Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Статистика агенттігінің кеңейтілген алқа отырысы болып өтті. Мәжілісте агенттіктің өткен жылғы жұмыс қорытындылары талқыланып, биылғы жылға белгіленген негізгі бағыттары мен міндеттері анықталды. Аталған жиында негізгі баяндаманы Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов жасады.
2010 жылы агенттікте мәліметтерді пайдаланушылардың статистикалық ақпараттарға және дамудың стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылған. Сондай-ақ өткен жылы 189 статистикалық байқау өткізілді.
Ел Президентінің «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы және еліміздің 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының іске асырылуын мониторингілеу мақсатында агенттік аталған бағдарламаның мақсатты индикаторын білдіретін статистикалық көрсеткіштер тізбесін әзірлеген. Сонымен бірге тоқсан сайын «Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының көрсеткіштері» бюллетені қалыптастырылмақ.
Ел Үкіметінің қолдауымен агенттік «е- статистика» жүйесін іске асыру бойынша жұмыстар жүргізсе, бұл статистикалық деректерді жинау, өңдеу және тарату барысын автоматтандырудың жаңа деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. «Деректерді он-лайн режімінде жинау», «Ақпараттық талдамалы жүйе», «Әкімшілік деректер қоры» ақпараттық жүйелерін жасау кезең-кезеңмен енгізу басталған.
Осы ретте өткен жылда болған маңызды оқиғалардың бірі – 2009 жылғы халық санағының соңғы қорытындыларын шығару және 2010 жылы 16 желтоқсанда 16 жинақтың жариялануы болды. Қазіргі таңда жинақтардың электронды нұсқалары агенттік сайтында орналасқан.
Агенттік 2011 жылға Жаһандық халықаралық салыстырулардың кезекті раундының дайындық іс-шараларын іске асыру, коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға беру бағаларына статистикалық есептілік енгізу секілді жұмыстарды жоспарласа, биылғы 1 шілдеден бастап Кеден одағы аясында кедендік ресімдеуді жою жағдайында өзара сауда бойынша жаңа статистикалық байқау жүргізу де агенттіктің алдағы уақытта атқарар жұмыстары қатарында тұр. Сонымен қатар «Мульти-индикаторлық кластерлік зерттеудің» 4-ші раундының қорытындыларын шығару жұмыстарын аяқтау мен өзге де маңызды міндеттерге қол жеткізу жоспарланған.
Басқосуда ведомство басшысы Ә.Смайылов еліміздің статистикалық жүйесін жетілдіру үшін 2010 жылы Бүкіләлемдік банктен 20 млн. доллар көлемінде заем алу бойынша жұмыстар басталғанын, сондай-ақ жобаның негізгі мақсаты республиканың барлық статистикалық жүйесін, оның ішінде статистикалық жұмыстарын халықаралық тәжірибелерге сәйкес жетілдіру болып табылатынын айтты. Агенттік төрағасының айтуынша, осы күндері жоба Экономикалық даму және сауда, Байланыс және ақпарат министрліктерінің экономикалық оң бағалауын алған. Қаржы министрлігінің барлық ескертпелері жойылса, енді Бүкіләлемдік банкпен келіссөздерді бастау үшін Республикалық бюджеттік комиссияның шешімі қажет екен.
Статистка агенттігінің алқа отырысын қорытындылаған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қазіргі таңда елде «Электронды Үкіметті» дамыту мәселесіне баса көңіл бөлініп отырғанын және бұған қажетті ресурстар да жеткілікті екенін айта келе, Статистика агенттігі бұл ретте базалық мәліметтердің біркелкі болуын назарда ұстауы қажет екенін жеткізді. Сонымен бірге ол агенттік өкілдерінің статистикалық мәліметтің барынша дәл және біркелкі болуына күш жұмылдырғандары абзал дегенді де қаперге сала келіп, статистикалық мәлімет неғұрлым дәл болса, басқару шешімі де соғұрлым тура болады дегенді де назардан тыс қалдырмады.
Отырыста Үкімет басшысы Статистика агенттігінің аймақтардағы өкілдіктерінің жергілікті атқарушы органдар тарапынан қысым көріп отырғанын , осы тұста олардың жергілікті билік тарапынан сөз естігісі келмейтінін айта келе, соған қарамастан агенттік өкілдеріне өте дәл және тура ақпарат берудің маңызды екенін міндеттеді. Өйткені еліміздің қандай да бір аймағында, мәселен, бағаның өсу жағдайлары орын алған кездерде біз аталған мәселе бойынша жедел шешім қабылдай алуымыз керек, деді Кәрім Қажымқанұлы.
Алқа мәжілісінің қорытындысында Үкімет басшысы мен агенттік төрағасы арасындағы 2011 жылы агенттіктің алдына қойған мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуіне бағытталған меморандумға қол қойылды.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.