тек еліміз халқына ғана рұқсат етіледі
Қазақстан мемлекетінің алдында тұрған негізгі міндет – ол ел экономикасының тиімді және ішкі өнім өндірісі көлемін жедел арттыратын мультипликативті салаларын дамыту. Сондай сала – ол ауыл шаруашылығы, яғни бұл сала, ел экономикасы дамуының драйвері болуы тиіс. Осы мақсатта біз орын алған мәселелерді шешу үшін аграрлық саясатты, ауыл шаруашылығы саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруіміз қажет.
Алдымен, Қазақстан экономикасының аграрлық секторындағы жер қатынастарының бүгінгі ахуалына тоқталайық. Қазақстан әлемде жер аумағы бойынша 9-орынды иеленеді және жан басына шаққанда Австралия, Канада елдерінен кейін 3-ші орын алады. 261 млн. га жердің 215 млн. гектары бұл ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер. Осы жерлердің жартысынан азы ауыл шаруашылығында пайдаланылады. Соңғы 20 жыл ішінде егістік жерлердің құнарлығы 20-30 пайызға төмендеді, суармалы жерлер көлемдері 2,5 млн. га-дан 1,1 млн. гектарға қысқарды. Бұл жерлерді шартты түрде алқапқа айналдыратын болсақ, 7,0-8,0 млн. гектар жер айналымынан шыққанын көрсетеді. Ал егер де ең кем дегенде 1 гектар суармалы жерден 15 центнер өнім (астық) алатын болсақ, жыл сайын 1 млн. тоннадан астам астық алынбай отыр деген сөз. Тозған жайылымдардың көлемдері жалпы алқаптардың 50 пайызын құрайды. Жерлердің шамамен 8 пайызы өнеркәсіптік қалдықтармен ластанған, сондықтан топырақтың құнарлылығын сақтаудың экологиялық мәселелері ерекше назар аударуды талап етуде.
Ауылшаруашылық жерлерді тиімсіз пайдаланғанның нәтижесінде, бүгінгі күні жер иеленушілердің меншігіндегі 18 мыңнан астам жер учаскелері, жалпы көлемі шамамен 7 млн. га құрайтын жерлер айналымнан шыққан. Сондықтан, тез арада ауылшаруашылық жерлерді қалпына келтіру және тиімді пайдалану үшін арнайы бағдарлама, сонымен қатар, оған қосымша заңнамалық нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу қажет. Топырақтардың құнарлығын қалпына келтіру мемлекеттің басты міндетіне айналуы тиіс.
Парламенттің Жер кодексіне енгізген өзгерістері мен толықтыруларының 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енуіне байланысты, жерге деген меншік құрылымы түбегейлі өзгеріп, оны пайдалану тиімділігі артатын болады.
Шетелдердің тәжірибесіне сүйенетін болсақ, ауыл шаруашылығындағы жер қатынастарын реттеу жерді тиімсіз пайдаланатын жер иелеріне бағытталған. Мысалы, Германия, Ұлыбритания, Люксембург, Грекия мемлекеттерінде ауылшаруашылық жерлеріндегі жалға алу қатынастарын реттеуге көп араласпайды, ал Франция, Испания, Италия, Португалия, Нидерланд, Бельгия елдерінде бұл мәселеге көп назар аударады. Бұл елдерде жер иеленушілердің көпшілігі өз жерлерін өздері өңдемейді, ауылшаруашылық жерлер негізінен жалға беріледі. Мысалы, АҚШ-та ауылшаруашылық жердің – 40, Еуроодақта – 48, оның ішінде Бельгия, ГФР және Францияда – 60-тан астамы, Люксембургта – 53, Швецияда 45,2 пайызы жалға беріледі. Бұл елдердің заңнамасында жалға берудің ең төмен мерзімдері анықталған.
