Мемлекет басшысының атына Елбасының президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы бастамашы топтың бастамасын қуаттаған хаттар толассыз келіп түсуде.
Алматы облысы, Панфилов ауданы, Айдарлы ауылының тұрғыны Әбілхан Оспанов былай деп жазыпты: «Өз басым Елбасының президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуды қалың жұртшылық қызу қолдап жатқан тұста үнсіз қалуды жөн көрмедім. Дана қазақта «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген аталы сөз бар. Мен ел ішіндегі адаммын. Халықтың тұрмыс-тіршілігінің бұрын қандай болғаны, қазір қандай деңгейге көтерілгені көз алдымда. Бүгінгі күнгі баршылыққа, бейбітшілікке шүкір етуіміз үшін біз өткенді ұмытпауымыз керек. Арада өткен жиырма жылда халықтың тұрмысы аса бір жылдамдықпен жақсарды. Осы күні елімізді әлем таниды. Сондықтан, менің пайымдауымша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігінің 2020 жылға дейін ұзартылуы өте орынды деп білемін».
Ал Шымкент қаласының тұрғыны Қ. Айсаев Елбасының атына жолдаған хатында: «Аса қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы! Менің аты-жөнім Қожахмет Айсаев. Ұйғыр азаматымын. Мен 1945 жылы 15 желтоқсанда ҚХР-дың Құлжа қаласында шаруа отбасында дүниеге келдім. Біздің отбасымыз 1962 жылы Арыс ауданына қоныс аударды. Әскери борышымды өтеген соң, Шымкент қаласында шаруашылық саласында ұзақ жыл еңбек еттім. Бүгінде жеке кәсіпкерлікпен айналысамын. Үйленіп, бірнеше ұл-қыз және олардан немере сүйіп, тәрбиелеп отырмын. Ең бастысы, қазақтармен туыстай болып кеттім. Бүгінде олармен зайыбым екеуміз құда, құдағи болып, тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. «Отан – отбасынан басталады» дегендей, Сіздің елімізде ұстанып отырған байсалды басшылығыңыз бен көреген саясаткерлігіңіздің арқасында отбасында осындай мамыражай, бейбіт әрі бақытты ғұмыр кешудеміз», деп ағынан жарылады.
Одан әрі хатта: «Қазақ бауырларымызда «Ырыс алды – ынтымақ» деген сөз бар. Сіз еліміз тәуелсіздік алғалы бері барша халықты ынтымақ пен бірлікке шақырып, бұл бағытта жүйелі әрі жоспарлы түрде жұмыс істеп келесіз. Бұл мақсаттағы қол жеткізген жетістіктеріңіз бәріміздің көз алдымызда. Қазақстан халқы Ассамблеясының дүниеге келуі – Сіздің еселі еңбегіңіздің жемісі», делінген.
Хат авторы Елбасының президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі бастамашы топтың бастамасын шынайы пейілмен қолдайтынын айтып, Президенттің ел мүддесі жолындағы аса жауапты қызметіне толайым табыстар тілейді.