ҚОСТАНАЙ. 27 сәуір. Қостанайдағы Алтынсарин көшесінде оналасқан Балалар шығармашылығы үйінің қасында 74 жыл бұрын дәл осы жерден майданға аттанған №151 атқыштар бригадасын еске алу митингісі болды. Онда қостанайлықтар ерлікке тағзым етті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Митингіге дейін осы шара құрметіне велошабандоздар Қостанай қаласы көшелерімен жүріп отырып, қала сыртындағы Кеңес Одағының батыры Илья Сьяновтың бейтініе гүл шоқтарын қойды. Онда соғыс және тыл, еңбек ардагерлері де болды.
Қостанайлық үлкен-кіші жиналған осы алаңнан 1942 жылы 26 сәуірде 151-ші арнайы атқыштар бригадасы Ұлы Отан соғысына аттанған болатын. Кейін атқыштар бригадасы 150-ші атқыштар дивизиясы құрамына енеді. 1945 жылы 8 мамырда Берлиндегі Рейстахқа ту тіккен жауынгерлердің арасында Қостанайда негізі қаланған151-ші атқыштар бригадасының жауынгерлері де болды. Сондағы бір ротаны қостанайлық Илья Сьянов басқарған болатын. Ал Рейстахқа ту тіккен қазақ Рақымжан Қошқарбаев 150-ші атқыштар дивизиясының құрамында болғаны аян. Митингіде алдымен соғыс ардагері, 90-нан асқан Михаил Иванович Подоляков сөз алды.
Ол: «Облыстық және қалалық ардагерлер кеңесі жергілікті биліктің қолдауымен биыл 9-шы рет осы Қостанайда құрылып, майданға аттанған 151-ші арнайы атқыштар бригадасы ерлігіне тағзым үшін веложарыс ұйымдастырып отырмыз. Аталар ерлігін білмей, жастарды патриоттық сезімде, отанды сүюге тәрбиелей алмаймыз. Ұлы Отан соғысы жылдары қостанайлықтар да оққа кеудесін тосты. Рейстахқа ту тіккен 150-ші атқыштар дивизиясының сүйегі Қостанайда қаланған еді. Ерліктің тарихын біліңдер, тарихқа да, ерлікке де тағзым етіңдер», – деді.
Мұнан кейін қостанайлық жастар, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Үкин сөз алып, жастарды ерлікке тағзым етуге шақырды. Патриоттық әндер шырқалды. Ерлікке тағзым жастар жүрегінде Отанға деген патриоттық сезімді оятқаны аян.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, фото: egemen.kz.