Сөйтіп, полиция аға сержанттары Қайрат Түкенов және Ерсін Қайыргелдиновтың қырағылық пен қызметтік міндеттерін адал атқаруларының нәтижесінде «ұйқышыл» сәби де табылды-ау...
Облыстық ішкі істер басқармасының хабарына қарағанда, шынында да бұл – полицейлер үшін таңғаларлық оқиға болыпты. Өткен аптаның бір күні кешкі 18.40 шамасында полицияның «102» хабарлау тірегіне бір жастағы сәбиінің қара түсті шетел көлігінде кетіп қалғаны туралы әйел адамнан жедел хабарлама түседі. Құрбысына қонаққа келген жас ана енді үйіне қайтпақ болып, көше бойынан такси тоқтатады. Алдын-ала жол ақысын төлеп қояды. Үйінің жанына жеткенде бірінші өзі түсіп, таксиді айналып, екінші есікті ашып, баласын алмақ болғанша, асығып тұрған такси зу етіп жүріп кетеді. Қапелімде бұлай болады деп ойламаған әйел тіпті, ештеңе де аңғармай қалады. Дереу полицияға хабарлап таксидің шетелдік және қара түсті екенін айтады. Сәбиді «алып кеткен» таксиді іздеуге барлық іздестіру шаралары жедел қабылданды. Қаладағы бүкіл таксопарктер аяғынан тік тұрды десе болады. Полицияның барлық күштері баланы іздеуге кірісті. Сөйтсе, мәшиненің артқы орындығында сәбидің қалғанынан бейхабар таксист жолаушы тасымалын әрі қарай жалғастырады. Осылайша ол сәбимен шамамен бір сағаттай уақыт қала көшелерін шарлайды.
Ал, кішкентай «батыр» болса пыс-пыс етіп жұмсақ салонда ұйқыны соғып жата берген көрінеді. Бір қызығы, сәбидің анасынан кейін таксиге отырғандар «баланы оятып алмайық» дегендей алдыңғы орынға келіп жайғасыпты. Содан: «Ұйықтап жатқан мына бала кім?» – деп полиция қызметкерлері келген кезде, аңғал таксист: «Қайдағы бала?» – деп аң-таң болыпты. Тәртіп сақшыларының арқасында қайғылы оқиғаның жолы кесілді... Иә, аңғал таксист қақаған сары аязда таксиін түнгі гаражға қалдырса, не болар еді?..
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар.