Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақ радиосының 95 жылдығы мен «Шалқар» радиосының 50 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Шараға қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, радио ардагерлері қатысып, бейнетаспа арқылы радио тарихының өткені мен бүгінін ой елегінен өткізді.
Басқосуда Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосының қоғамдағы орны, мәдениет пен өнерді дамытудағы рөлі туралы тұшымды сөз қозғалды. Содан соң Қазақ радиосының директоры Махат Садық, Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры Үмітхан Мұңалбаева, сенатор Әділ Ахметов, Парламент депутаты Алдан Смайыл, зиялы қауым өкілдері Сұлтан Оразалин, Ғаділбек Шалахметов, Несіпбек Айтұлы, т.б. қайраткерлер мен радио ардагерлері аталған мерейтойларға байланысты өз пікірлері мен жылы лебіздерін білдірді. Шара барысында Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосының өнерпаз қыз-жігіттері өз өнерлерін ортаға салды.
Сондай-ақ, шара аясында «Қазақтың үні – қазақ радиосы» атты тақырыпта кітап-иллюстрация көрмесі өтті.
Айта кетейік, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Намазалы Омашевтің «Қазақ радиосына қанша жыл?» атты зерттеу мақаласында: «Қазақ АКСР Халық комиссарлар кеңесінің 1921 жылғы 29 қыркүйектегі шешімінің республикалық радионың дүниеге келуіне тікелей әсері болды. Онда қазан айынан бастап Орынбордағы радиостанция арқылы күн сайын 1600 сөзден тұратын өздері дайындаған радиобюллетеньді республикаға таратуға құқық беріледі. Ендеше, 1921 жылдың қазан айын республикалық Қазақ радиосының туған күні деп атауға толық негіз бар», – деп жазады.
Ал 1966 жылы 1 қаңтарда дауылпаз диктор Әнуарбек Байжанбаев ақпаратты-сазды «Шалқар» бағдарламасының дүниеге келгенін эфирден қуана хабарлаған болатын.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»