2015 жылғы 27 ақпан, Астана қаласы
Топырақты агрохимиялық зерттеп-қарауды жүргізу қағидаларын бекiту туралы
«Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 21) тармақшасына сәйкес бұйырамын:
1. Қоса берiлiп отырған Топырақты агрохимиялық зерттеп-қарауды жүргізу қағидалары бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу және фитосанитариялық қауіпсіздік департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялаңуға жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министрдің міндетін атқарушы С.ОМАРОВ
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі __________ Б.Сұлтанов
8 наурыз 2015 жыл
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі __________ Е.Досаев
10 наурыз 2015 жыл
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы Министрінің міндетін
атқарушысының 2015 жылғы 27 ақпандағы №4-1/147 бұйрығымен бекітілген
Топырақты агрохимиялық зерттеп-қарауды жүргізу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Топырақты агрохимиялық зерттеп-қарауды жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 21) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған ауыл шаруашылығы өндірісіне агрохимиялық қызмет көрсету саласындағы мемлекеттік мекеменің (бұдан әрі – мемлекеттік мекеме) егістік топырағын агрохимиялық зерттеп-қарауды жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер пайдаланылады:
1) агрохимиялық зерттеп-қарау – топырақтағы өсімдіктерді минералдық қоректендіру элементтері, қарашірік, тұз режимінің рН, микроэлементтер құрамын айқындау;
2) агрохимиялық картограмма – топырақтың өсімдіктер үшін сіңімді қоректік элементтер – қарашірікпен, микро- және макроэлементтермен қамтамасыз етілуі дәрежесін түрлі-түсті көріністе көрсететін карта;
3) агрохимиялық зерттеп-қараудың кезеңділігі – агрохимиялық зерттеп-қарау арасындағы уақытша кезең;
4) әсер етуші зат – қоректік элементтің атауы және оның агрохимикаттағы пайызбен көрсетілген құрамы;
5) біріккен сынама (үлгі) – элементарлық учаске шегінде іріктеп алынған жеке (нақтыланған) сынамалардың қоспасы;
6) геоақпараттық жүйе – сандық картографиялық және мәтіндік ақпаратты пайдалана отырып, деректерді жинауға, өңдеуге, талдауға, үлгілеуге және көрсетуге, сондай-ақ ақпараттық және есептік міндеттерді шешуге арналған автоматтандырылған жүйе;
7) егiстiк – жүйелi түрде өңделетiн және көп жылдық шөптердiң егiстiгiн қоса алғанда, ауыл шаруашылығы дақылдарының егiстiгiне пайдаланылатын жер учаскелерi, сондай-ақ сүрi жер. Алдын ала егiлетiн дақылдардың егiстiгi орналасқан (үш жылдан аспайтын уақыт ішіңде), түбегейлi жақсарту мақсатында жыртылған шабындықтар мен жайылымдардың жер учаскелерi, сондай-ақ бақтардың егiске пайдаланылатын қатар аралығы егiстiкке жатпайды;
8) жер учаскесі – тұйық шекараларда бөлінген, 2007 жылғы 6 шілдедегі Жер кодексімен белгіленген тәртіппен жер қатынастары субъектілеріне бекітіліп берілген жер бөлігі;
