Татулығымызға тәубе дейтін ұлтпыз
Бүгінгі күнде «көп ұлтты Қазақстан – біздің ортақ Отанымыз» деген сөз жалаңдықтан арылып, жасампаз күшке ие болды. Әлемнің көптеген елдеріндегі ішкі жағдайды көріп те, естіп те жүрміз. Бірақ та тап біздің Қазақстандағыдай ұлттар арасындағы бірлік пен достық институтының толыққанды және тиімді жұмыс істеп тұрғанын кездестірмедік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың асыл ойынан туындаған Қазақстан халқы Ассамблеясы сынды жобаның жекелей алғандағы бір мемлекеттің тағдырында қаншалықты маңызды рөл атқарып отырғанын әлем халқы енді бағамдай бастады. Шынында да, біздегі бұл іс – үлгі аларлық дүние. Өз басым достықтың дәні сіңген осындай игі істерге Қазақстанда тұрып жатқан әзербайжан этносының да өз үлестерін қосып жатқанын мақтанышпен айта аламын. «Намус» әзербайжан ұлттық-мәдени бірлестігі 2001 жылдың 6 тамызында құрылған болатын. «Намус» бірлестік атауын қазақшаға аударғанда «Намыс» мағынасын білдіреді. Бүгінгі күнде біздің бірлестік Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Біздің бірлестік әзербайжанның ғана емес, басқа да ұлыстар мен ұлттардың тарихын, мәдениетін, тілін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын білуде маңызды рөл атқарып келеді. Облыста «Намус» қоғамдық бірлестігінің, Теміртау, Саран және Шахтинск қалаларында бірлестіктің филиалдары қызмет атқарады. Бірлестікте мемлекеттік және әзербайжан тілін оқытатын сынып ұйымдастырылған. Тілдерді үйренуге деген қызығушылық ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрлерді дамытуға дәнекер болатыны сөзсіз. Бірлестіктің қоғамдық өміріне жастар да белсенді атсалысуда. Кез келген іс-шарада олар қазақ, әзербайжан, орыс тілдерін жақсы меңгергендерін байқатып жүр. Бірлестік танымал адамдармен кездесу өткізіп, әзербайжанның классикалық әдебиеті және өнерімен таныстырып, шығармашылық ұжымдармен жұмыстарды үнемі жүргізіп отырады. Этномәдени бірлестік мүшелері этносаясаттың заманауи тәсілімен этносаралық қарым-қатынастағы медиация саласын меңгеруде, Қазақстан этностары ана тілінің дамуы жөніндегі өзекті мәселелер туралы семинар-тренингтеріне қатысып, біліктілігін арттырып келеді. Жалпы, «Намус» этномәдени бірлестігі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні, Қазақстан этностары тілі күні және басқа да мерекелерде ұйымдастырылатын мәдени іс-шаралар мен фестивальдарға белсене қатысып отырады. Қазіргі таңда «Намус» әзербайжан ұлттық-мәдени бірлестігі Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы мен Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне қызу дайындық үстінде. Бұл шаралардың біз үшін маңызы зор. Мемлекеттің, қоғамның ажырамас бөлшегі ретінде әзербайжан ұлтының ұл-қыздары да Отанымыздың әрбір атқан таңының арайлы болғанын қалайды және де ынтымағы жарасқан елдің ұйысуына өзіндік үлес қосуды қасиетті борышы санайды. Гюлага Векил-оғлы РЗАЕВ, «Намус» әзербайжан ұлттық-мәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ҚАРАҒАНДЫТаңдауымыз – бірлік пен тұтастық
