• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
29 Сәуір, 2016

Тәубе

1088 рет
көрсетілді

Жар басына қамалып, Жарты лашық тігерсің. Бұқар жырау Өшкен жанып, нұр тарайды шырақтан, Естен кетпес естеліктер сөйлесе. Ғалым Жайлыбай Құс қанатымен жазда жылымық тарт­ты. Үстірттің жеті жұрт көшкен құла­дүзінен жарып өтетін құс жолы күді­рейген бұлан жон Арқаның жер-суына көл­бейді. Жер-жаһанда бұл қиянды құдай көшке жаратқан. Көкте ұшар құс­тың ізімен, төменде ордалы құланның соңынан көшкен бабасы. Содан бермен кө­галды белдерді иен жайлап, мал өсіріп, Құтымның қу шоқысынан Балқантауға дейін ай туса Темірқазыққа сүйеніп, адас­пай жүре беретін еді. Бөрінің айы долыра қысқанда Торғай ойпатынан үдей соққан жел құзға ық болмай, Арқадан Сыр бойына қалың арқар ауып жөнеледі. Алтай-қарпықтың иен жайлауы құлазиды. Ілгеріде көшіп-қону үзілмей тұрғанда бұл даланы бұрынғылар «іш жақ» деп атаған екен. Орта жүз арғын, бағаналы найман, қыпшақ, керей, уақ пен Кіші жүз алшын, тама, жағалбайлы рулары ежелден қоныс қылған. Сонау ақ патша алтын тақтан құлаған межелі кезеңнен бермен қырық жыл өтіп, қазан жаңарды. Ел ішінде жылқышы мен қойшыдан өзгесі отырықшыға көндікті. Көкек айында Ұлытау селге бауырын төсейді. Сай-саладан сарқырай тасыған, еріген қар суы таудағы аюдың үңгіріне толады. Боранды қыстың жартысы өтіп, бөрінің айында бір жамбасына аунап ұйықтаған аюдың сол жамбасы енді мұз ызғары айықпаған селге, құрсаулы сызға шыдас бермейді. Алты ай қыс ұйқыдан аю өстіп оянады. Жеті Кеңгірдің суынан ұшқан жыл құстары лег-легімен Қорғалжын көлін паналайды. Көктал, Сарысу мен Атасу­дың ну қамысының іші толған ұяда жұ­мыртқасын шайқалтып қаз-үйрек, қу, ақбас тырна ұшып-қонады. Балқашқа жер астымен құятын То­қырауын өзені бойындағы ауылдан кел­ген дадан тобықты нағашысы құтты қонақ болып шықты. Жап-жазық жазиралы алқаптағы туған ауылына Ереймен оралды. Арап қырдың етегіндегі шағын ауыл жасыл еңісте, Сарысу өзенінің жа­ғасында орналасқан. Бір шеті қалың қорым. Ар жағы Бетпақтың баялышты шөлімен шектеседі. Ереймен 1939 жылдың күзінде әскерге алынып, ғайыптың құсындай із-түзсіз жоғалған еді. Соғыста ел оны өлдіге са­наған, ақыры жаназасы сыртынан шы­ғарылып, он шақты жыл ішінде жесірі Ақынай жұма сайын дұға тие берсін деп ырымын жасайтын. Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді деп отырушы еді кимешекті аналары жарықтық. Сол сөз расқа айналды. Өлген ер жер таңдамайды, есіл жар көмусіз қалды-ау деп қайғыланып жүргенде 1948 жылы жазғытұрым Ереймен отбасына қайтып оралды. Он шақты жыл қайда қаңғып жүргенін бір құдай біледі. Орыстың өрт шалған орманында фашиспен соғысып, неміске тұтқын болған екен. Ақынай сертіне берік келіншек еді. Өзі жоқтың көзі жоқ деп солқылдақ күй кешпеген. Мінезі адуын, атасы текті. Бір күнде басынан ұшқан бағы қайта қон­ды, қырық шырақты екен. Ақынайдың Ерей­менмен жылап көріскені елдің кө­кірек шерін ағытып, мүлгіген моладағы аруақтарды бір аунатып жатқызғандай болды. Арғында тегіне ақындық кие қонған Тоқаның қызы ғой, қайтқан қаз­бен қоса оралған күйеуіне жоқтау емес, қауышу жырын арнап, сұңқылдап бір басылды. Мұстафаның қызы Ақынай. Дауысы аталас ағайыны Сейфолланың Қарашіліктегі сәні қашқан тозыңқы қыс­тауына дейін жаңғырды. Үйірлі киік жосылғандай ащы зар азадан тәубе са­рынға ауысқан. Бұл ауылдың ескі аты Түгіскен. Мұнда бір-біріне бөтен адамдар жоқ, ынтымағы жарасқан, жағдайлары біркелкі жұрт. Ауылдағы қараша үйлердің тұрмысы бірдей, тақтай төселмеген тақырға киіз, сырмақ, текеметті жайып тастап, әрнені сылтауратып той қылуға әуес. Соғыс аяқ­талғалы елдің еңсесі көтерілген. Қа­ралы қағаз талай ошақтың түтінін өшіргелі бұлар тамшыдай қуанышқа лайым мұқтаж. Елдің бақ аңсаған мейірі мен пейілі соғыстан соңғы жоқшылықты сездірмей жіберуге татиды. Бұлар ше­тінен қонақшыл, ырду-дырдуды жандары сүйеді. Бірдің қуанышы көпке ортақ, жалқының қайғысын ел бір кісідей кө­тереді. Бұл ауылда жасырын дәнеңе жоқ. Тоқаның бір жасөспірім баласының кеудесінде Ақынай апасының сарыны сақталып қалды. Сарысудың құба жонында ауылдың тап іргесінен киік жиі жосылады. Сол замат әлгі ұлдың көзіне алтын киік елестеп кетті. Сарыны ғажайып жыр­ға сұқтанған болар. Анасы Ақторсық үйіне Ақынай апасы келсе отағасының апа-қарындасы емес, тап бір еркек кіндікті аға-інісіндей көріп, айрықша мәртебемен қонақ қылады. Ол асықпай екі-үш күн қона жатып кетеді, сонда анасы қатты қуанатын. Ақынайдың астына Ақторсық әуелі көгеріс өрнек жүргізген жаңа сырмақты жүкаяқтан алып төсеп, оның үстіне құрақ көрпені қалыңдап салғызып, бәйек болады. Екеуі аққұманды шоқтан түсірмей қанып ішіп, жылы-жұмсақты кертіп жеп, ұзақ әңгіме-дүкен құрудан жалықпайды. Ақынай тәтесі қолындағы жүзік, сақинасын үйде жүр­ген келіндеріне таратып береді.То­марлы сулардың басында ең алғаш қа­лыңдық болып, күйеу жігітімен оңаша жолыққанда салған күміс жүзікті өзі тағады. Алпысыншы жылдардың аяғына дейін бұл елде арақ ішетін адам сирек еді. Соғыстан оралғандар, майдан көрген бірен-саран қазақ арақ ішсе, ауылдың аңқау балаларына дүкен ішінде орыстың арағын сатып алып, әңгіме үстінде қырлы стаканмен қағып салып тұратын үлкендер мәдениетті тәрізденіп көрінетін. Себебі, олар география пәнінен оқитын картадағы қиян жерлерді, Еуропаның ірі қалаларын көзімен көріп, біліп келді. Соғыстан келгендер қаны бұзылып, тілерсектен қан кешкендер, оларға арақ ішу айып-шам емес деп ұғады ел. Контузия алмаса бұрын аузына татып алмайтын есіл ерлердің ащы су­ды ішіп не жы­ны бар. Уды у қай­та­ра­ды. Көзге кө­рін­бей­тін жара­қат­тары күн райы бұзылғанда сыз­да­са, арақтың уытымен жеңбекке жақсы деседі жөн білетіндер. Ереймен анда-санда арақ ішіп қояды. Ол совхозда қойшының көмекшісі, кей­де қарауыл болып, жеңіл-желпі жұмыс­тарды істейді. Өзі әңгімені көп айтпайды, сөзге сараң. Ереймен туған даласына табаны тиі­сімен қара жерге жата қалып аунаған. Иманақтың көкмұнар тауына жетіп, құлшылығын, ризашылығын құдайға күбірлеп айтуға асықты. Жебеуші ие адам күбірін тау арқылы естиді деп әкесі айт­қан өсиет сөз жадынан өшкен жоқ. Адам тауға, тау Тәңіріге айтады. Ол бір күні бұл тілегіне жетті. Жақпар тастың жиегінде отырып, тәубесіне түсіп, риза жүрегін ақтарды. Кеудесін қысқан ат басын­дай шер толқып шықты, соңы аппақ нұр­дай алғысқа ұласты. Төменгі ел жағалбайлының жайлауы­нан ішетін бал қымыз дәмін сағынатын. Ата-бабасының басқан ізі сонда сайрап жатыр. Бұл елдің малының сүті қою, күші шөптен, көкорай шалғын көгендегі қозы-лақтың арқасын жауып тұрады. Жас баланы көк құрақ жүргізбей қояды. Нұраға жетпей ағатын Құланөтпес пен Үшкөңнің суы бетегелі жасыл белдердің күміс белбеуіндей созылады. Арасы шоқ-шоқ тоғай өскен. Қызылтаудың қыналы тасынан бала құс бір құдай нәсіп еткен соң қарақатты, мойылды, бүлдіргенді өзекке құлдыраңдап ұшып шығатын. Бұлақ көп, бауыры жасыл. Ереймен арақ ішсе арқасы қозып, ерлік жасауға ұмтылғандай алға кимелеп: «За Сталина!» деп айқайлайды. Түсініксіздеу сөзінің кейі орысша, кейі немісше, уралаған дауысын ауыл түгел естиді. Әсіресе, мектептен қайтқан боқша арқалаған балалар үшін оның бұл тосын мінезі ерекше қызық көрінеді. Өзі мас, әншейінде бұйығылау, момын адамның құбылып шыға келгенін көргенде, бала біткен Ерейменнің қасында топырлап қарап тұрады. Көздеріне автомат асынып, қаптап, айнала қоршап келе жатқан фашистер елестеп кетеді. Жетімек балалар әке кегін аларман күй кешеді. Ұзамай Ереймен көкелері аузынан ақ көбік атып, жер сүзе құлайды. Сол жатқаннан мол жатады. Ағайын Ерейменнің ұстамасы бар екенін біледі, сұм соғыстан тапқаны. Ауылда жазда құм көшеді, ыстық жел аңызақ үрлейді. Күйеуінің мас болып сұлап жатқанын Ақынай дереу естиді. Ауызша хабар жасындай жарқылдап жылдам жеткіш. Арада анық бес минут өтер-өтпесте Ақынай адымдап үйінен шыққан. Қолында үлкен бақан. Бір жақ қолтығында киіз. Ана қаздай мамырлай, Ереймен құлаған тұсқа таянды. Соңында қаз балапанындай шұбырып, жеті баласы ілеседі. Ереймен жер ошағына аман оралысымен, Ақынай баланы едел-жедел туып тастаған. Балалары қолына бір-бір зат ұстайды, ересегі ауырына, кенжесі жеңіліне ие. Ұлдары самауыр, шелек, шот, қыздары көрпе, леген, дастарқан, аққұман, шынашақтайы болса қасық пен кесе әкеле жатады. Тамызыққа бұ­тарланған ағашты біреуі арқалаған. Ақынай денесі аса бір қапсағай, сүйегі ірі, еркек тұлғалы әйел. Ереймен сүйіп алған қосағының жарты денесіндей қағілез. Маңайда топырлап үймелей қа­латын аңдуыл бала атаулы аға қуыр­шақтай, апа еңгезердей қалпына таңырқай қараудан жалықпайды. Күн астында өлі ұйқыға батқан ерінің басына Ақынай жалғыз бақанмен қос тіккен. Бір жақ басы аша, ұзын ағашты киізбен екі-үш айналдыра ораса баспана дайын. Қастерлі қара қосқа түлкі тымағына мұз қатқан жылқышы жігіттер Арқаның ақтүтек, бөрілі аяздарында қыстап шыға беретін. Ерейменнің астына сырмақ, оның үстіне көрпе төсеп, қосағы ерін жас балаша көтеріп жұмсаққа жатқызады. Ереймен дым сезбей тастай қатып, ұзақ ұйықтайды. Бұл мезгілде оның балалары үнсіз қимылдап, шаруаны тап-тұйнақтай жайғап жіберер еді. Әрқайсысы өз ісін біледі. Бір ұл отын жақса, екінші ұл су дайындайды. Сырт көзге