9) жерді пайдалану жоспары – жерді пайдаланудың кеңістіктегі жағдайы мен мөлшері туралы көрнекі түсінік беретін, жерлердің құрамы мен алқабы туралы ақпаратты қамтитын жерді пайдалануға арналған картографиялық құжат;
10) жиынтық талдау ведомості – топырақтағы макро- және микроэлементтер құрамына жүргізілген химиялық талдаулар нәтижелерінен тұратын агрохимиялық көрсеткіштердің есептік құжаты;
11) жұмыс учаскесі – рельефтер (суайрық, беткей, беткейдің төмендеуі, жайылма алқап) бойынша белгілі бір орын алатын және жерге орналастыру жұмыстарын жүргізу кезінде шаруашылық ішілік жерге орналастыру жоспарында бөлінетін, егістіктердің жеке өңделетін аланының бөлігі;
12) жыртылатын қабат – топырақтың ұдайы механикалық өңдеуге ұшырайтын қабаты;
13) қарашірік – өсімдіктер мен жануарлар қалдықтарының биохимиялық өзгеруі нәтижесінде пайда болатын, топырақтың органикалық, әдетте қара түсті бөлігі;
14) қойтастану – топырақта қойтастардың (тастардың) болуы;
15) микроэлементтер – топырақта, өсімдіктерде және тірі организмдерде мардымсыз мөлшерде болатын химиялық элементтер;
16) өзен алқабы – өзен алабының ұзақ уақыт бойы су астында қалатын бөлігі;
17) паспорттық ведомость – әрбір танаптың егжей-тегжейлі топырақтың-агрохимиялық және агрономиялық сипаттамасын қамтитын құжат;
18) суармалы жерлер – ауыл шаруашылығы дақылдары суармалы жағдайда өсірілетін жерлер;
19) тәлімі жерлер – ауыл шаруашылығы дақылдары суарылмай өсірілетін жерлер;
20) топырақ – судың, ауаның және организмдердің бірлескен әсерінен литосфераның жоғары қабаттарының өзгеруі нәтижесінде туындайтын, генетикалық байланысты қабаттардан тұратын (топырақ пішінін құрайды), тірі және тірі емес табиғатқа тән бірқатар қасиеттері бар ерекше табиғи құрылым;
21) топырақ кешені – үзбей қайталанып, бірін-бірі бірнеше метрден кейін алмастырып отыратын, әртүрлі топырақтың кезектесетін ұсақ учаскелерінен тұратын теңбіл топырақ жамылғысы;
22) топырақ құнарлылығы – топырақтың өсімдіктерді сіңімді қоректік заттармен, ылғалмен қамтамасыз ету және өнім беру қабілеті;
23) топырақ сынамасы – зертханалық зерттеу үшін іріктеп алынған топырақ материалының сынамасы;
24) топырақтың сортандануы – топырақта тұздар шоғырының артуы, ол нәтижесінде өсімдіктердің өсуін мүмкін емес етеді;
25) топырақтың эрозияға ұшырауы – топырақтың жоғары қабатының бұзылуы, шайылуы және желмен ұшуы;
26) чек – күріш өсіруге арналған танап учаскесі;
27) элементарлық учаске – бір біріккен сынамамен сипатталатын егістігінің алаңы.
2. Топырақты агрохимиялық зерттеп-қарауды жүргізу тәртібі
3. Топырақты агрохимиялық зерттеп-қарау егістік топырағының құнарлылығы көрсеткіштерін айқындау үшін жүргізіледі.
4. Топырақ құнарлылығы көрсеткіштеріне:
1) қарашірік; 4) жеңіл ыдырайтын, сілтілі ыдырайтын және нитратты азот;
2) жылжымалы фосфор; 5) тұз режимінің рН;
3) ауыспалы калий;
6) микроэлементтердің (марганец, мырыш, мыс, кобальт, молибден, күкірт, бор, никель, темір, хром) жылжымалы қоспалары;
7) су сығындысының катиондық-аниондық құрамының болуы жатады.
