• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Сәуір, 2016

Кеңесіп пішпеген тон келте болар...

327 рет
көрсетілді

Осы жуырда ғана облыс орталығының көшелерінен жаңадан пайдалануға берілді деген 36 автобус бағыттардан алынып тасталды  Мәселенің мәнісіне келсек, бұл былай: өткен жылдың желтоқсан айында облыс орталығындағы «№1 автобус паркі» ЖШС жекеше­лен­дірілді. Автопарктің жаңа қожайындары жаңа автобустарын көрсету үшін орталық алаңға алып шықты. Бірақ, қала тұрғындары авто­паркті сатып ал­ған ал­матылық кәсіпкерлердің бұл мақсаттарына соншалықты сенімді де бола қоймады.  Сол кезде-ақ тұрғындар 36 автобус­тың облыс орталығының көшелеріне жетпейтінін, бұрыннан жүретін ша­ғын автобустарды қалдыруын, қалып­тасқан бағыттар желісін өзгерт­пеуді, оңтайландырудың дұрыс жа­сал­мағанын әкімдердің есепті кез­десулерінде де айтып, реніштерін біл­дірген-ді. Осы жиында сөз алған об­лыстың «Азаматтық альянс» қоғам­дық бірлестігінің төрайымы Жанна Бороздина «Оңтайландыру жобасын жасаған алматылық ғалымдардың аты-жөндерін, өздерін халық танып-білуі тиіс», деді. Қала тұрғындары Байболат Баймағанбет бастаған ғалымдарды қоғамдық тыңдауларға шақырды. Мәселенің мәнісі, 2015 жылы жаз айларында Павлодар қаласындағы қо­ғамдық көлік қозғалысы кешенін жаңғырту мақсатында Алматы көлік және коммуникация ғылыми-зерттеу институтының мамандары келіп, жобаны қолға алады. Естуімізше, маман­дарды «Көлік және коммуни­кациялар ғылыми-зерттеу институты» ЖШС ди­­ректорының орынбасары Байболат Баймаханбет бастап келіпті. Заман өз­герісіне сай, әрине, автопарктердің жаңарып отыруы да заңды. Бірақ, жалпы, қала тұрғындарының ортақ пікірінше, облыс орталығының көшелеріне, маршруттық бағыттарға оңтайландыру жүйесін жасауды өзіміздің жергілікті ғалымдарға тапсырған әлдеқайда дұрыс, ұтымды болар еді. Жергілікті мамандар, ғалымдар облыс орталығының шағын аудандарын, көшелерін, халықтың жағдайын, солтүстік өңірдің ауа райы­н жақсы біледі. Өздері де көлік тасы­малы қызметтерін пайдаланады. Сон­дықтан да алматылық ғалымдардың толық, дұрыс зерттеу жүргізбегеніне, олардың жасаған негізсіз оңтайландыру жүйесіне қазір халық наразы. Аял­дамада тұрған әрбір тұрғынмен сөй­лесе қалсаңыз, осындай ренішті пікір­ді естисіз. Былайша айтқанда, алма­тылық ғалымдар халықты емес, әкімдердің тапсырыстарын орындап, оларды тыңдап асығыс жұмыс жүргізді. Қоғамдық көліктермен қарапайым халық жүретіндіктен оңтайландыру мәселесі бірінші қала тұрғындарымен талқыланған жоқ. Байболат Баймағанбет бастаған ғалымдар алдымен тұрғындарға  «Сіз­ді қоғамдық көлік жұмысындағы қоз­ғалыс тұрақтылығы, автобустар жағдайы, қызмет көрсету сапасы, маршрут желісі қанағаттандыра ма, сіздің ұсыныстарыңыз қандай?» деп, мысалы, арнайы сауалдама жүргізулері керек еді. Қала тұрғындарын бір тыңдап алғандары әлі де кеш емес. Маршруттық жүйені оңтайландыру шараларын жүргізіп, жобасын жасағандары үшін алматылық ғалымдарға 50-60 миллиондай қаражат жұмсалған көрінеді. Құқық қорғау орындары тексеріс жүргізсе, бұл ақшаның жобаға қалай жұмсалғанын анықтап та берер. Жергілікті билік оңтайландыру жүйесіне жасалатын жобаға бөлінетін 60 миллион теңгені халықтан жасырмай