Ай соңындағы айшықты сәттердің бірі осы болды десек, артық айтқандық болмас, сірә. Еуразия ұлттық университетіндегі «Кәусар» бірлестігінің ұйымдастыруымен белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерманның 65 жасқа толуына орай ақынмен кездесу кеші болып өтті.
Бірінші бөлімде университеттің филология факультетінің студенттері ақынның өлеңдерін оқып, аталмыш оқу ордасының ІІІ курс студенті Нұрқанат Қайрат пен Қазақ ұлттық өнер университетінің І курс студенті Рай Дөңбайдың екеуара айтысы тыңдаушылардың қанын қыздырып, сахнаның сәнін кіргізді. Одан әрі кездесу кеші сұрақ-жауап арқылы өз жалғасын тапты. Түрлі сұрақтарға тұщымды жауаптар беріліп, ақынның өлеңдері тыңдалды.
«Айтыс ұйымдастырып, соның басы-қасында жүрген соң, менің көбінесе жазба өлеңдерім тасада қалып қояды. Ал бүгінгі кездесу менің сол қырымды аша түсті деп ойлаймын», – деді Жүрсін Ерман басқосу барысында.
Шынында да ақынды айтыстың көшін алға сүйреген қара нар деп қазақ жұртшылығы қабылдап алғалы қашан. «Айтыс десе Жүрсін, Жүрсін десе айтыс еске түседі», деп елдің бәрі жарыса жазып жататыны да жаттанды жағдай болып қалды бұл күнде. Исі қазақтың игілігіне жарасын деп, атамұра өнеріміздің атасына айналған ақынның бұл жолда атқарған еңбегі ел тарихында үлкен әріптермен жазылары сөзсіз.
Кездесудің соңы ән мен күйге ұласып, Ерлан Рысқали мен Шахаризат Сейдахмет ән шырқап, Секен Тұрысбек пен Айбек Бекбосын күй шертті. Тартымды өткен кездесуді университет ректоры Ерлан Сыдықов қорытындылап, Жүрсін Ерманды «Күлтегін» медалімен марапаттады.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»