5. Топырақты агрохимиялық зерттеп-қарауды жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының аумағы күрделілік дәрежесіне қарай мынадай санаттарға бөлінеді:
бірінші санат:
зерттеп-қаралатын алқапта он пайыздан аспайтын топырақ кешені болған кезде рельефі жазық, әлсіз бөлшектелген және біркелкі топырақ жамылғысы бар далалық және шөлейттік аймақ аудандары;
екінші санат:
1) зерттеп-қаралатын алқапта он пайыздан аспайтын топырақ кешені болған кезде рельефі жай көлбеу беткейлі, кең сайаралық кеңістіктерге бөлшектелген біркелкі топырақ жамылғысы бар орманды далалық, далалық және шөлейттік аймақ аудандары;
2) топырақ кешендері немесе топырағы эрозияға ұшыраған алқаптар оннан жиырма пайызға дейінгі бірінші санатты аудандар;
үшінші санат:
1) рельефі жай ойлы-қырлы, құлдилылығы және ұзындылығы әр түрлі беткейлі кең сайаралық аумақтарға бөлшектелген біркелкі емес топырақ жамылғысы бар орманды далалық және далалық аймақ аудандары;
2) топырақ кешендері немесе топырағы эрозияға ұшыраған алқаптар жиырмадан қырық пайызға дейінгі бірінші санатты аудандар және топырақ кешендері немесе топырағы эрозияға ұшыраған алқаптар оннан жиырма пайызға дейінгі екінші санатты аудандар;
3) әр түрлі дәрежеде қойтасталған топырақ;
4) қайталама сортаңдалу белгілері жоқ жақсы күйдегі суармалы жерлер;
5) қайталама немесе қалдықты батпақтану белгілері жоқ жақсы күйдегі құрғатылған жерлер;
төртінші санат:
1) рельефі бөлшектелген, түрлі топыраққұрауыш жынысты және топырағының жиырма-қырық пайызы эрозияға ұшыраған орманды далалық аймақ аудандары;
2) топырағы күшті кешенделген және эрозияға ұшыраған, аудандар аумағының қырық-алпыс пайызын құрайтын далалық, шөлейт және шөлді аумақтар;
3) он бес пайызға дейінгі алқаптағы топырағы қайталама сортаңдалған суармалы жерлер;
4) он бес пайызға дейінгі алқабының қайталама немесе қалдықты батпақтану белгілері бар құрғатылған жерлер;
5) жиырма пайызға дейін сортаңдалған және бұталанған алқаптары бар өзен алқаптары, сағалары және атырауларының топырағы;
6) бөлшектелген аумақтар.
бесінші санат:
1) топырақтың кешенделуі мен эрозияға ұшырауы алпыс пайыздан астам дамыған далалық, шөлейт және шөлді аумақтар;
2) таулар және орманды тау етектері;
3) күрделі біркелкі емес топырақ жамылғысы бар алқаптар, сағалар және атыраулар (топырақтың механикалық құрамы түрлі, сортаңданған, алқабының жиырма пайыздан астамы батпақтанған немесе сортаңданған);
4) он бес пайыздан астам алқапта қайталама сортаңдану белгілері бар суармалы жерлер;
5) он бес пайыздан астам алқапта қайталама немесе қалдықты батпақтану белгілері бар құрғатылған жерлер.
6. Жыртылатын қабаттағы қарашіріктің, жылжымалы фосфордың, ауыспалы калийдің, жеңіл ыдырайтын, сілтілі ыдырайтын және нитратты азоттың, тұз режимінің рН, микроэлементтердің (марганец, мырыш, мыс, кобальт, молибден, күкірт, бор, никель, темір, хром) жылжымалы қоспаларының орташа өлшемдік құрамы көрсеткіштері мынадай кезенділікпен жүргізілетін топырақты агрохимиялық зерттеп-қарау нәтижелері бойынша айқындалады:
тәлімі жерлер үшін – жеті жыл;
суармалы жерлер үшін – бес жыл;
химиялық мелиоранттар қолданатын шаруашылықтар үшін – бес жыл;
мемлекеттік сорттық учаскелер, тәжірибиелік шаруашылықтар үшін – үш жыл.
Жер учаскелерінің меншік иелерінің және (немесе) жер пайдаланушылардың өтінімдері бойынша қайталама зерттеп-қараулар арасындағы мерзімді қысқартуға жол беріледі.
7. Мемлекеттік мекеме жыл сайынғы зерттеп-қарау жүргізудің жұмыс жоспарларын жасайды және облыстардың ауыл шаруашылығы басқармасымен келіседі, оларда:
1) зерттеп-қарауға жататын егістік алаңдарының көлемдері;
2) облыс аудандары бойынша жұмыс жүргізудің кезектілігі;
3) осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген топырақты агрохимиялық зерттеп-қарауды жүргізу кезеңділігі көзделеді.
