Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің «Ғылыми кітапханасында» Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қолдауымен БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхит аймағындағы экономикалық және әлеуметтік кеңесінің (ЕSCAP): «Азия және Тынық мұхит аймақтарында экономикалық және әлеуметтік зерттеуді іске қосу: 2016 жыл» атты дөңгелек үстел өтті.
Экономикалық тұрғыдан маңызды бұл іс-шара, тек біздің елімізде ғана емес, бұған дейін Азияның бірқатар елдерінде өткізілгенін атап өтуге тиістіміз. ЕSCAP БҰҰ-ның әлемдік аймақтардағы экономикалық және әлеуметтік саланы қамтитын бес ұйымының бірі саналады. Штаб-пәтерлері Бангкокта (Тайланд) орналасқан.
Жиын барысында, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Алматы бөлімшесінің орынбасары Сергей Токтаров, Біріккен Ұлттар Ұйымының жалпы және ЕSCAP-тың хатшысы Шахмад Актар арнайы дайындалған бейнематериалдар әлем және Азия аймағындағы елдердің бүгінгі экономикалық хал-ахуалы туралы баяндады. Солтүстік және Орталық Азия аймағындағы ЕSCAP бюросының кеңесшісі Николай Помощников, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілі Дидар Жәкенов, Алматы қаласы әкімдігінің «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ-тың вице-төрағасы Айдос Жексенбай, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі зерттеу және статистика департаментінің директоры Виталий Тутушкин баяндама жасап, есеп берді.
Қазіргі Қазақстан экономикасының қарышты алға басуына әлемдік дағдарыс кері әсерін тигізбей жатқан жоқ. Осы туралы ортақ пікірлер назарға ұсынылды. Көршілес Қытай және Ресей мемлекеттерімен экономикалық байланыстардың көкжиегіне шолу жасалды. Сонымен қатар, Азия елдерінің мәдени және экономикалық тығыз байланыста болуы қандай да бір қиыншылықтарды жоюға мүмкіндік беретіндігі туралы да келелі ойлар ортаға салынды.
Қымбат ТОЙЛЫБАЙ,
журналист