Қаңтардың сары аязы сақылдап, Жер-Ана ақ мамыққа оранып, тылсым жатыр. Іссапарға ертелетіп шыққандықтан табиғаттың осы «мінезін» сезіне түстік. Мақсат – Кербұлақ ауданы шаруа қожалықтарының қыстауларын аралап, жыл сайынғы дәстүрмен төрт түлік өсіріп, қажыр-қайрат танытқандардың шаруасын көзбен көру. Ежелден астықты, малды аудан халқы шаруаларын шалқытып, егіншілік пен төрт түлік өсіруде іргелі істерді атқарып келеді. Мұнда асыл тұқымды мал өсірумен қатар, өндірісті дамыту мәселесі де оң шешімін тапқан. Қойнауы алтын, мыс, тағы басқа қазба байлықтарына толы аймақта алдағы кезде қолға алынатын тиімді жобаларды айтпасақ тағы болмайды.
Аудан орталығы Сарыөзек кентінің оңтүстігінде соңғы екі жылда салынған ондаған жаңа тұрғын үйлер әрі-бері өткен жүргіншінің назарын аударатыны анық.
Алғашқы кездескен «Сәмен» шаруа қожалығының отарына аялдаған облыс әкімі Серік Үмбетов өрісте қой қайырған Эрнест Байжанов пен Құсайын Қожахановты сөзге тартты.
– Ал, жігітім, мал-жан аман ба? Жайылым қалай, – деген Серік Әбікенұлы күнгейдегі әлі бүрі түспеген жусан мен изенді жайылымға көз тастап, шаруа жайын жете білетіндігін тағы бір байқатты.
Эрнест пен Құсайыннан қанағаттанарлық жауап алғаннан соң қасындағы аудан әкімі Нұрбай Жантілеуовке малшы тұрмысына байланысты кейбір мәселелерді тапсыруды да ұмытпады. Жазықтағы қорғаныс саласының кеңестік жүйе кезінен қалған ғимараттарын жекешелендіріп, шаруашылыққа ыңғайлы орынға айналдыру жөніндегі «Сәмен» қожалығының бастамасын да басшы құптады. Демек, биязы жүнді қой өсірудегі алға қойған міндеттер ауқымды.
Кербұлақ ауданында төрт түлік өсіріп, тұрмыстарын түзеп, үлкен қалалардан еңселі үй алып, ұрпағының келешегіне нақты қадам жасағандардың қатарында Сарыбастаудағы Болат Сарыбаевтың отбасы да бар. Қос белдің ортасынан шатыры күнмен шағылысқан еңсесі биік үй мен әудем жерді алып жатқан мал қорасы салыныпты. Бірден ұқыптылық пен жоғары талғам назарға түседі. Бөкең бұдан бес жыл бұрын бауырлары мен ағайындарының басын қосып, төрт түлік өсіріп, атакәсіпті алға апаруға бел байлапты. Әрқайсысының міндеттері белгіленіп, малдың асылын, сүттісін, еттісін өсіруге ден қойып, таза қанды бәйге аттарын баптауды да ұмытпапты.
Бірліктің, ынтымақтың арқасында бар шаруа рет-ретімен жүйеленген. «Болат» шаруа қожалығының басшысы Болат Сарыбаевтың өзі шаруаға қажеттіні шапқылап жүріп түгендесе, Берік қыстаудағы малға басшылық жасайды.
– Адам өз өмірінің қожасы. Жақсы тұрмыс та, толағай табыс та өзімізге байланысты. Қазіргі кезде қаладағыдай жағдайды жасауға барлық мүмкіндік бар. Міне, мына үйді салып, оған тұрмысқа қажетті ыстық, суық суды кіргіздік. Қуат көзі жарқырап жанып тұр. Жұмыла еңбек етіп, егістік алқапты тиімді пайдаланып, жаз бойы малға қажетті азықты өзіміз дайындаймыз. Техника жеткілікті. Сонымен бірге, мал өнімдерін өңдеп, тұтынушыға ұсынуды да қолға алмақпыз. Бұл да бір табыс көзі. Шалғай дегенмен теледидар, байланыс жүйесін пайдаланамыз. Еліміздегі жаңалықтарды ғаламтор арқылы біліп, өркениет көшінен кенже қалмау жағын ойластырудамыз. Мемлекет басшысының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі бастаманы толық қуаттаймыз, деді Берік Сарыбаев әңгіме арасында.