Облыс ауданының, ауылдық округтің топырағын агрохимиялық зерттеп-қарау бір далалық маусым ішінде жүргізіледі.
Мемлекеттік мекеме топырақты агрохимиялық зерттеп-қарауды бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ жер учаскесінің меншік иесінің және (немесе) жер пайдаланушының өтінімі бойынша – ақылы негізде жүргізеді.
8. Бюджет қаражаты есебінен топырақты агрохимиялық зерттеп-қарауды жүргізер алдында мемлекеттік мекеме жер учаскелерінің меншік иелеріне және (немесе) жер пайдаланушыларға осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша топырақты агрохимиялық зерттеп-қарау туралы хабарлама береді.
9. Жер учаскелерінің контурлары салынған аумақтың жерін пайдалану жоспары топырақты агрохимиялық зерттеп-қарауды жүргізудің картографиялық негізі болып табылады.
10. Топырақты зерттеп-қарауды жүргізуді бастар алдында мемлекеттік мекеменің қызметкері жер учаскесінің меншік иесімен және (немесе) жер пайдаланушымен бірге егістікті байқап қарайды, топырақтың типі мен түрін айқындайды, көзбен қарап нақтылайды және жер пайдалану жоспарына жағдайдағы (жаңа жолдар, танаптар шекаралары, отырғызылған ағаштар) өзгерістер енгізеді, жұмыс учаскелерінің схемасы мен оларды нөмірлеуді келіседі, жол бойындағы және фермалар маңындағы ерекше зерттеп-қарау аймақтарын, су қорғау аймақтарын бөледі, соңғы үш жыл ішіндегі ауыл шаруашылығы дақылдары егістерінің орналасуын, олардың жағдайын, ластану, фитоулылық біліну деңгейін нақтылайды, тыңайтқыштардың жоғары мөлшерімен жүйелі түрде тыңайтылатын танаптар мен өндірістік учаскелерді бөледі, танаптардың эрозияланғанын, бұталанғанын және қойтасталғанын белгілейді, суармалы жер бетіндегі тұздың шөгіндісін белгілейді.
11. Топырақты агрохимиялық зерттеп-қарауды жүргізу кезінде айқындалатын барлық көрсеткіштер бойынша осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес агрохимиялық картограммалар жасалады.
Агрохимиялық картограммаларды әзірлеу геоақпараттық жүйе көмегімен жүргізіледі. Далалық зерттеп-қараулардың графикалық нәтижелері далалық жұмыс даналарынан цифрлық карталық негізге ауыстырылады және топырақты агрохимиялық талдау нәтижелерімен байланыстырылады.
Аудандық агрохимиялық картограммаларда картографиялаудың ең төменгі бірлігіне танап, облыстық картограммаларда – шаруашылық қабылданады.
12. Біріккен топырақ сынамаларын іріктеу былайша жүргізіледі:
1) суарылмайтын егіншілік танаптарында минералдық тыңайтқыштарды төмен деңгейде қолдану кезінде топырақ сынамалары барлық өсіп-өну кезеңі ішінде іріктеп алынады;
2) суармалы жерлерде әсер етуші затпен гектарына тоқсан килограмнан аспайтын минералды тыңайтқыштар жүйелі түрде енгізілген жағдайда топырақ сынамалары барлық өсіп-өну кезеңі ішінде, ал әсерлі затпен гектарына тоқсан килограмнан артық ензізілген жағдайда – тыңайтқыштар енгізгенге дейін көктемде немесе оларды енгізгеннен кейін екі және одан көп айдан соң іріктеп алынады;
3) чектерді толтырып немесе батырып суару кезінде топырақ сынамаларын іріктеу батырудан бұрын немесе су қайтқаннан және егін жинағаннан кейін жүргізіледі.
Біріккен сынамаларды іріктеу жиілігі топырақ жамылғысының түрлілігі мен енгізілетін тыңайтқыштар мөлшеріне байланысты белгіленеді және элементарлық учаскелердің ауқымымен айқындалады. Әрбір элементарлық учаскеге реттік нөмір беріледі.
13. Тәлімі жерлерде элементарлық учаскелер торкөзін топырақ жамылғысы мен рельефтегі орнын ескере отырып енгізеді. Элементарлық учаскенің ең жоғары алқабы – жетпіс бес гектарды, суармалы жерде – он гектарды құрайды.
Элементарлық учаскелердің кестесін картографиялық негізге енгізу кезінде олардың шекаралары алдыңғы зерттеп-қараудың элементарлық учаскелерінің шекараларына, спутниктік навигация жүйесінің координаталарына дәл келуі қажет.
14. Әрбір элементарлық учаскеден бір біріккен сынама алынады.
Нүктелік сынамалар қарашірік шегін ескере отырып, нөлден жиырма сантиметрге дейін жыртылатын қабат тереңдігінен алынады.
Топырақ жамылғысының түрлілігін ескере отырып, біріккен сынаманы топырақтың барлық типтерінде жиырма-жиырма бес нүктелік сынамадан құрайды. Біріккен сынаманың салмағы бес жүз грамнан кем болмауы тиіс.
15. Шаруашылықта іріктеп алынған барлық топырақ үлгілеріне элементарлық учаскелер нөмірлеріне сәйкес келетін кезекті бірізділікпен реттік нөмірлер беріледі, олар бір жыл ішінде сақталады.
16. Органикалық затты (қарашірікті), жылжымалы фосфор мен алмасушы калийді, жеңіл ыдырайтын, сілтілі ыдырайтын және нитратты азотты, тұз режимінің рН, марганецтің, мырыштың, мыстың, кобальттың, молибденнің, күкірттің, бордың, никелдің, темірдің және хромның жылжымалы қосындыларын, су сығындысының катиондық-аниондық құрамын айқындау бойынша топырақ сынамаларын химиялық талдау осы Қағидаларға 3-қосымшада көрсетілген мемлекеттік стандарттарға және әдістемелік нұсқауларға сәйкес жүргізіледі.
17. Топырақты агрохимиялық зерттеп-қарау нәтижелері шаруашылық, аудан, облыс, республика деңгейінде қорытылады.
3. Қорытынды ережелер
18. Топырақты агрохимиялық зерттеп-қарауды жүргізу нәтижелері бойынша:
1) осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес жиынтық талдамалық ведомость;
2) осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес паспорттық ведомость;
3) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес агрохимиялық картограмма жасалады.
19. Осы Қағидалардың 18-тармағында көрсетілген құжаттардың негізінде жер учаскелерінің меншік иелеріне және (немесе) жер пайдаланушыларға осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша агрохимиялық очерк жасалады.
Агрохимиялық очерктің нәтижелері бойынша топырақты агрохимиялық зерттеп-қарау нәтижелері туралы қорытынды жасалады, ол жер учаскесінің иесіне және (немесе) жер пайдаланушыға беріледі.
20. Мемлекеттік мекеме топырақты агрохимиялық зерттеп-қарау нәтижелері бойынша аудан, облыс топырағы құнарлылығының агрохимиялық атласын жасайды.
Топырақ құнарлылығының агрохимиялық атласы зерттеп-қарау циклі аяқталғаннан кейін әр облыс үшін аудандар бөлінісінде және әр аудан үшін шаруашылықтар бөлінісінде жасалады.
Агрохимиялық атлас қоректік элементтер, қарашірік құрамының түрлі-түсті картограммаларын және оларға түсініктемелерді қамтиды.
21. Осы Қағидалардың 18-тармағында көрсетілген құжаттар мемлекеттік мекемеде 7 жыл бойы сақталуы тиіс.
