (погонсыз) үлгілерін, оны киіп жүру қағидаларын, онымен қамтамасыз ету нормаларын бекітеді; 10) ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу мақсатында пошта байланысы желілері мен құралдарына қойылатын талаптарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының пошта желілерінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізудің аппараттық-бағдарламалық және техникалық құралдарын енгізу және пайдалану кезіндегі өзара іс-қимыл жасау қағидаларын бекітеді; 11) Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан және Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындаған өкiлеттiктер шегiнде әрекет етедi, басқа мемлекеттермен, халықаралық одақтармен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл кезiнде Қазақстанның пошта байланысы саласындағы мүдделерiн бiлдiредi және қорғайды; 12) кеден ісі саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша Ұлттық пошта операторының немесе пошта операторларының өтініш­тері бойынша халықаралық пошта алмасу орындарын бекітеді; 13) операторды тағайындау және тағайындалған опера­тордың өкілеттіктерін кері қайтарып алу қағидаларын бекітеді; 14) операторды тағайындайды және тағайындалған оператор­дың өкілеттіктерін кері қайтарып алады; 15) пошта операторларының атаулы құрылғыларды қолдану қағидаларын бекітеді; 16) пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларын бекітеді; 17) пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін қоспағанда, пошта операторының пошта төлемі белгілерін келіседі, оны пайдалану тәртібін және пошта операторының пошта төлемі белгілеріне қойылатын талаптарды айқындайды; 18) филателиялық өнім ретінде пайдалану мақсатында пошта төлемінің мемлекеттік белгісін пошта айналымынан алуды жүзеге асырады; 19) электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесінің жұмыс істеуі және электрондық абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесінде пошта операторының көрсеті­летін қызметтерін пайдаланушыларды авторландыру қағидаларын бекітеді; 20) абоненттік пошта жәшіктерін орналастыру, күтіп-ұстау және олардың техникалық сипаттамалары жөніндегі талаптарды бекітеді; 21) пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызмет­терінің сапа көрсеткіштерін бекітеді; 22) пошта операторларының қызметтер көрсетуіне қажетті және жеткілікті, пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылардың дербес деректерінің бірыңғай тізбесін бекітеді; 23) Ұлттық пошта операторын айқындайды; 24) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңда­рында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады. 2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жер­гілікті атқарушы органдары, қаладағы аудандар, аудандық маңы­зы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдері: 1) пошта операторларына өздерінің аумақтарына өндірістік объектілерді орналастыруында жәрдем көрсетеді; 2) әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында пошта байланы­сының тиімді жұмыс істеуіне жәрдемдеседі; 3) кондоминиум объектілерін басқару органдарымен, тұрғын және тұрғын емес ғимараттардың меншік иелерімен олардың абоненттік пошта жәшіктерін қамтамасыз етуі және оларды тиісінше пайдалану жөнінде жұмыс жүргізеді. 6-бап. Пошта саласындағы құпияны қамтамасыз ету 1. Мемлекет әрбір пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыға пошта құпиясы құқығына кепілдік береді. Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей белгі­ленген жағдайларда және тәртіппен ғана осы құқықты шектеулерге жол беріледі. 2. Пошта саласындағы құпия пошта құпиясы және банк құпиясы болып бөлінеді. Пошта құпиясын және банк құпиясын сақтау және қамтамасыз ету жөніндегі талаптар осы Заңда және «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді. 3. Пошта операторлары пошта саласындағы құпияны қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды сақтауға міндетті. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, пошта жөнелтілімдерін ашу процесіне қатысқан пошта операторларының жұмыскерлері Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей белгіленген жағдай­ларды қоспағанда, пошта құпиясын сақтаумен байланысты ақпаратты жариялауға құқылы емес. 4. Пошта саласындағы құпияның бұзылуына жол берген пошта операторларының лауазымды адамдары мен басқа да жұмыскерлері, сондай-ақ өзге де жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапқа тар­тылады. 5. Пошта жөнелтілімдерін қарап-тексеруді, алуды және тыйым салуды Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда ғана соттар, құқық қорғау органдары және арнаулы мемлекеттік органдар жүзеге асырады. 