Жуырда «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының бас директоры Құрманғазы Есқазиев елімізде іссапармен жүрген Eni S.p.A компаниясының аға вице-президенті – барлау өндіру жөніндегі бас директоры Антонио Велламен кездесті.
Eni S.p.А – мұнайды зерттеу, тасымалдау және игерумен, базалық май және қоспа өндірісімен, сондай-ақ, блендинг пен тауарлық майды бөлшектеп өлшеумен айналысатын әлемдегі санаулы мұнай компанияларының бірі. Дүниежүзінің 70 елінде бизнес жүргізіп отырған компанияда 76 мыңдай адам жұмыс істейді. Осындай ірі компанияның өкілімен кездесу екі тараптан да ресми сипатта өтті. Кездесуге аталмыш шетелдік компанияның Орталық Азия бойынша вице-президенті Даниелле Верторелли мен Қашаған, Қарашығанақ жобалары жөніндегі басқарушы директоры Лука Виньятти қатысқанын атап өту қажет.
Кездесу барысында Антонио Велла Құрманғазы Есқазиевты «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры лауазымына тағайындалуымен және «Қазақстан Республикасы көмірсутегі әлеуетін ғылыми негіздеу» тақырыбындағы жұмыстар циклі үшін Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлық – жоғары марапатын алуымен құттықтады.
Әріптестер «ҚМГ» БӨ» АҚ және Eni S.p.A-ның екіжақты қарым-қатынас ынтымақтастығының өзара тиімділігі жайын, атап айтқанда, барлау және өндіру саласындағы жаңа технологиялар, қызметкерлерді басқару және мамандар әлеуетін дамыту, сондай-ақ HR қызметі жұмыскерлері арасында тәжірибе алмасу туралы мәселелерді талқылады. Бұдан басқа, тараптар корпоративтік басқаруды жақсарту мәселелері бойынша пікір алмасты.
Айта кетейік, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ компаниясы былтырғы жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі жағынан еліміздегі көшбасшылардың үштігіне кірді. Дәлірегінде мұнайдың дәлелденген және болжамды қорларының көлемі бірлескен кәсіпорындардағы үлесті есептемегенде 2015 жылдың соңындағы жағдай бойынша 152 млн. тоннаны құрады.
Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»