Топырақты агрохимиялық зерттеп-қарау нәтижелері Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 25 маусымдағы № 6-1/321 «Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің агрохимиялық жай-күйі туралы ақпараттық деректер банкін құру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен бекітілген тәртіппен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің агрохимиялық жай-күйі туралы ақпараттық деректер банкінде сақталады (нормативтік құқықтық актілер тіркеу Реестрінде тіркелген № 9618).
Ақпараттық деректер банкін қорғау ондағы ақпаратты шифрлау кілтін пайдалана отырып, шифрлау жолымен жүзеге асырылады, оған мемлекеттік мекеме басшысы немесе оның алмастыратын тұлға ғана қол жеткізе алады.
22. Жерді пайдалану және қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектордың сұрау салуы бойынша мемлекеттік мекеме топырақты агрохимиялық зерттеп-қарау нәтижелері туралы агрохимиялық очерк қорытындыларының көшірмелерін ұсынады.
23. Топырақты соңғы екі агрохимиялық зерттеп-қарау нәтижелерін салыстыру кезінде анықталған топырақ құнарлылығының көрсеткіштері төмендеген кезде мемлекеттік мекеме ол туралы жерді пайдалану және қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторды хабардар етеді.
Топырақты агрохимиялық зерттеп-қарауды жүргізу қағидаларына 1-қосымша
Нысан
Топырақты агрохимиялық зерттеп-қарау туралы хабарлама
Мемлекеттік мекеменің мынадай өкілдері:
_________________________________________________________________
_________________________________________________________________
_________________________________________________________________
20__ жылғы ______________ 20__ жылғы _______________ дейінгі мерзімде
_____________________________________________________ топырағын жоспарлы
(жер учаскесінің меншік иесі және (немесе) жер пайдаланушы)
агрохимиялық зерттеп-қарауды жүргізетінін хабарлаймыз.
Зерттеп-қарауға жататын танаптарға мемлекеттік мекеме өкілдерінің кіруін қамтамасыз етуді сұраймын. Зерттеп-қарауды жүргізу кезінде жер учаскесінің меншік иесі және (немесе) жер пайдаланушы тарапынан қатысуға және бақылау жүргізуге жол беріледі.
Басшы: _____________________________________________________________ ________________
(тегі, аты, әкесінің аты (жеке басын растайтын құжатта бар болса) (қолы)
Мөр орны
Топырақты агрохимиялық зерттеп-қарауды жүргізу қағидаларына 2-қосымша
Нысан
Топырақты агрохимиялық зерттеп-қарауды жүргізу қағидаларына 3-қосымша
Нысан
Топырақ сынамаларын талдау жөніндегі құжаттар тізбесі
ОАҚКИ модификациясында Тюрин әдісімен органикалық затты (қарашірікті) айқындау. МемСТ 26213-91;
Никитин модификациясындағы Тюрин әдісімен органикалық затты (қарашірікті) айқындау.МемСТ 62213-91;
Тюрин және Кононова әдісімен жеңіл ыдырайтын азотты айқындау. Агрохимия бойынша практикум: Минеев редакциясы, 2001 жыл;
Корнфилд әдісімен сілтілі ыдырайтын азотты айқындау. Агрохимия бойынша практикум: Минеев редакциясымен, 2001 жыл;
Гранвальд-Ляжу әдісімен нитраттық азотты айқындау. Агрохимия бойынша практикум: Минеев редакциясымен, 2001 жыл;
Ионометриялық әдіспен нитраттарды айқындау. МемСТ 26951-86;
ОАҚКИ әдісімен нитраттарды айқындау. МемСТ 26488-85;