Біраз жүргеннен соң «Алу-ай» шаруа қожалығының қыстауына да келдік. Қойшыбай Бәзілов басқарған қожалықта 400 бас асыл тұқымды қой, жылқы мен ірі қара қатар өсіруде. Мұнда да егістік алқаптан жем-шөп жиналып, қора жанына жеткізіліпті. Өткен жылы әр жүз саулықтан ойдағыдай төл алып, жүн қырқыпты. Облыс әкімі Қойшыбайдан мал шаруашылығына қатысты ой-пікірін сұраумен қатар басқа да түйінді мәселелерге байланысты ұсынысын айтып, қора-жайды аралады. Малшылар облыс әкімінің арнайы келгеніне алғыстарын айтып, осының өзі көп демеу, қолдау екенін жеткізді.
«Ырыс» шаруа қожалығы өзгелермен салыстырғанда ірілендірілген, сан-салалы, атына заты сай. Қожалық басшысы Орынтай Есжанов 3352 гектарды тиімді пайдаланып, күздік сеуіп, шабындық пен жайылымдықтың да бабын тауыпты. Нәтижесінде қыс пен көктемге жететін жемді тартқызып, қамбаға құйған. Қысылатын жайы жоқ. Мая-мая, жап-жасыл екпешөп анадайдан көзге шалынады. Трактор, автокөлік, комбайн қатары да едәуір. Бардың бағасын білген шаруагер жандар мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына жасалған қолдауға ризашылығын жеткізіп, әңгіме арасында еліміздің өркендеуіне қатысты ойларында айтып қалады.
Матай тауының баурайындағы қыстауға жақындағанда алдымыздан шағын елді мекен көрінді. Бұл «Мырзабек» шаруа қожалығының тұрағы. Айналасы атшаптырым қыстау қоршалып, малшылар мен жұмысшылар тұратын коттедж Алматыдағы үйлерден кем емес. Құрылысқа соңғы үлгідегі материалдар пайдаланылып, ыстық, суық су мен басқа да қажеттіліктер толық қамтылыпты. Облыс әкімі бастаған топ бірден мал қораларын аралады. Қаңтар айы болса да қойдың қоңы жақсы екені жылтылдаған жүнінен байқалады. Қазақтың «Еділбай» тұқымды қойын өсірген қожалық басшысы Арыстанбек Тәниев қойдың да, жылқының да, сиырдың да асыл тұқымды түрін өсіріп жатқандығын ортаға салды. Төрт түлік малдәрігерлік және зоотехникалық талаптарға сай күтілгендіктен жыл сайын өнімділігі арта түскен. Сонымен бірге 1200 гектар егістік пен 1140 гектар жайылымдық мал басын өз төлі есебінен өсіруге жеткілікті.
– Шаруашылықтың негізін 2006 жылы қаладық. Мал өсірген соң оның асыл тұқымды, мол өнім беретін түрін өсіруге бел байладық. Нәтижесі жаман емес. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулар табысымызды еселеуге мүмкіндік берді. Қора-жай, тұрғын үйлер салдық. Жарық, байланыс орнатылды. Жұмысшылардың жағдайын ескеріп, дәрігерлік қосын, монша құрылысын салдық. Адам болған соң денсаулығын жақсартуға да жағдай керек. Спортпен айналысатын арнайы орын бар. Әлі де жұмыс ауқымын кеңейтіп, мал өнімін өңдеуден өткізуді де ойластырып отырмыз. Бұл жөніндегі құнды жобаларымыз жақын жылдары жүзеге асатын болады, – дейді Арыстанбек нық сөйлеп.
Қарап тұрып, қала мен ауылдың арасындағы ұқсастыққа тәнті боласың. Әрине, бәрі осылардай емес те шығар. Алайда өз қажетін өзі ашқан шаруа адамдарының қатары көбейген. Десек те, облыс басшысының арнайы атбасын бұрып, жағдайды білуі оларға үлкен сый болғаны анық аңғарылды. Көңіл осындайда бір марқайып қалатыны рас екен-ау. Тынымсыз тірлік кешкен малды ауыл алыстаған сайын егемендік әкелген жақсылықты игерген, көрген атакәсіп иелерінің өмірі ойға орала берді.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.