бір арнада екі түспен ағады
Алматы халықаралық әуежайы маңында түйісетін Жарбұлақ пен Кіші Алматы өзендері табиғаттың тамаша құбылысымен тұрғындарды таңдандырып отыр. Құлдилап аққан қос өзен бір арнада түйіскенде екеуінің суы бір-бірімен араласпай, екі түрлі реңкпен ағуда.
Қаланың әр түкпірінен арнайы келіп тамашалап жатқан халықты таңғалдырған көріністі белгілі эколог Мэлс Елеусізов «табиғаттың тосын құбылысы» деп бағалап отыр. Оның айтуынша, өмірде мұндай құбылыстар сирек те болса кездесіп тұрады. Екі түрлі реңкпен ағатын өзендер таулы жерлерде көп ұшырасады екен. Себебі, бір өзеннің бастауы бұлақтан мөлдір қалпында ақса, онымен түйісетін келесі бір өзен алыстан ағып келуі себепті, сондай-ақ, жол бойында жарқабақтардың сазымен араласа отырып мүлдем өзге реңке боялады. Нәтижесінде құрамдары ұқсас, тіпті, бірдей екі өзеннің бірігіп аққан ағысы түрлі реңкке боялмақ.
Өзен суының бұлай мінез танытуына ағын судың қосылар сағасының да орналасқан орны әсер етеді екен. Дегенмен, аталған өзеннің екі түрлі реңге боялып ағатыны табиғаттың ерекшелігі болса керек!
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