ОАҚКИ модификациясында Мачигин әдісімен карбонаттық топырақтағы жылжымалы фосфор мен калийді айқындау. МемСТ 26205-91;
ОАҚКИ модификациясында Чириков әдісімен карбонаттық емес топырақтағы жылжымалы фосфор мен калийді айқындау. МемСТ 26204-91;
ОАҚКИ модификациясында Кирсанов әдісімен фосфор мен калийдің жылжымалы қосындыларын айқындау. МемСТ 26207;
ОАҚКИ жаңа технологиясы бойынша (автоматтандырылған талдау жүйесінде) Чириков немесе Мачигин бойынша топырақ сығындыларында фосфор мен калийді айқындау. МемСТ 10 256-2000, МемСТ 10 258-2000;
ОАҚКИ модификациясында Тюрин әдісімен қарашірікті айқындау (автоматтандырылған талдау жүйесінде); Ю.М. Логинов, А.Н. Стрельцов. Талдау жұмыстарын автоматтандыру және топырақ құнарлылығы мен өсімдік шаруашылығы өнімінің сапасы мониторингін аспаппен қамтамасыз ету. – М.: Агробизнес – орталық, 2010;
Топырақтағы ауыр металдарды айқындау (автоматтандырылған талдау жүйесінде); Ю.М. Логинов, А.Н. Стрельцов. Талдау жұмыстарын автоматтандыру және топырақ құнарлылығы мен өсімдік шаруашылығы өнімінің сапасы мониторингін аспаппен қамтамасыз ету. – М.: Агробизнес – орталық, 2010;
PRIMACSsnc, SKALAR SAN++ талдауыштарында топырақ құрамын автоматты айқындау (ISO, EN, AOAS, ASBC және т.б. халықаралық талаптарға сәйкестік);
Су сығындысының салыстырмалы электр өткізгіштігін, рН, қатты қалдығын айқындау. МемСТ 26423-85;
Тұз сығындысының салыстырмалы электр өткізгіштігін, рН, қатты қалдығын айқындау. МемСТ 26483-85;
Веригина-Аринушкина бойынша екі- және үшвалентті темірдің жылжымалы қосындыларын айқындау әдісі. МемСТ 27395-87;
Өсімдіктердің ылғалдылығын, мейлінше гигроскопиялық ылғалдылығын және тұрақты солу ылғалдылығын анықтау әдісі. МемСТ 28268-89;
Ауыл шаруашылығы алқаптарындағы және өсімдік өнімдеріндегі ауыр металдарды айқындау, Әдістемелік нұсқаулықтар, Мәскеу, 1992 жыл;
ОАҚКИ модификациясындағы Крупский мен Александрова әдісімен карбонаттық топырақтағы мыс пен кобальттың жылжымалы қосындыларын айқындау. МемСТ 50683-94;
ОАҚКИ модификациясында Пейве мен Ринькис әдісімен мыстың жылжымалы қосындыларын айқындау. МемСТ 50684-94;
ОАҚКИ модификациясында Пейве мен Ринькис әдісімен кобальттың жылжымалы қосындыларын айқындау. МемСТ 50687-94;
ОАҚКИ модификациясында Крупский мен Александрова әдісімен карбонаттық топырақтағы марганецтың жылжымалы қосындыларын айқындау. МемСТ 50685-94;
ОАҚКИ модификациясында Пейве мен Ринькис әдісімен марганецтың жылжымалы қосындыларын айқындау. МемСТ 50682-94;
ОАҚКИ модификациясында Крупский мен Александрова әдісімен карбонаттық топырақтағы мырыштың жылжымалы қосындыларын айқындау. МемСТ 50686-94;
ОАҚКИ модификациясында Григг әдісімен молибденнің жылжымалы қосындыларын айқындау. МемСТ 50689-94;
Топырақтар. ОАҚКИ әдісімен жылжымалы күкіртті айқындау. МемСТ 26490-85;
ОАҚКИ модификациясындағы Бергер мен Труог әдісімен бордың жылжымалы қосындыларын айқындау. МемСТ 50688-94;
Су сығындысындағы карбонат иондарын және бикарбонаттарды айқындау әдістері. МемСТ 26424-85;
Су сығындысындағы кальций мен магнийді айқындау әдістері. МемСТ 26428-85;
АҚКОИ әдісімен ауыспалы кальций мен ауыспалы (жылжымалы) магнийді айқындау әдістері. МемСТ 26487-85;