бұлар отбасымен ерігіп, қыдырып шыққан тәрізді әсер етеді. Самауыр сарқылдап қай­найды. Сол кезде Ереймен оянады, ыңыр­сып, беті-басы құм жабысып, албас­ты басқандай мыжырайып, біртүрлі шөгіп оянады. Ер­нінде, сақал-мұртында ақ көбіктің айғыз ізі қалған. Ақынай легендегі жылы сумен ерінің беті-қолын жуып, үсті­нің шаңын қағады. Енді ол күбірлеп, ішінен дұға оқып, ерін ұшықтайды, жер ұшық берген мезетті ерлі-зайыпты екеудің өз балаларымен қоса өзге балалар қалт жібермей бағып тұрады. – Қарағым, Ереймен, сен мы­на шаңырақтың тірегісің ғой, балалар қорқып қалды ғой, – деп тіл қатқан Ақынай. Ереймен ұяң жүзі төменшіктеп, ұялы көзін жерге салып, иіні түсіп отырады. Бала-шағасы мен жары­ның бетіне қарауға жүзі жоқ, жарытып ләм-мим демейді. Дастарқан жайылып, үстіне құрт, май, ірімшікпен қоса, оқта-текте қоржын арқалап кеп өзбек саудагер сататын науат деген тәтті қант қоса қойылады. Алыс­тан аңдыған кей баланың сі­лекейі шұбыратын тәтті. Се­бебі, өз аналары мұны таңсық ас ретінде сый қонаққа сақтап, әбдіренің түбіне тығып қояды.Науатты Ақынай етегіне түйіп әкеледі. Жанқалтасынан қант шаққышын суырып алып, қант кесегін ұсақтайды. Ерейменге Ақынай үш-төрт кесе шайды зорлағандай қылып, шөлі қан­ғанша ішкізеді. Ереймен кесе­сін төңкергенде самайынан тер саулайды. Ақынай жібек бет орамалымен оның терін сүртеді. Шай ішілген соң кестелі ақ дас­тарқан бүктеледі. Қостың ба­қа­нын жығады. Енді Ерей­меннің үрім-бұтағы қайтқан қаздай тізіліп, келген із­дерімен қараша үйіне қайта оралады. Ереймен үш-төрт ай жаң­ғырғанша арақ қырсыққа жоламайды. Бірақ ұстамалы дерті ішпесіне тағы қоймайды. Жылдың төрт маусымы тәрізді кезек айналып соғады. Ол бұл жолы ойпаң жерге тұнған қақтың үстіне құлады. Жер дымқыл, ауа сыз, тұманды күннің тұнжыры жер-көкті орап алды. Ақынай сырық бақанды бір қолына, киізді бір қолына іліп, лезде жеткен. Ері қояншық ұстағандай, аузынан ақ көбік атып, тілін шайнай құлаған. Қара жер Ерейменнің өлең төсегіндей, қара тас мамықтай көрінеді. Жасыл ойнаған кез болсын, күздің қара суығы болсын мейлі, көк күмбезі Ерейменге алтын шатыр. Төпеп жауған нөсерді елең қылмай құлайды. Жер бауырына басын салып, бұзылған күн райына бағынбай жата беруге ол дағды алған. Жанын аямайды. Қыстың үскірік дауылы Ерейменге түк емес сияқты, жаздыгүні көк майса көгалға аунауды жаны сүйеді. Бұта түбін жұмақтай көреді. Ереймен жығылса қас қаққанша күр­кесі тігіледі. Ақынай тап бір қауіп-қатер дабылын күтіп, қарауыл қараған аң­дуылдай шалт қимылдайды, әмәнда сақадай-сай отырады. Оның өңінде на­ра­зы ашудың табы түгілі, ырымға абыр­жып, үрей билеудің ізі білінбейді. Ақынай баласын қит етсе жаман сөзбен қарғайтын көк долы қатын емес. Ереймен не бүлдірсе де теріс қарамайды, күтім-бабын тауып, жарасып отырғаны. Ұл-қыздары қаршадайынан елгезек, еңбекқор, мейі­рім­ді, бауырмал-ақ. Мектептегі кілең оқу озаттары һәм үлгілі, зерек, тәртіпті бала­лар Ерейменнің үмбеті. Мас күйеуінің басына қорған болсын деп Ақынай жаппа қос тікті. Қос түбінде әлсін-әлсін тапжылмай