• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Сәуір, 2016

Бақуатты тұрмыс көзіне айналса игі

532 рет
көрсетілді

Елдің баяғы саумал патриоттарының «бабамыздың «ақ білегінің күшімен, көк найзасының ұшымен» қалған киелі жері саудаға түскелі жатыр» деген даңғазалы даурығуы ел арасына тез тарап, орынсыз ренішке жел бергендей болды. Ал шындап келсек, туған халқымыз үшін жеріміздің киелі екендігі де, сол жері үшін қаншама сүргін шайқастардың өткендігі де, бабаларымыздың қасиетті қанының төгілгендігі де ақиқат қой. Олай болса, сол кіндік қанымыз төгілген ұлы даламыздың дау-дамайға себеп болуы жұртымызды жаңылысты қадамға жетелегендігін жасырып қалмасақ керек. Алайда, нарықтық қатынастың қатал заңын саралай алсақ көлденең көк шыбықтың да тегін, текке жатпайтындығына көз жеткіздік емес пе. Ендеше, жер де өз халқымызға қыямет етіп, баянды, бақуатты тұрмысының қайнар көзіне айналса несі айып. Мен аграрлы, астықты өңірдің баласымын. Кеңес дәуірінде жердің ұлтарақтай көлеміне дейін кәдеге асты. Миллион пұттап астық берді. Енді мына жекешелендіру кезінде сол жердің дені иесіз қалды, жусан мен қызыл қурайдың астында жатыр. Баяғы шаруа өзіне тиесілі жерін жетімсіретті, ие бола алмады. Жекелеген латифундистердің жемсау­ларын пайға алған жерлерін тығындаумен отыр. Осы келісімсіз жағдайға өзіміз кінәлі болмасақ, кімді кінәлаймыз. Жұмыстың ыңғайына көшіп, қыбын тапқандар жер сүмесін еміп, байып жатыр. Ал икемсіз, жер қадірін қашыр­ғандар тақыр кедейге айналуда. Бұған да біреуді айыптаймыз ба? Сондықтан Президентіміз айтқандай, «Біздің міндет – жердің меншік иесі болып, оның дұрыс пайдалануы үшін Қазақстан азаматтарына жерді жекешелендіру мүмкіндігін беру. Жер қурай басып, иесіз жатпай, түсініксіз мақсатқа пайдаланылмай, халықтың игілігіне айналуы керек». Меніңше, айтылған пікір еш бұлтақсыз, орнықты, орынды айтылған айқын тұжырым. Жасыратыны жоқ, әу баста жерді жалға беру, сату сияқты шетін мәселені бұлтақсыз айқын түсіндіру жетпей жатты. Бұл бөстекі сөзге жол ашып, алыпқашпа дау-дамайға алып келді. Мен де өз елімнің, өз жерімнің перзенті болғандықтан бұл мәселеге немқұрайды қарай алмаймын. Сол себепті де, мәселенің байыбына барып, сарабдал сабырлылыққа үндегім келеді. Біз үшін тап қазір орынсыз дау-дамайдан гөрі тыныштық, түсіністік қымбат. Тәуелсіз мемлекетіміздің басты мүддесі де осыған саяды. Ал туған жердің әр сүйемі баға жетпес байлық, ұлы киеміз екендігінде дау жоқ қой. Төлеген ҚАЖЫБАЙ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Көкшетау