• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
29 Сәуір, 2016

Түсінетін жанға жеткізіп айтты

441 рет
көрсетілді

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІV сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кейінгі уақытта кейбір ортада қызу талқыланып жүрген жерге қатысты мәселе тұрғысында өз ойын орнықты түрде білдіріп, кесімді сөзін де айтты. Қазақ халқы үшін жерге қатысты әңгіменің бәрі де ұлттың намысына  барып тіреледі. Кешегі өткен замандарда жер үшін кескілескен небір шайқастар мен қырғынды бастан кешкен халықтың бүгінгі ұрпағы мәселені осылай қойғанда ғана бабалар аманатына адалдық таныта алады. Елбасы осынау алқалы жиында не деді? Толғақты тақырыпты Елбасы былайша тереңінен қозғады: «Жер – ата-бабамыздан мұраға қалған біздің басты байлығымыз. Қазақстанның 14 мың шақырымнан астам мемлекеттік шекарасын ресімдеу үшін мен көрші елдердің басшыларымен 8 жыл бойы келіссөз жүргіздім. Осының бәрі жеріміздің тұтастығын қамтамасыз ету үшін жасалды. Мен азаматтарымыздың осы мәселені көтергеніне қуаныштымын. Егер жерге дәл осылай көңіл бөлінетін болса, бұл біздің халқымыз өз жерін қасық қаны қалғанша қорғайтынын көрсетеді». Әлбетте, бұл мәселенің Ел­ба­сын да бейжай қалдыр­маға­ны ғой. Елдің бұл мәселеге қатты алаңдаулы екенін Пре­зи­дентіміз де естіп, біліп отыр. Бір өкініштісі сол, осы жерді жалға беруге қатысты ел ішінде түсіндіру жұмыстарының жет­кілікті түрде жүргізілмегені осындай алыпқашты әңгімелерге, байламсыз байбаламдарға негіз берді. Мұны дереу түзеу керек! Нұрсұлтан Назарбаев жоғарыдағы алыпқашпа әңгімені «Қазақстанның жерін шетелдіктерге сату туралы жалған ақпарат» деп айыптады. «Мұның шындыққа жанас­пайтыны бірнеше рет түсіндірілді. Тағы да айтқым келеді – ауыл шаруашылығы жерлерін шетел азаматтарына және компанияларына сату туралы мәселе жоқ, талқыланбайды да. Бұл тақырыптың төңірегіндегі әңгіменің бәрі негізсіз. Біздің мақсат – ауыл шаруашылығымен айналысатындарға жеке мен-шігіне жер алу мүмкіндігін беру. Егер олар жерге иелік ететін болса, оны күтіп-баптап, қадірлейтін болады. Жер – ата-бабамыздан мұраға қалған біздің басты байлығымыз», – деген кесімді сөзін айтты. Менің ойымша, Елбасының осы сөз­дерінен кейін ел ішіндегі байбалам­шы­лардың аузына құм құйылып, айқайға аттан қосқан ағайындар сабасына түсуі керек. Құдайға шүкір, қазағымның ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр жері бар. Бұл жер бізге найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалған батыр бабаларымыздан мирасқа қалған. Ендігі кезекте, біз бұл аманатқа қалай қарап жүрміз, қаншалықты адалдық танытып келеміз? Бүгінгі ұрпақ дарқан даламыздың, құнарлы топырақтың қызығын қалай көруі керек деп ойлаймыз. «Жерім, жерім», деп жатып алып сарнай бергеннен сары дала жеміс бермейді. Қазіргі таңда, Елбасы айтқандай, «құнарлы топырағы құм болмасын» десеңіз, Жер-Анаға деген көзқарасты өзгерту керек.   Қазақтың жері тек қана жайы­лым емес. Күте білсе, ұқыппен ұқсатса – қара жердің қазаққа берер ырзығы мол. Кең даламызда егін жайқалып, бау-бақша жайнап тұрса ғой дейтін кім бар, қане?! Бүгінгідей шикізат көздерінің нарқы төмендеп, өндіріс тығырыққа тірелген заманда жерді ауыл шаруашылығының мақсатына жөнімен пайдалана білгеннен ұтпасақ, ұтылмаймыз. Осы тұрғыдан алғанда, жерді жан-тәнімен сүйетін, терін төгіп тәрбиелейтін, игілігін өзі ғана емес, өзгеге де көрсете алуға шамасы жететін Жер Иесі болуы керек!  Елбасының сессиядағы салиқалы сөзінен өз басым осыны ұқтым. Жарылқасын БИКЕНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері  ҚАРАҒАНДЫ