Тәуелсіздік табысы
___________________
Орал қаласындағы «Агрореммаш» АҚ Тәуелсіздіктің 20 жылдығы құрметіне жаңа ірі жобаларды іске асыруға кірісті. Өз атауынан көрініп тұрғанындай, аталған отандық кәсіпорын мәшине жасаумен айналысады. Бұған дейін кәсіпорын конвейерінен коммуналдық қызметке, өрт сөндіру мен құрылысқа қажетті көліктер шығарылып келді. Оның сапасы мен бәсекелестікке қабілеттілігіне бұған дейін сын-ескертпе айтқан сұраныс иелерін әзірге көрмеппіз де, естімеппіз де. Лайым солай бола бергей.
Ал биылғы жаңа жылда агрореммаштықтар Белоруссиядағы әлемге әйгілі Минск автомобиль зауытымен (МАЗ) арнайы техника шығару жөніндегі ұзақ мерзімді келісімге қол қойды. Бүгінде зауыт ұжымы осы қанатқақты жобаны іске асыруға кірісіп те кетті. Алғашқы кезекте МАЗ-бен республика қалалары мен аудандарындағы коммуналдық қызметке қажетті арнайы көліктер шығарудың жөн-жобасы белгіленді. Соның ішінде, республикадағы жол инфрақұрылымы нашар дамыған өңірлер үшін арнайы көлік үлгілері таңдап алынды. Бұл көліктер ойлы-шұңқырлы және кедір-бұдырлы жолдарға лайықталып жасалмақ. Сондықтан да Белоруссия мен қазақстандық мәшине жасаушылар өнімдеріне тек жоғары сапа және төзімділік пен беріктік тән болмақ.
– Бұл үшін биылғы жылдан бастап кәсіпорынды толық жаңғырту талабын қойып отырмыз. Мұның басты жолы инновациялық сатыға қол жеткізетін жаңа технологиялар болмақ. Бұл орайда біз белоруссиялық әріптестеріміздің көмегіне арқа сүйейтін боламыз. Қазірдің өзінде техникалық тұрғыдан қайта жарақтандыру жұмыстары қолға алынды. Бұған 2 миллион АҚШ доллары көлемінде қаражат қарастырылмақ, – деді газет тілшісіне «ОралАгрореммаш» АҚ президенті Ғимран Бисенов.
Бұған қосарымыз Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері арасындағы Кеден одағы көліктер шығаруға қажетті бөлшектер тасымалдау үрдісін барынша жеңілдете түспек. Аталған одақ аясында құжат рәсімдеудегі кедергілер жойылғаны белгілі. Сондықтан да бүгінгі күні екі тарап негізгі күшті әріптестік қарым-қатынастарды одан әрі тереңдетуге бағыттап отыр. Басты мақсат – Қазақстанға жеткізілетін бөлшектер санын көбейту арқылы тең тұрғыдағы әріптестік өндірісті кеңейту.
Ортақ өнімнің алғашқы партиясын жасап шығару үшін өзара келісімге сәйкес автомобиль шассилерінің алғашқы легі көп кешікпей Минскіден Оралға жеткізілмек. Ал қазақстандық зауыт өз кезегінде екі-үш айдың ішінде арнайы көліктердің алғашқы үлгілерін жасап шығармақ. Оған «МАЗ» бен «ОралАгрореммаш» зауыттарының логотиптері қатар қойылмақ.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.