Дегенмен, барлық елдерде мемлекет жалға алушылардың құқықтарын төмендетпейді, бірақ жер иеленушілердің мүдделерін қорғай отырып, ауыл шаруашылығындағы жалға беру қатынастарын қатты қадағалайды. Бұл жерде жермен байланысты алыпсатарлыққа, жер учаскелерін бөлуге, мирасқа қалдыруға, жердің бір адамның ғана қолында қалып қоюына жол берілмейді. Мемлекет тарапынан топырақ құнарлылығына тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Олай болмаған жағдайда, жер мемлекет меншігіне қайтарылады.
Тура осындай мақсат Қазақстанда да қойылып отыр. Жер кодексінің 24-бабына сәйкес, азаматтар мен заңды тұлғалар жерді жеке меншігіне сатып алуларына болады. Осындай құқық шетел азаматтарына берілмейді. Олар жерді тек уақытша пайдалану үшін жалға ала алады.
Қазақстан азаматтары жерді жалға ала отырып, жердің кадастрлық құнның 50 пайызына дейін жеңілдетілген баға бойынша сатып ала алады және бұл соманы 10 жыл бойы бөліп-бөліп төлеуіне жол беріледі.
Бұл жерден туындайтын сұрақ: «Шетел азаматтарына жер жалға неге 25 жылға беріледі?».
Қазақстанның ауылшаруашылық жерлерін Еуропа елдерінің жерлерімен салыстыруға болмайды. Оған себеп Қазақстанның топырақ-климаттық жағдайлары мен ауылшаруашылық жерлердің құнарлығы едеуір төмен. Осыған байланысты, ауылшаруашылық дақылдардың түсімділігі ол елдерге қарағанда, 2-3 есе, ал кейбір жылдары 5 есеге дейін төмен болады. Сондықтан жерді жалға алған шетелдіктер өздері салған инвестицияларын қайтару үшін кем дегенде 25 жыл жұмыс жасауы керек, сондықтан да бұл мерзім Жер кодексінде көрсетілген.
Тағы бір сұрақ, егер жерді жекеменшігіне сатып алған Қазақстан Республикасының азаматтары немесе заңды тұлғалары оны шетелдіктерге сатқысы келсе, мүлік 3 ай ішінде меншіктен шығып, немесе бұл жер уақытша жер пайдалану құқығына (25 жыл) қайта ресімделуі керек. Егер 3 ай ішінде олар уақытша жерді пайдалану құқығына ресімдемейтін болса, жергілікті атқарушы органдар берілген жерді қайтарып алу бойынша сотқа жүгіне алады. Бұл ереже басқа елдердің азаматтығын алғысы келген қазақстандықтарға да қатысты. Олар жерді Қазақстан Республикасы азаматының атына аударуы тиіс немесе шетел азаматы ретінде 25 жылға жалға ресімдеуі керек және оны тек нысаналы бағытта ғана пайдалануы тиіс. Республиканың шекаралас аудандарында жерді шетелдіктерге жалға беруге мүлдем жол берілмейді. Сондықтан да, Қазақстанда шетел азаматтарының ауылшаруашылық жерлерді жекеменшікке сатып алуына жол берілмейді.
Азаматтығына қарамастан, барлық жер пайдаланушыларға қойылатын тағы да бір талап – жердің топырақ құнарлылығын арттыруға бағытталған агротехникалық ережелерді қатаң сақтау, сақтамаған жағдайда, жер мемлекет иелігіне қайтарылады.
Бүгінде ауылшаруашылық жерлер қазақстандықтарға 49 жылға жалға беріледі. Егер жалға алушы иеленіп отырған жерін сатып алғысы келсе, ол жерді сатып алуда аукциондарға қатыспай, жеңілдетілген баға бойынша бірінші болып, жоғарыда айтылғандай, 50 пайыз жеңілдікпен және бағасын 10 жылға дейін бөліп төлеу құқығына ие болады.
Қазақстанның жеріне иелік ету тек Қазақстанның халқына ғана рұқсат етіледі. Бұл біздің мемлекеттің басты қағидасы және нақты ұстанымы.
Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҰҒА академигі
АЛМАТЫ