Соңғы бес жылда жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға Ақмола облысы бойынша 170 пәтер бөлiндi. Кезекте тағы да 1758 жетiм бала тұр.
Бізге облыс әкімдігінен белгілі болғандай, биыл аталған санаттағы балаларға 100-ден астам пәтер бөлінеді. Нақты атап өтетiн болсақ, оларға Көкшетаудан – 45, Степногордан – 18, Есiл ауданынан – 10, Целиноград ауданынан – 15, Бурабай ауданынан – 6, Жарқайың ауданынан – 4, Ерейментау ауданынан – 7 пәтер қарастырылған. Сондай-ақ, қалған басқа аудандардан 2-3 пәтерден бөлiнетіндігі жөнінде шешім қабылданды.
Бұған қосымша, Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен баспасөз мәслихатында өңір басшысы Сергей Кулагин: «Баршаларыңыз бiлесiздер, Есiл ауданындағы Есiл қаласы мен Жарқайың ауданындағы Державин қаласында Калачи ауылы мен Красногор кентi тұрғындары үшiн үйлер салынды. Олардың біршамасы бос тұр. Тұрғындар баспанадан бас тартқан жағдайда пәтерлер жетiм балаларға берiледi», – деп мәлімдегені де бар еді. Ендеше, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды мемлекет тарапынан қолдау одан әрі жалғаса бермек.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы