• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
01 Мамыр, 2016

Алматыда Қожа Ахмет Ясауи мұраларының көрмесі ашылды (фото)

661 рет
көрсетілді

АЛМАТЫ. 1 мамыр. Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада сопылық поэзияның негізін қалаушы, ақын, философ Қожа Ахмет Ясауидің 850 жылдық мерейтойы аясында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының ұйымдастыруымен «Ясауи мұрасы – мәңгілік мұра» атты көрме ашылды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Көрме үш бөлімге топтастырылды. Бірінші бөлімге Қ.А.Ясауи нәр алған Құран, хадис, тәфсирлер кітабы қойылды. Қазан, Ташкент, Бұқара, Самарқанд баспаларынан шыққан Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен іліміне қатысты «Диуани хикмет» кітабының көне қолжазба нұсқалары, «Мират-ул Қулуб», «Фақырнама» еңбектері екініш бөлімнен орын алды. Көрменің үшінші бөлімінен – Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті Сүлеймен Бақырғанидің «Диуан» кітабы, Шейх Худайдад Таш-Мұхаммед әл-Бухаридің «Бустан уль-Мухиббин» қолжазбасы, Имам Мағруди, Хожа Хафиз, Құл Азим шығармалары, сопы Аллаярдың араб, түркі тілдерінде жарық көрген еңбектері, ХІХ ғасырдан жеткен киелі кесене мен Түркістан қаласының көріністері жайлы сыр шертер фотосуреттермен танысуға болады. Көрменің ашылуына отандық ясауитанушы, ақын мұраларын жинақ етіп шығарушы ғалымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері және қала қонақтары қатысты. «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының директоры Ж.Әубәкір биыл еліміз үшін айтулы мереке екендігін, Ясауи мұрасына қатысты шараны да осы киелі шаңырақта өткізудің өзіндік мәніне тоқталып, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына арнайы сый-сияпат жасады. Көрме экскурсиясы аяқталған соң келген қонақтар Ясауи мұраларына қатысты ой-толғамдары мен ұсыныс пікірлерін ортаға салды. «Дөңгелек үстелді» белгілі ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі жүргізді. Ясауитануға сүбелі үлес қосқан «Диуани хикмет» кітабын елімізде алғаш рет қазақ тіліне аударған М.Шафиғи, С.Дәулетұлы мен сопы ілімін зерттеушілер А.Смақова, Ғ.Қамбарбекова, Ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар бөлімін ұзақ жыл басқарған Г.Кәрілер сөз сөйлеп пікір аласты. Көрме келушілерге бір ай бойы қызмет көрсетеді. Талғат Сүйінбай. Дерек, фото: egemen.kz.