• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Сәуір, 2016

Мәңгілік Ел болудың қадамдары

474 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт

«Мәңгілік Елге» апаратын басты құндылықтар, міне, осылар

Қазақстан халқы Ассам­блеясының ХХІV сессиясының жұмысын теледидардан көріп, жүрегімізге тағы да жылылық ұялады. Биылғы сессияның негізгі тақырыбы –«Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы Біртұтас Ұлт» деп аталуының өзі еліміздегі бірлік пен татулықтың тұғырын бекіте түсетін тың қағидаттардың алға тартылатынын айғақтаған-ды. Сессияда қабылданған «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісінің әр қазақстандықтың бойында ертеңгі күнге деген сенімді нығайта түскенін айту ләзім. Онда Елбасының маңына топтасу арқылы біздің ұлы жетістіктерге жеткеніміз айтылды. «Мәңгілік Елдің өзегінде қарапайым, түсінікті және біздің әрқайсымыз үшін ең қымбатты ақиқаттар – отбасымыздың амандығы, қонақжайлық және еңбексүйгіштік, тұрақтылық, қауіпсіздік және бірлік, ертеңгі күнге деген сенім ұғымдары орныққан» делінуінің өзі егемен еліміздің барша қазақстандықтардың ба­қыт­ты өмірі үшін қолдан келгеннің барлығын жасауға бағыт ұстағанын көрсетеді. Мәңгілік Елдің мызғымас жеті тұғырын нығайтуға, сақтауға және ұрпақтан ұрпаққа аманат етуге шақыруы да орынды. Патриоттық акті бізді Тәуелсіздік пен Астананы құрметтеуге, жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісімге жетуге, инновациялар негізіндегі тұрақты экономикалық өсімге, жалпыға ортақ еңбек қоғамын құруға, тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығына, зайырлы мемлекет пен жоғары руханият құруға шақырады. Біз әр ісімізде Мәңгілік Елдің қастерлі құндылықтарын басшылыққа алуымыз керектігі еске салынады. Бұл осынау әлем тынышсыздау кезде өте керек қағидаттар екені сөзсіз.

Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде «Біз жаңа белестерге қарай ілгері басқан қадамымыздың дұрыстығын компас­пен тексергендей, Пат­риоттық акті ар­қылы анықтайтын боламыз, деп атап өтті. Кеңестер Одағы ыдырап, одақтас рес­публикалар өз алдына тәуелсіздік алған тұста Қазақстанды мекендеген ұлттардың бірсыпырасы тарихи отанына атбасын бұрғаны шындық. Солардың бірі біздің отбасымыз. Біз де тарихи отанымыз Чехияға қоныс аудардық, бірақ, шыны керек, жерсінбедік, кейін қайтуға тура келді. Қазақ жері асығыс шешім қабылдап, ағаттық жасаған бізді кеудеден итерген жоқ, қайта, келгендерің қандай жақсы болды деп қуана қарсы алды. Қазақстанның қадірін өзге елге шыққанда айқын аңғарады екенсің. Біздегі адамдардың бір-біріне деген қайырымдылығына, қам­қорлығына тәнті боласың. Шыны керек, әрісін айтпағанда, күні кеше аралас-құралас болған ТМД мемлекеттерінде де біздің елдегідей бірлік пен достық ниет байқала бермейді. Біздегі ынтымақ пен бірліктің басы қазақстандық қайырымдылық қасиеттерден арна тартады. Қазақстан шын мәнінде Мәңгілік Ел болуға құқылы мемлекет. Біздің барлық тұрмыс-тір­шілігіміз, салт-дәстүріміз, мінез-құлқымыз туған жерімізден, осында тұратын халықтардың ортақ қазынасынан тамыр тартатынын сол жақта анық аңғардық. Сөйтіп, өзіміз өскен, саналы ғұмырымыз өткен туған жерге табан тіредік. Тарихи отанына қоныс ау­дарған 25 чех отбасының бізбен бірге 15-і Ақтөбеге қайта оралды. Барлық таныстар, әр ұлттың өкілдерінен тұратын достар қолдан келген көмегін берді, қолдау көрсетті. Жергілікті билік те біздің орнығып кетуімізге барлық жағдайды жасады. Өзім мұнда келген бойда чех этномәдени бірлестігінің жұмысын қолға алдым. Қазір Достық үйіндегі 19 этномәдени бірлестіктермен бірге өңірдегі ынтымақтастық пен татулықты, бірлік пен тұ­рақ­тылықты нығайтуға, өз ұлты­мыздың мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін дамытуға үлес қосып келеміз. Біз Мәңгілік Ел болудың сәтті қадамдарын сезініп келеміз. Барша қазақстандықтар бір­лік пен келісім бар елде тұра­тынымызды мақтаныш тұтамыз. Елімізде жыл өткен сайын өмір деңгейі артып келеді. Осының барлығы Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал сая­сатының арқасы екені сөзсіз. Президент қашанда Мәңгілік Ел болудың басты қағидаты өзара түсіністік пен келісім, татулық пен тұрақтылық екенін жадымызда жаңғыртып, сол бағытта жүйеліжұмыс жүргізіп келеді. Оны күнделікті өмірде айқын сезінудеміз десем, артық айтқандық болмас, сірә.  Валентина ПЭСТРУ, чех этномәдени бірлестігінің төрайымы Ақтөбе облысы