Кез келген елдің тілегі де, арманы да халқының бейбітшілігін сақтау екені мәлім. Татулықта ғұмыр кешіп, соғыс отын тұтатпай, бейбітшілік үшін күресу қазіргі уақыттың ең өзекті мәселесі болып табылады. Бүгінгі күнде кейбір елдерде болып жатқан соғыс туралы хабарлар Қазақстанның жастарына ертегі сияқты естіледі деп ойлаймын. Талай елдердегі қарулы қақтығыстар мен террорлық әрекеттерді көргенде расында да қатты шошимыз. Сондықтан, Мұқағали Мақатаевтың «Болмасын соғыс, болмасын!» деген өлеңін қайталай бергім келеді. Себебі, менің атам соғыс ардагері. Оның зұлмат отын жаудырған соғыс туралы әңгімелері жадымызға жатталып қалған. Ол тың игеру жылдарында отбасымен бірге Молдавиядан киелі Қостанай жеріне келіп қоныс тепкен. Бүгінде оның балалары мен немерелері осынау құтты мекенде өсіп-өніп, өркен жайып отыр. Мен Тәуелсіздіктің құрдасымын! Балалық бақытты шағым Қостанайдың Ұзынкөл ауданындағы Пресногорьков деген елді мекенде өтті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылында бір шаңырақтың астында ғұмыр кешкен ұлттар мен ұлыстардың арасында бірде-бір түсініспеушілікті көрмедім. Демек, «Біздің Тәуелсіздігіміздің тарихы – барлық этностар достығының жылнамасы. Біздің елімізді өркендетуге Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық этностық топтардың өкілдері атсалысып келеді», деген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлағатты сөзінде үлкен мән бар. Бүгінгі күнде біздің буын – елдің болашағы. Мемлекет басшысының жастарға бөліп отырған зор ықыласы мен сенімін айқын сезінудеміз. Сол себепті, біз барлық этностардың ұлттық бет-бейнесіне құрметпен қарауға бағытталған Елбасы саясатын барлық ынта-ықыласымызбен қолдаймыз. Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің шаңырағында елуден астам ұлт өкілі татулық пен тыныштықта тәлім-тәрбие алып жүр. Қазақ, орыс, украин, әзербайжан болсын осы оқу ордасын өздерінің ортақ үйі деп санайды. Қазір мен сияқты жастарды бір тудың астына біріктіретін күш не деп сұраса, әрине, мемлекеттік тіл дер едім. Елім – қазақ, тілім де қазақ болуы керек деп білемін және осы елдің азаматы болғанымды мақтан етемін. Отанымыз бізді өсіріп-жеткізді және алдымызға нақты міндеттер қойды. Олардың бірі – мемлекеттік тілде сөйлеу. Менің ойымша өз жерін, мемлекеттік тілін, Отанын сүйетін және оның болашағына жүрегі сыздап ауыратын жастар қазіргі таңда аз емес. Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы дарынды жастарға қолдау көрсету мен көп мәдениетті тұлға болуды насихаттау мақсатында республикалық және облыстық байқаулардың жеңімпаздары мен тіл жанашырларынан тұратын «Тіл-дарын» жастар клубын құрды. Мен осы клубтың төрайымы болып тағайындалдым. Аталған клуб жұмысының негізгі міндеті – мемлекеттік тіл саясатын кеңінен насихаттау, мемлекеттік тілге сұранысты арттыру және беделін көтеру болып табылады. Елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Сондықтан, өз басым болашақта тағдырымды қазақ жігітімен байланыстырамын. Екеуміз бір-бірімізді шын ұнатып, алдағы уақытта шаттыққа толар шаңырақ көтеруге бел буып отырмыз. «Қоңырсың ба, жатырқауды білмейтін», деп жырлаған еді Қадыр Мырза Әлі. Ақын айтқандай, ұлы қазақ даласында барлық ұлттың өкілі бір шаңырақтың астында татулықта, сыйластықта өмір сүріп жатқаны дәл бүгін бүкіл ғаламға мәлім. Осы орайда біздер, жастар барлық қазақстандықтарды түрлі этнос арасындағы өзара түсіністік пен сыйластыққа негізделген біртұтас қоғам қалыптастыруға шақырамыз. Ендеше, бір тіл, бір ділмен бір тудың астына бірігейік! Натали ШПАГИНА, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, магистр ҚОСТАНАЙ