өткізетін уақыт балалары үшін өтпестей көрінгенімен, олардың моп-момақан сүйкімді өңдерінен не үрку, не үрпиісе тосырқау сезілмес еді. Шетінен ойын жасындағы бала, бірақ қос басында алаңғасар еркелік сап тыйылады. Тіпті, өзара артық сөз айтуға рұқсат жоқ тәрізді үндемейді. Балаларының көкейінде осы бір өлара мезет масқара күй болып орнықпағаны құдайға аян. Алабөтен мезеттің әулет үшін әлдебір дегдар, қастерлі астары бар, сірә. Рас, сенің әкең мас болып шалшыққа, жас жапаға, күлге, құмға, тікенекке жығылып, есі ауысқан ми айналма жаман халде бет­алды лағып жатқанын қара деп ешкім иттүрткі қылып, бұлардың бетіне басып мазақтаудан аулақ. Контузия алса бәрінің әкесінің көрген күні осы болар еді. Әуелгіде үлкендеуі айдалаға безе жөнелгісі келген. Тетелестері өз қатары­ның алдында қорынып, жасып қалып жүрді. Құдай басқа салды, көну керек. Әкесі оянғанша қара қос пана боларын, қос ішінде дастарқан жайыларын қыл аяғы осы ауылдың күшігі біледі, бала атаулыға ілесіп, айналсоқтап шықпайды. Жез самауырын ақ патша заманынан бермен, кәнпескеде жер ошақта көмі­ліп тасталғандықтан сақталып қалды. Кезінде Мұстафа ақберен мылтықпен қосып, орыстың қаласынан ат-арбамен алдырт­қан құнды дүниенің бірі, Ақы­найдың жасауына берілген. Ереймен мастығы тарап, өңі қашып, арақтың уытынан қиналыңқы пішінмен оянады. Жастық дәурен өтсе де, ұя­лы көзі сол қалпы, томарлы судың басын­дағы бейнесін Ақынайдың жадынан өшіртпейді. Ереймен өң мен түстің арасында сен­деліп, соғыста бастан кешкен азабын арқалап, күйзеле бас шайқайды. Құдай қосқан қосағын Ақынай шешекке аунаған бұландай қылып, мәртебесін ханға тең­геріп, асырып-ақ жібереді. Самауырын қайнайды, Ерейменнің басы салбырап, енжар қалыптан арыла алмай, мәңгіріп отырады. – Ас батпайды, – дейді ол құмыға ақ­талған дауыспен, бірақ әйелі еріне қай­мақ жағылған таба нанның үзбе кесегін тықпалап отырып жегізеді. – Ереймен, сен асыраушысың, бала-шағаның күні саған қарап отыр ғой, әлденіп алмасаң болмайды. Көкеміз ауру-сырқаудан, пәле-жаладан, жалғанның жазымынан аман жүрсе деп тілек тілеуші бұлар, – деп бір маңғаз сөз айтады Ақы­най. Ерінің сенбеске амалы жоқ, кей сәт өзіне әйелі не үшін соншалық сенім артып отырғанына түсінбей қалады... Мең-зең күйден құтылғанша асығады. Түгіскенде жал-жал құм көшеді. Бет­пақдаладан сексеуілдің түбінен қаш­қан қаңбақ домалайды. Ол изенді, мық жусанды, бетегелі белдерді аңсағандай бөгелмейді. Киік құралай өргізген сал­қыннан соң құм арасынан нағыз көкорай шалғын, отты жерлерді байырғы із кесушілер оңай тауып алып, мал то­ғай­ғанша айдап кететіні бар. Киік көк­майса шөптің ең шұрайлысын таңдап жейтін жануар. Ер жігіттің ұрымтал шағы айналып келеді. Жер дүние қоса айналып, талып құлады. Жалғыз бақанмен тігілген қос Ерейменді сығанағы, жел өті, күн көзі, су тамшысынан қорғайды. Соғыстан оралмаған өңшең көкке шыққан өрімдей қазақ жігіттері, моласы қайда? Ақынай мұны ешқашан ұмытпайды. Ереймен ғайыптан құдіреттің күшімен оралған. Көктемде жыл құстары Атасу мен Сарысудың қамыстарын ұяға