• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
28 Сәуір, 2016

Қарттар әрдайым әскерилер назарында

266 рет
көрсетілді

Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері өздерінің жауынгерлік даярлығын арттыруға үлгеріп қана қоймай, сонымен бірге, Ұлы Отан соғысының арда­герлеріне, қамқорлық пен ықы­ласқа мұқтаж адамдардың бар­лығына арнап қайырымдылық іс-шараларын өткізуде. Астана қаласының Қарттар үйінде Отан қорғаушы күні қарсаңында 68665 әскери бөлімінің 70-тен аса әскери қызметшісі ардагерлер мен қарияларға көмек көрсетті.  Осы бөлімнің офицерлері мен сержанттары әжейлер мен аталарға ұдайы барып, хал-жағдайларын сұрастырып тұрады. Оларға шаруа­шылық бойынша қолғабыс етеді, бау-бақшаның жерін қазып береді, аумақтарын тазалайды, күркелер мен орындықтарды жөндейді. «Ардагерлерге қолұшын соза ала­тынымызға қуаныштымыз. Мінеки, біз екінші жыл қатарынан келіп, көмек көрсетіп жатырмыз. Олармен әңгіме-дүкен құрамыз, концерттер өткіземіз, әртүрлі іс-шаралар ұйым­дастырамыз.  Мұның барлығы біз­ге патриотизм сабақ­тарын, дәс­түр сабақ­тастығын береді. Қамқорлыққа мұқтаж жандардың жанында болу біз үшін үлкен құрмет», – деді 68665 әскери бөлімінің взвод командирі, аға лейтенант Диас Ахметов. «Жас жігіттер бізге үнемі келіп тұрады және шаруашылық жұмыс­­тарға көмектеседі, қызмет тура­лы хикаяларымен бөліседі. Ер­лік сабақтары мен концерт­тер өткі­зеді. Бозбалалардың Отанға адал қыз­мет етіп, бізді ұмыт­пайтындары қуан­тады», – деді Ұлы Отан соғы­сының ардагері Олег Линник. Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері қайырымдылық іс-шараларын ұдайы өткізіп тұраты­нын айта кетейік. Балалар үйі мен қарт­тар үйін, ҰОС ардагерлерін қам­қор­лыққа алады. Жан жылуы мен қам­қорлыққа зәру жандарға көмектеседі. «Егемен-ақпарат»