алдын ала айтулары керек еді. Ғалымдар келіп, алдымен қала тұрғындарымен ақылдасып барып, қоғамдық тыңдаулар жүргізілуі қажет болатын. Алматылық ғалымдардың жобалары бойынша павлодарлықтар қоршаған ортаға зияны мол ескі автобус­тардан құтылады екен. Бұл – бір. Екіншіден, алматылық ғалымдар трамвай және автобус бағыттарын көбейтуді жоспарлайды. Трамвай демекші, осыдан 5-6 жыл бұрын трамвай рельстерін бұзып, жаңартып, Варшава трамвайларын жүргіземіз деген сол кездегі әкімдердің жобасы да қателік болып, жүзеге аспай қалды. Халық орныққан сапалы рельстерді талқандауға жол бермеді. Үшіншіден, алматылық ғалымдар жол жүру ақысын электронды түрде төлеу мүмкіндігін де қарастырыпты. Облыс орталығында 200-ге жуық терминалдар орналастырылады. Мәселенің мәнісі, Павлодар Алматы сияқты үлкен мегаполис емес. Үш жүз мыңнан асатын ғана халқы бар қала, облыс орталығы. Өзіндік ерекшеліктері бар. Соған сәйкес көшелері, қала ішіндегі шағын аудандарды, алыс-жақын көшелерді байланыстыратын көлік қозғалысы алматылық ғалымдар келгенше дұрыс жасалған жоба болды. Халық бұл бағыттарға әбден үйренген. Өйткені, бұл ескі жоба әуелден қалыптасқан, облыс орталығын өте жақсы білетін мамандардың қатысуымен жасалған-ды. Бұл жобаны бұзу, халықтың наразылығын тудыру не үшін қажет болды сонда?.. Өзің білме, білгеннің тілін алманың кері болды да шықты. Өйткені, мұның себебі бізде қандай да бір жаңа жоба, жаңалықты қолға алмастан бұрын сол мәселені бүге-шігесіне дейін зерттеп, зерделеп, екшеп алу жоқ. Автобустармен, шағын автобустармен ғана жүретін қала тұрғындары қазір әрі-сәрі күйде. Халық әбден үйреніп қалған жолаушыларды тасымалдайтын шағын автобустардың бағыттары өзгерді. Күн аязда аялдама маңында жаңа автобустарды сағаттап күтуге мәжбүр болды.  Көлік қозғалысы кешенін жаңғырту мақсатында жергілікті билік бастама көтерді. Дұрыс-ақ. Басты мақсат – жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру, қаланың орталық негізгі көшелері арқылы қатынайтын шағын автобустарды оңтайландыру. Бірақ, алматылық ғалымдардың біздің облыс орталығын жақсы білмегендіктен, көше нарығын дұрыс зерттей алмағандарынан ба, халықтың, көпшіліктің ұсыныс- пі­кірлері тыңдалмаған соң ба, бұл мақ­сат керісінше, жұртшылықтың на­разылығын тудырды. Алматылық көлік және коммуникация ғылыми-зерттеу институты мамандарының әкімдер берген шұғыл тапсырманы шала-шарпы орындағандарының кесірі тұрғындарға тиді. Мәліметтерге қарасақ, облыс орталығында 86362 жеңіл және 10835 жүк көлігі бар дейді. Облыс бойын­ша 208 мың 679 көлік тіркеліпті. Қазір әркімнің иелігінде қос-қостан жеңіл көлігі бар. Көшелердегі көлік қозғалысын бұлай тежейміз деу қи­сын­сыз. Орталық көшелер болсын, шеткі көшелер болсын тар. Облыс орталығында көлік кептелістері орын алып жатады. Шенділердің көлігі  жүретін Сәтбаев, Кутузов, Лермонтов. Торайғыров, Шөкин атындағы орта­лық көшелерге шағын автобустарды жүр­гізбей, мүлде алып тастады. Қоғамдық кө­лік қозғалысының шамадан тыс күр­де­­лілігіне байланысты шағын автобус­тардың жүру бағыты Абай, Ко­роленко сияқты шағын көшелерге ауыстырылды дейді. Халықтың негізгі баратын, бүкіл шаруаларын, қызмет жасайтын жерлері, әкімшілік орындар, әкімдіктер, басқармалар, пошта, Қазақтелеком, полиция, тағы басқа орындар барлығы орталық көшелер бойында орналасқан. Абай, Короленко көшелері жақта жер үйлерден басқа ештеңе де жоқ. Және де үлкен автобус­тар енді бұрынғыдай бұл көшелерге сыймайды. Бұрылуы, айналып өтуі қиын. Шағын автобустардың тиімділігі – олар тар көшелерге лайық әрі жиі қатынайды. Құрылғанына елу жылдан аса уақыт өткен автопарк жаңа қожайын алғанша қалалық әкімдіктің меншігі саналып келді. Жалпы, мәліметтерге сүйенсек, «№1 автобус паркі» ЖШС бұрын қалалық 12 бағытқа қызмет көрсетті. Ол үшін күн сайын қалалық меншіктегі 110 автобус жүрді. Автобуспен тасымалдау қызметіндегі парктің үлесі қаладағы тасымалдаушылардың арасында 50 пайыздайын құрайды. Осыдан екі жыл бұрын паркке 30 жаңа автобус сатып алынды. Кәсіпорын басшылығы бағыттарда автобустардың қызметін ұйымдастыруға және жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көп көңіл бөлді. Диспетчерлік бекеті болды. Жұмысты реттеу үшін автобустарда GPS треккер-ақпаратшылар белгісін қолданды. Автобустардың техникалық жағынан ақаусыз бағыттарға шығуын қамтамасыз ету үшін парктің мүмкін­діктері жақсы. Тәулік бойы 126 мыңнан астам қала тұрғындары және қонақтары тасымалданады. Қалалық бағыттарда 188 автобус және 400 шағын автобус шығып жүрді. Облыстағы жолаушы тасымалдау­шылар ассоциациясының төрағасы Василий Рудаковтың айтуынша, 36 жаңа автобустың көше бағыттарынан алыну жағдайына келсек, біріншіден, бұл автобустарды сатып алған және оларды саудалаған бизнесмендердің арасында қаржылық мәселелер, яғни несиелік қарыздар төлеміне байланыс­ты даулы жайлар туындаған көрінеді. Сөйтіп, автопаркті сатып алған кезде арадағы келісімдер бойынша жаңа қожайын мекеменің барлық қарыздарын өз мойнына алмақ еді. Барлық талаптарды орындауға уәде берді. Бірақ, оның мекеме қарыздарынан қалай құты­латындығы, техникаларын қалай жаңартатындығы енді мүлде белгісіз. Олай болса, жаңа автобустар қай­тадан иелеріне қайтарылады деген сөз. Екіншіден, Алматының кәсіпкерлері шарт бойынша алдағы жарты жылда біздің қала көшелеріне жаңа автобус­тар жеткізулері керек. Үшіншіден, еуропалық стандарттағы жаңа көліктер солтүстіктің суық ауа райына арналмапты. Енді ғана біліпті. Төртіншіден, автобус әртүрлі елдер құралдарынан жинақталып жасалған, қозғалтқыш Mercedes-ке тиесілі, енді бір бөлшегі Голландияда жасалған. Есіктері дұрыс ашылып -жабылмайды. Басқа да ақаулы тұстары болса керек. Жолаушылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында көше бағыттарынан жедел алынып тастал­ғаны да сол. Желтоқсан айынан бері көше бағыттарына жіберілген жаңа автобустардың қарапайым техникалық тексерулерден өтпегені заңсыз, әрі-беріден соң қылмыс. Қаланың автобус жүретін көлік бағыттары желісін оңтайландыру қажет. Жаңа көліктер жолаушыларды тасымалдау жұмысының тиімділігін арттырады. «Еуро-4» стандартына сай жаңа автобустар сатып алдық. Мұның бәрі тұрғындардың игілігі үшін жасалып жатқан шаралар, деген еді облыстың бұрынғы әкімі Қ.Бозым­баев жаңа авто­бус­тардың келуімен жұртшылықты қуан­тып. Ал қазіргі жағдай жоғарыдағыдай болып тұр... Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» ПАВЛОДАР