толтырып тастады. Су құстары көк айдында жүзе берсе бауырынан су өтпейді, қауыр­сын­дары қорғайды. Сол кездегідей өзен­нің ағыны күшті сағасында ана қаз төсінен тұмсығымен жұлып алып мамығын төсеген ұядан томпиған балапан­дар өсіп шықты. Ақынай өміріне дән риза. Бақанмен тігілген мына қосына Қыдыр қоса қонар­дай елегізиді. Көршінің уыздай жас келіні бөпесін емізіп болып, бесік тербетіп отырған. «Бөпешім, бесік отауың, отауыңа кір бөпем...» – деп әлдилейді. Жас бала құс­тың көлеңкесінен тоңады. Ана әлдиі баланы қымтай түседі. Сол маңда Ақынайдың қара қосы бой көтерген. Ереймені қа­сында, дарияның суына шомылып шық­қандай, аршыған жұмыртқадай бекзат қалпында әйелі ұстатқан зерлі кеседен ұрттап ішіп отырған. Мәңгірген, күй­зелген күйінен тез арада айығып кетпе­генімен, Ереймен тік отыруға тырысады. Әрқашан осы кейіп, әйелінде зіл, күйеуін­де үн жоқ. – Бәріміз бір саған сеніп, шүкір деп отырмыз. Сен болмасаң күніміз қараң, Ереймен. Балаларды ырыс-несібесінен айырма, құдай ұзағынан сүйіндіруге жазсын! Ақынайдың еш кейісі жоқ маңғаз мінезі, айнала жыпырлаған балалары...Ереймен өзінің иттігіне налып, өзегін өкініш кернеген күйі көзімен жер шұқи береді. Кей сәтте қос жығылып, кері қайтқанда, Ерейменнің аяғы басуға жарамай қалады. Сонда Ақынай бақанды бір қолына, бір қолына киізді күйеуімен қосып көтеріп үйіне әкеледі. Соңында томпиған сүйкімді балалары, ел оларды Ораздының ұл-қызындай деп мадақтап жатады. Сол түні бұл ауылдың шырқы бұзыл­мады, аулақта көлбұқа әупілдейді, киік маңырайды. Ерейменнің уызына жарыған ақтомпақ балалары бейбіт ұй­қы құшағында балбырайды. Отағасы ендігәрі арақ шіркінді ұзақ уақыт татып алмайды, ұстамасы ұстамай... ішпейді. Той-домалақ, алқалы жиын болса, ауылдың сыйлы ақсақалдарымен бірге Ереймен төрге шықты. Ерейменнің ша­ңырағы ел қатарлы қымызмұрындық береді, соғым сайын ел-жұртты тегіс ша­қырып, омыртқа береді. Өздері де ағайын-туыстың дәмінен құр қалмайды. Жылқышы Жайлыбай жездесі жасөрім баласымен Ерейменнің қараша үйінен сый-сияпат көрмей шыққан емес. Бұл ауылдағы ең үлкен той осы үйде өтеді, екеуінің ырыздығы ортаймайды, қазаны қаңсымайды. Атажұртында, іні-бауыр, апа-сіңлі, нағашы-жиен, құда-жекжатпен сый­ластығы үзілмеген күйі мерзімі жеткенде Ереймен де, Ақынай да фәниден бақиға озды. Ерейменнің соқтықпалы, аумалы жарымжан кезін адал жардың арқасында айнала көріп отырса да, ел аңдамай, мүлт жіберіп алушы еді. Екеуінің ұл-қызы керемет болып есейді, шетінен оқыған, көргенді, адал. Ел басқарған байсалды, білімді азаматтарға айналды. Ерейменнің ұрпағы көтерілді. Отағасы қайтатын жылы Сарысудың көк өзегінде кең алқапта мыңдаған ақ­бас тырна орылған егіннен қалған масақтарды теріп жеп, талған қанаттарын жазып, түн асырмаққа қонақтаған. Жылы жаққа ұшып бара жатқан тырналар аял қылады, көктемде қайта оралғанша туған жерге риза, қош деп аттанады. Көктегі жұлдыз сирегенше мүлгіген көркем тыныштық әлемге ауамен таралады. Қазанның жетісі еді. Ақбас құстардың құраулаған үні көкжиекке сіңді. Айгүл Кемелбаева