Кітап – адам өміріндегі баға жетпейтін құнды серік. Ол – білімнің, рух пен көрегендіктің, мейір шуағының қайнар көзі. Ұлттық мәдениет пен ілім-танымның негізін қалайтын кітап әлемі өскелең уақыт адамын қалыптастырып, көңіл сарайын кеңітеді. Ол – баршаға бірдей қажет тіршілік нәрі. Ал, тағдыр тәлкегімен шалыс басқандардың жансарайын кеңітер үміт сыйлығы.
«Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалы осынау ізгі ниетті басшылыққа алып, түзеу мекемелеріндегі кітапханалар қорын толықтыру мақсатында арнайы акция жариялаған болатын. Оған жүздеген ақмолалық үн қосып, іс-шараның маңызын арттыра түсті. Айналдырған төрт айда 2,5 мыңнан астам көркем әдебиеттер, оқу құралдары келіп түсті. Көкшетау қаласының тұрғыны Лидия Коротина жеке кітапханасынан 300-ден астам әдебиетті тарту етті. Олардың арасында А.Чехов, Л.Толстой, А.Пушкин, Д. Мамин-Сибиряк, әлем әдебиетінің тағы басқа классиктері жауҺар төккен кітаптар бар. Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, зейнеткер Сифат Тасованың тартулары да қомақты болды.
Акция шеңберінде партияның аудандық филиалдары көптеген игі шаралардың ұйытқысы бола білді. Мәселен, Есіл ауданындағы Макаренко атындағы балалар үйінде өткен «Кітап мерекесінде» кәсіпорындар мен ұйым өкілдері, мектеп басшылары ертегі жинақтарын, фантастикалық кітаптарды, оқулықтар мен көрнекі құралдарды сыйлады. Ал, аудандық балалар кітапханасының ұжымы 30 атаудан тұратын энциклопедиялық әдебиетті тарту етті.
Бақберген АМАЛБЕК.
Ақмола облысы.