Су сығындысындағы хлорид ионын айқындау әдістері. МемСТ 26425-85;
Су сығындысындағы сульфат ионын айқындау әдістері. МемСТ 26426-85;
Су сығындысындағы натрий мен калийді айқындау әдістері. МемСТ 26427-85;
Суда еритін кальций мен магнийді айқындау әдістері. МемСТ 27753.9-88;
Топырақты агрохимиялық зерттеп-қарауды жүргізу қағидаларына 4-қосымша
Нысан
Облыс _____________________________
Аудан _______________________________
Шаруашылық__________________________
Зерттеп-қарау жылы _____________________
Жиынтық талдамалық ведомость
№ _____ пен № _____ аралығындағы үлгілер
Үлгі Танап N P2O5 K2O Қарашірік
% рН Үлгі Танап N P2O5 K2O Қарашірік % рН
мг/кг топыраққа мг/кг топыраққа
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14
Зерттеп-қарауды жүргізген ______________________________________________________________________
(тегі, аты, әкесінің аты (жеке басын растайтын құжатта бар болса), лауазымы)
N P2O5 K2O Қарашірік рН
Талдау жүргізген
(тегі, аты, әкесінің аты (жеке басын растайтын құжатта бар болса), лауазымы)
Микроэлементтер бойынша жиынтық талдамалық ведомость
№ _____ мен № _____ аралығындағы үлгілер
Үлгі Танап S Cu Zn Co Mn Үлгі Танап S Cu Zn Co Mn
мг/кг топыраққа мг/кг топыраққа
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14
Зерттеп-қарауды жүргізген _____________________________________________________________________
(тегі, аты, әкесінің аты (жеке басын растайтын құжатта бар болса), лауазымы)
S Cu Zn Co Mn
Талдау жүргізген
(тегі, аты, әкесінің аты (жеке басын растайтын құжатта болған жағдайда), лауазымы)
Топырақты агрохимиялық зерттеп-қарауды жүргізу қағидаларына 5-қосымша
Нысан
Облыс _____________________________
Аудан _______________________________
Шаруашылық__________________________
Зерттеп-қарау жылы _____________________
Паспорттық ведомость
Жер учаскелері топырағының негізгі агрохимиялық сипаттамалары
Рет № Танап Алқап, га Топы-рақ типі Жеңіл ыды-райтын азот Жылжымалы фосфор Ауыспалы калий Қарашірік Қышқылдығы
мг/кг топы-раққа құрамы бойын-ша топ мг/кг топы-раққа құрамы бойын-ша топ мг/кг топы-раққа құрамы бойын-ша топ % құрамы бойын-ша топ рН топ
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14
Микроэлементтер
Рет № Танап Ал-қап, га Топы-рақ типі S Cu Zn Co Mn
мг/кг топы-раққа құрамы бойын-ша топ мг/кг топы-раққа құрамы бойын-ша топ мг/кг топы-раққа құрамы бойын-ша топ мг/кг топы-раққа құрамы бойын-ша топ мг/кг топы-раққа құрамы бойын-ша топ
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14
Топырақты агрохимиялық зерттеп-қарауды жүргізу қағидаларына 6-қосымша
Нысан
Агрохимиялық очеркті ресімдеу
1. Мемлекеттік мекеменің басшысы бекіткен мұқаба парағы.
2. Орындаушылар тізімі.
3. Кіріспе, топырақты агрохимиялық зерттеп-қарау мақсаттары, міндеттері.
4. Негізгі бөлігі (агрохимиялық зерттеп-қарау нәтижелері, жер учаскелерінің иелері және (немесе) жер пайдаланушылар туралы мәліметтер, топырақ топтамалары, агрохимиялық картограммалар).
5. Қорытынды.
6. Қосымшалар.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 10 сәуірдегі Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №10686 болып енгізілді.