7-бап. Пошта операторларының жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдармен өзара іс-қимылы 1. Қазақстан Республикасының аумағында пошта қызметін жүзеге асыратын пошта операторлары Қазақстан Респуб­ликасының заңнамалық актілеріне сәйкес пошта байланысы желілерінде жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдарға пошта байланысының барлық желілерінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізудің ұйымдастырушылық және техникалық мүмкіндіктерін, пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылар туралы қызметтік ақпаратқа қолже­тімділікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ көрсетілген іс-шараларды өткізу нысандары мен тәсілдерінің ашылуын болдырмау жөнінде шаралар қолдануға міндетті. Уәкілетті орган ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу мақсатында пошта байланысы желілері мен құралдарына қойылатын талаптарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының пошта желілерінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізудің аппараттық-бағдарламалық және техникалық құралдарын енгізу және пайдалану кезіндегі өзара іс-қимыл жасау қағидаларын айқындайды. Пошта операторлары жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуді, дербес деректер туралы ақпарат жинауды және сақтауды қамтамасыз ететін техникалық құралдар мен жаб­дықты пошта желілерінде орнатуға міндетті. Дербес деректер туралы ақпаратты сақтау мерзімі пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында айқындалады. 2. Пошта операторларының жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдармен өзара қатынастары «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен және осы Заңмен реттеледі. 8. Пошта саласында көрсетілетін қызметтерге тарифтер 1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, пошта саласында көрсетілетін қызметтерге тариф­терді пошта операторлары негiзделген шығындар негiзiнде өзі дербес белгілейді. 2. Пошта операторлары көрсететін пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтеріне тарифтерді (бағаларды, алым мөлшерлемелерін) және олардың шекті деңгейін «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен уәкілетті орган бекітеді. Тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілері болып табылатын пошта операторларының көрсетілетін қызметтеріне баға белгілеу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді. 3-тарау. ПОШТА САЛАСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТ 9-бап. Пошта саласындағы қызмет 1. Қазақстан Республикасында пошта саласында мынадай қызмет түрлері: 1) пошта қызметі; 2) осы Заңға сәйкес пошта саласындағы өзге де қызмет қолданылады. 2. Пошта қызметіне мынадай пошта байланысының көрсеті­летін қызметтері жатады: 1) пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтері; 2) тiркелетiн пошта жөнелтiлімдерiн жiберу бойынша көрсеті­летін қызметтер; 3) пошта байланысының жеделдетілген және курьерлiк көрсетілетін қызметтері; 4) пошталық ақша аударымдары; 5) жаздырып алынатын мерзімді баспа басылымдарын тарату және бөлшек саудада сату бойынша көрсетілетін қызметтер; 6) пошта төлемінің белгілерін және филателиялық өнімді өткізу бойынша көрсетілетін қызметтер; 7) гибридтік жөнелтілімді жіберу бойынша көрсетілетін қызметтер; 8) «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес арнаулы пошта байланысының көрсетілетін қызметтері; 9) пошта байланысының көрсетілетін қызметтерімен тығыз байланыста ұсынылатын өзге де көрсетілетін қызметтер. 3. Пошта саласындағы өзге де қызметке: 1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген банк операциялары, қаржылық көрсетілетін қызметтер; 2) тауарларды (жүктерді) тасымалдау, өңдеу, қоймаға жинау және сақтау бойынша көрсетілетін қызметтер; 3) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес тапсырма және (немесе) комиссия шарты жағдайларында заңдық әрекеттерді жасау; 4) зейнетақыларды, жәрдемақылар мен өзге де әлеуметтік төлемдерді жеткiзу бойынша көрсетілетін қызметтер жатады. 10-бап. Пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтері 1. Пошта операторы пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерін ұсынған кезде пошта жәшіктерінен жинап алынған және (немесе) өндірістік объектілерде қабылданған және адресатқа тапсырғаны туралы қолхат алмай жеткізілетін, пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылардың тіркелмейтін пошта жөнелтілімдерін жіберу жөніндегі қызмет­терді көрсетеді. Пошта операторының пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерін ұсынуы уәкілетті орган бекіт­кен, пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдала­нушылардың пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің қолжетімділігіне, сапасына және ұсынылу бағасына деген қажеттіліктерін қанағаттандыратын талаптар белгіленетін, пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің сапа көрсеткіштеріне сәйкес жүзеге асырылады. 2. Пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтері мынадай көрсетілетін қызметтер түрлерін: 1) тіркелмейтін хатты жіберу бойынша көрсетілетін қызметті; 2) тіркелмейтін пошта карточкасын жіберу бойынша көрсеті­летін қызметті; 3) тіркелмейтін бандерольді жіберу бойынша көрсетілетін қызметті; 4) жаздырып алынатын мерзiмдi баспасөз басылым­дарын тарату бойынша көрсетілетін қызметті қамтиды. 3. Тіркелмейтін пошта жөнелтілімдері Қазақстан Респуб­ликасының аумағы бойынша да, оның шегінен тыс жерлерге де жіберуге қабылданады. Тіркелмейтін пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін нәрселер мен заттарға қойы­латын талаптар пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында айқындалады. 4. Мемлекеттік органдар мен мемлекеттік заңды тұлғалар арасында тіркелмейтін пошталық жөнелтілімдерді жіберуге, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға тіркелмейтін пошта жөнел­тілімдері түріндегі жазбаша жауаптар жолдауға тыйым салынады. 11-бап. Тіркелетін пошта жөнелтілімдерін жіберу бойынша көрсетілетін қызметтер 1. Тіркелетін пошта жөнелтілімін жіберу пошта жөнел­тілімінің қабылданғанын құжаттық растау, жөнелтушiге түбіртек беру және пошта жөнелтіліміне пошталық тіркеу нөмірін (сәйкестендіру әріптік-цифрлық штрих-код) беру, сондай-ақ пошта жөнелтілімін адресатқа қолхат арқылы табыс ету жолымен жүзеге асырылады. 2. Тіркелетін пошта жөнелтілімдеріне: хат (тапсырысты, құндылығы жарияланған), пошта карточкасы (тапсырысты), бандероль (тапсырысты, құндылығы жарияланған), ұсақ пакет (тапсырысты, құндылығы жарияланған), жіберілімдер (жай, құндылығы жарияланған) жатады. Тіркелетін пошта жөнелтілімдерін жіберу бойынша көрсеті­летін қызметке енгізілетін пошта жөнелтілімдерінің түрлері мен санаттарының қосымша тізбесі пошта байланы­сының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында белгіленеді. Тіркелетін пошта жөнелтілімі қайтарым мекенжайы міндетті түрде көрсетіле отырып, қабылданады. 3. Тіркелетін пошта жөнелтілімдері Қазақстан Республи­касының аумағы бойынша да, оның шегінен тыс жерлерге де қабылданады. Тіркелетін пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін нәрселерге, заттар мен тауарларға қойылатын талаптар пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында айқындалады. 12-бап. Жеделдетілген және курьерлік пошта байла­нысының көрсетілетін қызметтері 1. Пошта операторының жеделдетілген және (немесе) курьер­лік пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну бойынша қызметі пошта жөнелтілімдерін жедел (экспресс) өңдеу, тасы­малдау, жеткізу және (немесе) табыс ету ескеріле отырып және (немесе) осындай пошта жөнелтілімдерін курьердің тасы­мал­­дауы және табыс етуі ескеріле отырып, оларды жіберуден тұрады. 2. Жеделдетілген және курьерлік пошта байланысының көрсетілетін қызметіне: 1) пошта жөнелтілімдерін қабылдау; 2) пошта жөнелтілімдерін өңдеу, сұрыптау, сақтау, тасымалдау және жеткізу; 3) пошта жөнелтілімдерін табыс ету; 4) жөнелтушіні пошта жөнелтілімінің адресатқа табыс етілгені туралы хабардар ету кіреді. 13-бап. Пошталық ақша аударымы 1. Пошталық ақша аударымы тіркелетін пошта жөнелтілімі болып табылады. Пошталық ақша аударымының тәртібі мен оған қойылатын талаптар, сондай-ақ пошта жөнелтілімі бланкісінің нысандары пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін ұсыну қағидаларында белгіленеді. 2. Қазақстан Республикасының ішінде жіберілетін пошталық ақша аударымының сомасы, егер Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыс­татуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасында өзгеше көзделмесе, шектелмейді. Пошталық ақша аударымдары Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында және Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес басқа валюталарда қабылданады. Пошталық ақша аударымдарын шетел валютасында жүзеге асырған кезде, жөнелтуші (алушы) Қазақстан Респуб­ликасының валюталық заңнамасының талаптарына сәйкес қосымша мәліметтер мен құжаттарды табыс етеді. 3. Пошталық аударымдарды жүзеге асыру үшін ақшаны қабылдау қолма-қол ақша және қолма-қол ақшасыз тәсілмен жүргізіледі. Қолма-қол ақшасыз тәсіл кезінде пошталық ақша аударымы пошта операторының банктік шотына ақша және комиссиялық сыйақы сомасы келіп түскеннен кейін жүргізіледі. 