• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2016

Радио – көңіл күй барометрі

501 рет
көрсетілді

Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақ радиосының 95 жылдығы мен «Шалқар» радиосының 50 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Шараға қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, радио ардагерлері қатысып, бейнетаспа арқылы радио тарихының өткені мен бүгінін ой елегінен өткізді. Басқосуда Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосының қоғамдағы орны, мәдениет пен өнерді дамытудағы рөлі тура­лы тұшымды сөз қозғалды. Содан соң Қазақ радиосының директоры Махат Садық, Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры Үмітхан Мұңалбаева, сенатор Әділ Ахметов, Парламент депутаты Алдан Смайыл, зиялы қауым өкілдері Сұлтан Оразалин, Ғаділбек Шалахметов, Несіп­бек Айт­ұлы, т.б. қайраткер­лер мен радио ардагерлері аталған мерейтойларға байланысты өз пікірлері мен жылы лебіздерін білдірді. Шара барысында Қа­зақ радиосы мен «Шалқар» радио­сының өнерпаз қыз-жігіттері өз өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ, шара аясында «Қазақтың үні – қазақ радиосы» атты тақырыпта кітап-иллюс­трация көрмесі өтті. Айта кетейік, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Намазалы Омашевтің «Қа­зақ радиосына қанша жыл?» атты зерттеу мақаласында: «Қа­­зақ АКСР Халық комиссар­лар кеңесінің 1921 жылғы 29 қыркүйектегі шешімінің рес­публикалық радионың дүниеге келуіне тікелей әсе­рі болды. Онда қазан айынан бас­тап Орынбордағы радио­станция арқылы күн сайын 1600 сөзден тұратын өздері да­йындаған радиобюллетеньді рес­публикаға таратуға құқық беріледі. Ендеше, 1921 жылдың қазан айын республикалық Қазақ радиосының туған күні деп атауға толық негіз бар», – деп жазады. Ал 1966 жылы 1 қаңтарда да­уылпаз диктор Әнуарбек Байжанбаев ақпаратты-сазды «Шалқар» бағдарламасының дүниеге келгенін эфирден қуана хабарлаған болатын. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»