• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
29 Сәуір, 2016

«Қазақстан барысы» – бабалар дәстүрі

227 рет
көрсетілді

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Ахыска» түрік этномәдени бір­лес­­тігінің төрағасы, қалалық мәсли­хат­­­тың депутаты Зиятдин Касановтың демеу­­шілігімен «Нұр Отан» партиясының Ала­­тау аудандық филиалы және аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан барысына» іріктеу турнирі өтті. Доданы ұйымдастырудағы басты мақсат: ұлт денсаулығын нығайта отырып, жастарды спортқа баулу. Сонымен қатар, кешегі тау көтерген алып батыр бабаларымыздың рухын дәріптеп, халқымыздың салт-дәстүрін өркендету. Алматыдағы жаңадан құрылған Алатау ауданы «Ұлжан» шағын ауданындағы №152 мектеп-гимназиясында Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін ұлттық спорт түрі – қазақ күресінен «Қазақстан бары­сы» республикалық турниріне аудан бойынша іріктеу жарысы өтті. Жыл сайын өткізіліп тұратын бұл додаға биыл ниет біл­дірушілердің қарасы көп болды. 1985-1995 жылдар аралығында дүниеге келген жігіттер білек сыбана кіріскен жарыстың нәти­же­сінде бірінші орынға Әлімжан Жұмахметов ие болса, екінші орын Мағжан Сейітханға бұйырды. Ал үшінші орынға Данияр Бектұрсынов табан тіреді. Іріктеуден өткен спортшылар 2 мамыр күні «Балуан Шолақ» атындағы спорт сарайында өтетін қалалық іріктеуге жолдама алды. Бұл балуандарымызды алда әлі талай үлкен дода күтіп тұр деген сенімдеміз. Сондай-ақ, қайырымдылық жасап, көмек қолын созуды дәстүрге айналдырған Зиятдин Касановтың ұйымдастыруымен Медеу ауданындағы «Ритм» мейрамханасында Мұхаммед пайғамбардың туған күні – «Мәуліт» мерекесіне орай өткен конференция соңынан ас берілді. Аталған іс-шараға Түркияның Алматыдағы Бас консулы Рыза Каган Йылмаз, Алматы қаласының имамы Нұрбек Есмағанбет, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Түркиядан келген қонақтар және З.Касановқа өз сенімдерін білдіріп, мәслихат депутаттығына сайлаған Алатау ауданы 26-округінің тұрғындары қатысты. Іс-шара соңынан келген қонақтарға естелік сыйлықтар, Құран кітаптары табыс етілді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