14-бап. Жаздырып алынатын мерзімді баспа басылымдарын тарату 1. Жаздырып алынатын мерзімді баспа басылымдарын тарату жөніндегі қызметтерді пошта операторының көрсетілетін қыз­меттерін пайдаланушыларға ұсыну пошта операторы бұқара­лық ақпарат құралдарының меншік иесімен немесе оның өкілімен пошта операторының жаздырып алу каталогіне мерзімді баспа басылымын енгізу жөнінде шарт жасасқаннан кейін жүзеге асырылады. Пошта операторы жаздырып алудың бірыңғай каталогін қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда жүргізеді, онда мерзімді баспа басылымдарының таратылу аумағына қарай республикалық, жергілікті және шетелдік мерзімді баспа басылымдары жөніндегі бөлімдер қамтылуға тиіс. 2. Жаздырып алынатын мерзімді баспа басылымдарын тарату мына кезеңдерден тұрады: 1) бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иесімен немесе оның өкілімен мерзімді баспа басылымдарын таратуға, сондай-ақ пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушыдан тапсырысты қабылдауға және жаздырып алуды ресімдеуге, оның ішінде интернет-ресурсты пайдалана отырып ресімдеуге және мерзімді баспа басылымдарына пошта операторы қабылдаған жаздырып алу бойынша ақпаратты өңдеуді жүзеге асыруға шарт жасасу; 2) пошта операторының мерзімді баспа басылымдарын қабылдауы, өңдеуі, тасымалдауы, пошта операторының көрсе­тілетін қызметтерін пайдаланушыға жеткізуі не мерзімді баспа басылымын пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушының электрондық абоненттік пошта жәшігіне электрондық нысанда жіберуі. 3. Республикалық, жергілікті және шетел мерзімді баспа басылымдарына жазылуды пошта операторы немесе пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушы өндіріс­тік объектілер немесе интернет-ресурстар арқылы жүзеге асырады. Жаздырып алынатын республикалық мерзімді баспа басы­лымдарын Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тарату бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган беретін құжатқа сәйкес жүзеге асырылады, ал жергілікті мерзімді баспа басылымдарын тарату облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары беретін тиісті құжатта көрсетілген облыс, респуб­ликалық маңызы бар қала, астана аумағында жүзеге асырылады. 4. Жаздырып алынатын шетелдік мерзімді баспа басы­лымдарын тарату «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бұқаралық ақпа­рат құралдары саласындағы уәкілетті орган, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары беретін Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдік мерзімді баспа басылымдарын есепке алу туралы құжатта көрсетілген аумақта жүзеге асырылады. 15-бап. Мерзімді баспа басылымдарын бөлшек сауда арқылы сату 1. Пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдала­нушыларға мерзімді баспа басылымдарын бөлшек сауда арқылы сату жөніндегі қызметтерді ұсынуды пошта операторы бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иесімен немесе оның өкілімен жасалған шарт негізінде жүзеге асырады. 2. Шетелдік мерзімді баспа басылымдарын бөлшек сауда арқылы сатуды пошта операторы Қазақстан Республикасында таратылатын, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары беретін Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдік мерзімді баспа басылымдарын есепке алу туралы құжатта көрсетілген аумақта жүзеге асырады. 16-бап. Пошта төлемінің белгілерін өткізу 1. Пошта төлемінің белгілері пошта операторының жазбаша хат-хабарды жіберу жөніндегі қызметтеріне қолданыстағы тарифтерге сәйкес ақы төленгенін растауға арналған. Пошта төлемінің белгілерін қолдану жазбаша хат-хабар жөнелтілімдеріне ғана жүзеге асырылады. 2. Пошта операторы, пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін қоспағанда, уәкілетті органмен келісілген пошта төлемінің белгілерін пайдаланады. 3. Пошта операторлары Қазақстан Республикасының аумағында ішкі және халықаралық жазбаша хат-хабарды жіберуді пошта төлемінің белгілері болған кезде ғана жүзеге асырады. 4. Сатылған пошта төлемінің белгілері, оның ішінде мемлекеттік белгілер қайтарылуға және ауыстырылуға жатпайды. 5. Пошта жөнелтілімінде пошта төлемінің белгілері болмаған немесе белгіленген тариф ішінара төленген кезде, пошта операторы мұндай пошта жөнелтілімін жөнелтушіге қайтарады. 6. Ластанған, бүлінген, пайдаланылған (өтелген), айналымнан алынған пошта төлемінің белгілері, сондай-ақ басқа мемлекет­тердің пошта төлемінің белгілері пошта байланысының көрсе­тілетін қызметтерін тө